Жас келсе – іске
«Білімдіге дүние жарық» демекші, бүгінде білім нәрімен сусындап, қанатын кеңге жайып жүрген жерлестеріміз жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі – Перизат Құрманбекқызы. Қаршадайынан кітап оқып, білім-ғылымға қызыққан Перизат орта білімді №46 А.Пушкин атындағы орта мектептен алады. Бұл білім ошағын тәмамдаған соң, яғни 2003-2007 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің шетел филологиясы мамандығының магистратурасын оқыды. Теория мен тәжірибені бірге ұштастырмақ ниетте жоғары оқу орнын тәмамдаған ол, 2012 жылға дейін Шетел тілдері және іскерлік карьера университетінде түрік тілі оқытушысы қызметін атқарады. Қызмет саласында жүріп, таным көкжиегін кеңейткеннен кейін Перизат алдына айқын мақсат қойып, тағы да биік шыңды бағындыруға бел байлайды. Арман, мақсаты жетелеген ару осылайша Түркия еліндегі Нигде Өмер Халисдемир университетіне докторантураға түсіп, биыл ғылым докторы атағын иеленеді.
Ғылым жолы – ауыр жол. Дегенмен Перизат осындай ауыртпалыққа қарамастан оқуды бір сәт естен шығармады. Нәтижесінде сан түрлі қызмет сатысынан өтіп шыңдалды, тәжірибе жинады. Мәселен, ол аталған түрік университетінде халықаралық байланыс департаментінде шетелмен байланыс жөнінде сарапшы және қазақ түркі тілдері және әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқаруда. Сондай-ақ бірнеше елде халықаралық ғылыми мақалалары жарық көріп, халықаралық түркі әлемі зерттеулері бойынша іс-шаралардың ұйымдастырушысы болып жұмыс істейді. Қазақ «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаса керек. Ел ертеңіне айналған жастарымыз осылай биік белесті бағындырып, абыройын асқақ етіп жатса еліміздің келешегі кемел болары сөзсіз.
«Өскен өңір» ақпарат