Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРМАҚ САЛҒАННЫҢ САҒЫ СЫНБАЙДЫ

ҚАРМАҚ САЛҒАННЫҢ САҒЫ СЫНБАЙДЫ

Елбасы Н.Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Бес әлеуметтік бастамасын» жария еткен болатын. Есеп-қисабы мұқият жасалған Президент Үндеуіндегі көтерілген бастамалардың барлығы елдің еңсесін көтеретін, әлеуметтің әлеуетін арттыратын бағдарлама. Кемел келешектің кепілі болған Үндеуде ұсынылған төртінші
бастама шағын несиелендіруді арттыру хақында болды. Бұл – өз кезегінде кәсіпкерлікпен айналысам деушілердің көңіліне қуаныш ұялатқаны айқын.

Әңгіменің әлқиссасын былай бастауы­мыздың себебі де осы кәсіп­керлік. Уақыт өткен сайын кәсіпкерлік қанатын кеңге жайып, ауданымызда шағын және орта бизнес нысандарының саны артып келеді. Бұл көңіл қуантатын, ақжолтай ақпар. Өзін және өзгені тұрақты әрі нәтижелі жұмыспен қамтып отырған сол кәсіпкерлерге мемлекеттен мейілінше қолдау көрсетіліп келеді. Бұл – Елбасы Жолдауларынан кейін жарқын көрініс тауып, Үндеулерінен кейін үлкен үміт оятып келеді.
Шұғылалы көктем шыға көпшілік­тен кең қолдау тапқан Үндеуді мақала кейіпкері Иса Төлеуов ерекше қабылдады. Кәсіпкер Иса бүгінде кәсібін жандандыруды жолға қоймаққа ниеттеніп жүрген азамат. Әлбетте, ықыласы бар ырысқа кенелетіні белгілі. Сол ынта мен жігерді жасытпай, қам жасағанды қаржылай қолдап отырған мемлекеттің кәсіпкерлікті барынша қолдауы Иса секілді қанша азаматтың арманын ақиқатқа айналдырып келеді. Балықтан береке тапсам деген кәсіп иесі алғашында үй маңындағы жыл сайын ыза су жиналатын жерді тиімді мақсатта пайдаланбаққа ниет қылып, білек түреді. Ызасы күн жылт етсе өңменіңнен өтетін сол ескі каналдың орнын арнайы техникамен қаздырып, жоғарыдан өтетін каналдан 27 метр және қашыртқыға қарай 37 метр құбыр тартып, су айналымын жасайды. Осылайша, су алқабына айналдырып, күріш алқабында қалған шабақтар мен балықтарды әкеліп тас­тай берді.
Барлық істе тәжірибе керектігі белгілі. Бастапқыда бұл шаруаның маманы болмағандықтан тірлігі түрленіп кетпегенін жасырмады кейіпкеріміз. Балықтарға жайлы жағдай, жайылым жайын қарастырмағандықтан көбі қырылып қалған кездерде болған. Бүгінде бұл шаруаның жілігін шаққан Төлеуовтар отбасы балықтың бабын бір кісідей-ақ біліп қалды. Барлығы тәжірибемен келеді. Былтырғы жылы 1 тоннаға жуық балық алған Иса Оразайұлы алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырғаны анық. Сонымен қатар, бірнеше адамды жұмыспен қамтып, кәсібін кемеліне жеткізіп, қызмет көрсету саласымен де айналысуды басты мақсаты етіп отыр. Өз көлінің жанына жазғы демалыс орнын ұйымдастырмақ ойы да ұтымды ұмтылыс. Бұл да өз кезегінде маусымдық жұмыс орындарының ашылуына сеп болмақ.
Балықпен қатар қаз бен үйрек, қоян асырауды қолға алған Иса мұның барлығын бастапқыда өз жанының рақаты үшін бастаған еді. Ауысымдық жұмысынан келгенінде айналысатын тірлігі бүгінде түрленіп келе жатқан кәсіп болды. Бұл жерде бір «әттеген-ай» дейтін тұсы бар. Шиелі ауданы су айдындары мен көлге мейілінше бай өңір. Балық шаруашылығымен айналысуға қолайлы. Қармақ салғанның сағы сынбайды. Әрине, балық шаруашылығы дамып, кооператив құрылып жатқаны бізді қуантады. Енді соны өзімізде өңдеу өнеркәсібін қолға алсақ деген ой еді бізден.
Бақытжан МӘДЕНОВ.
21 наурыз 2018 ж. 1 095 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930