Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҮРІК ЕЛІНЕ ТІЛ ҮЙРЕТКЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

ТҮРІК ЕЛІНЕ ТІЛ ҮЙРЕТКЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Шетелге кеткенде, көп адам жаңа жұмыс, жаңа өмір іздейді. Ал Перизат Ертаева шетелге барған кезде, тек қазақ тілін үйретуден бөлек, еліміздің рухын, мәдениетін әлемге танытуға жол тартты. Түркияның Нигде Өмер Халисдемир университетінде қазақ тілін оқытып жүрген ұстаз – бүгінгі қазақ тілінің нағыз елшісі, біздің мәдениетіміздің шекарасын кеңейтіп жүрген тұлға. Шиелі ауданының тумасы, қазір Түркияның Нигде Өмер Халисдемир университетінің Қазіргі түркі тілдері және әдебиеттері кафедрасының PhD докторы.
Перизат Құрбанбекқызының айтуынша, Түркиядағы білім беру жүйесі Қазақстанға ұқсас болғанымен, бірқатар ерекшелік бар. Мысалы, біздің елдегідей 11 жыл бойы бір мектепте білім алу мүмкін емес. Түркиядағы мектептік құрылым бастауыш, орта және лицей кезеңдерінен тұрады, жалпы 12 жылдық білім міндетті. Жоғары білімге келетін болсақ, бакалавриат 4 жыл, магистратура 2 жыл, ал докторантура 4-6 жылға созылады. – Мен үшін білім беру – тек пәнді оқыту емес, студенттің ойлау қабілетін дамыту, ұлттық мәдениет пен тілге деген сүйіспеншілікті ояту, – дейді кейіпкеріміз. Оның айтуынша, Түркиядағы мектептерде балалар екі семестр бойынша оқиды, аралық бақылау кезінде күз бен көктемде бір апталық демалыс беріледі. Ал оқу жылы Қазақстандағыдай қыркүйектен 1-нен емес, 15 қыркүйектен ­басталып, мамыр айының ортасында аяқталады. ­Перизат үшін бұл жүйенің өз ерекшелігі бар. – Мұнда әр оқушыға жеке көңіл бөлінеді. Студенттің ойы мен пікірі маңызды, сабақ барысында өз ойын ашық айтуға мүмкіндік бар. Бұл оқытушы мен студент арасындағы сенім мен диалогқа негізделген жүйе. Білім беру тек фактіні жаттатумен шектелмейді, ол ойлау, талдау, пікір білдіру арқылы жүзеге асады, – дейді ол. Қазақстан мен Түркия арасындағы білім жүйесінің айырмашылығы көп болғанымен, екі елде де ұстазға артылған сенім бірдей биік. Перизат сияқты ұстаздардың еңбегі – шет елде қазақ тілін дамыту, еліміздің мәдени беделін көтеру, жаңа ұрпаққа білім мен тағылымды жеткізу. Айта кетейік, Түркияда ұстаз – тек білім беруші ғана емес, қоғамдағы беделді, рухани тәрбиеші. Түрік мәдениетінде «Ұстаз — әкеден де жоғары» деген ұғым бар. Бұл тек сөз емес, ұстазға деген сенім мен құрметтің белгісі. 2022 жылы Түркияда «Мұғалімдік мамандық туралы» заң қабылданды. Бұл заң ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған және кәсіби сатыларды бекітеді: кандидат мұғалім (aday öğretmen), мұғалім (öğretmen), маман мұғалім (uzman öğretmen), бас мұғалім (başöğretmen). Мұғалімнің кәсіби деңгейі өскен сайын жалақысы мен әлеуметтік жеңілдіктері де артады. Жоғары оқу орындарында да оқытушылардың мәртебесі жоғары, жүктемелері шамадан тыс емес, әкімшілік-шаруашылық жұмыстарға көп араласпайды. Академиялық еркіндік деңгейі жоғары, студенттер мен оқытушылар арасындағы қарым-қатынас ашық диалогқа негізделген. Студенттер өз ойын еркін жеткізе алады, ал оқытушылар ғылыммен айналысуға кең мүмкіндікке ие. Мұндай еңбек ету мәдениеті «ұят» пен «ұстаздық жауапкершілікке» сүйенеді, бұл жүйенің тиімділігін арттырады. Сонымен, Перизат Ертаева – тіл үйретіп қана қоймай, екі ел арасындағы мәдени көпірдің ­басты тасын қалаған жан. Ол шәкірттеріне қазақ тілін, тарихын, салт-дәстүрін жеткізумен қатар, ұлттық ­рухын ұялатады. Оның сабағында әр сөз – тағылым, әр тақырып – тәрбие. Түркиядағы әр студент оның шәкірті болса, әрқайсысы тіл мен мәдениеттің жаңа тарауын ашады. Ұрпақ тәрбиелеу – кез келген ұлттың болашағына салынған алтын көпір. Сол көпірді тұрғызатын – ұстаздар. Перизат Ертаева секілді ұстаздар шетелде жүрсе де, өз тілін, мәдениетін, тарихын насихаттап, жаңа ұрпаққа білім мен тәрбиені жеткізуде. Өз тілін басқа елде жүріпақ құрметтеп, оны үйрете білу – үлкен мәртебе. Өйткені казақ тілінің мерейін асырып, өзге жұртқа өз тілін үйрету – зор мақтаныш.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
04 қараша 2025 ж. 45 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№84 (9351)

04 қараша 2025 ж.

№83 (9350)

01 қараша 2025 ж.

№82 (9349)

29 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930