Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білімдіге дүние жарық

Білімдіге дүние жарық

Бүгінде білім алу үшін Батысқа беттеп, Америкаға аттанып, Қытайға қадам басқан талапкерлер аз емес. Олар түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында шетел асып, таным көкжиегін кеңейтуде. Бұдан бөлек шетелдік гранттармен өзге елге қанат қаққан жастарымыз қаншама? Барлығының санын дөп басып айту қиын. Алайда «Qazir.kz» сайтының берген мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда мемлекет тарапынан жыл сайын 3000 студент 87 мамандық бойынша әлемдегі 32 елге аттануда. Бұған бейресми ақпараттарды қоссақ, арман қуып елден алысқа кеткендердің саны арта түседі.
Өзге мемлекеттің мәдениетімен танысып, тәжірибе жинақтап жүрген жастардың қатарында Шиелі ауданының тұрғындары да бар. Олар қазіргі таңда білім мен білігін әлемнің әртүрлі қалаларында ұштастырып келеді. Мәселен, №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназияның үш түлегі Грозный қаласында білім алуда. Оның екеуі – болашақ дәрігерлер болса, біреуі – филология маманы. Сондай-ақ Алғабас ауылының тұрғыны Әлішер Көшербаев та Ресейде оқып жатқан студенттің бірі. Нақтырақ айтсақ, №157 Б.Пәрімбетов атындағы мектептің оқушысы болған Әлішер қазір Санкт-Петербург қаласында студент. Ал №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицей мен №206 «Жиделіарық» орта мектебінің бітірушілері Брянск қаласына ілім іздеп кеткен.
«Білімдіге дүние жарық» демей ме қазақ даналығы? Осы орайда біздің байқағанымыз талаптанған жан ғылыммен ғаламның қай түкпірінен болса да қаныға алады екен. Енді осы жастар елге тың серпін, мол тәжірбиемен оралуына тілектеспіз.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ

24 қыркүйек 2019 ж. 828 0