Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел болашағы – білімді ұрпақ

Ел болашағы – білімді ұрпақ


Сіздің есіңізде болар, ия, алдыңғы толқын ағалар! Сіздердің әлбетте естеріңізде екендігіне шүбәміз жоқ. Ертеректегі оқыған кітаптарымызда, әдеби көркем шығармаларымызда шетелде, әсіресе, Ресей және Санкт-Петербург қалаларында білім алған жастардың дені елдің алдыңғы қатарлы, қалталы азаматтарының, аға сұлтан, би-болыс һәм бай-манаптың жұрағаттарының тағдырына жазылған жайдай көрінуші еді ғой. Қалың қарыс кітаптар мен шағын ғана шығармалардың көбісі солайша баяндайтын. Бұл осыдан 100 жыл бұрынғы шындық еді.
Ия, ол замандарда қарапайым қазаққа үлкен қалада білім алу арман секілді сезілетін. Бетке тұтар белділердің балаларының өзі әрісі Астрахан берісі Орынбордан қанаттанып қайтушы еді. Оның өзі үлкен абырой, даңқ пен дақпыртқа барып тіреліп жататын. Ал, Мәскеу мен Санкт-Петерборға бару бақыты екінің біріне бұйырмайтын арманша айтылатын және солайша жазылатын. Бұл біз оқыған тарихтың парасындағы жазылған жәйт. Ақиқаттан алыс емес болуы да кәдік. Одан бергі КСРО кезеңінің өзінде бұл екі қалада білім алған жастар оқу орынын бітіріп шыққан соң озық ойлы, алдыңғы қатарлы мамандық иелері саналып, жоғары деңгейлі жұмыстарға қабылданғаны жасырын емес. Бұл заңды да. Себебі, соншама ғасырлық үрдісі үзілмеген сапалы білім, білік бұл жоғары оқу орындарының басты ұстанымы, талабы, қағидаты болып келді және солай жалғасын тау­ып та жатыр. Әсіресе, қазіргідей технологиясы қарыштап бара жатқан жаһандық даму жолында аталмыш оқу орындары тәрбиелеп, тәлімдеп шығарып жатқан мамандық иелерінің құны оларға деген сұраныстың шарықтап тұрғанын несіне жасырайық. Осындай жұмыс нарығындағы бәсекеге қабілетті болу, ірі компаниялардың, мемлекеттік өндіріс орындарының сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың да өзіндік түзілген тың жос­пары бар болатын. Ол жоспар жүзеге асып, жүздеген жастың асыл арманының жүзеге асуына мүмкіндік берді.
Осының негізінде 2014 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындары арасында өзара екі жақты келісім негізінде қол қойылған меморандум аясында Мәскеу және Санкт-Петербург университеттеріне оқуға түскен жастарымыз бар. Бүгінгі таңда осынау игілікті істің негізінде Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен қызылордалық 436 түлек білім алуда. Оның ішінде Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетінде 19 мамандық бойынша 218 студент, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік университетінде 22 мамандық бойынша 122 студент, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетінде 10 мамандық бойынша 112 студент білім алуда. Республика бойынша Ресей үкіметі есебінен білім алып жатқан тек қызылордалық жас­тар екендігінде назарға сала кеткіміз келеді. Бұл қуаныш және мақтаныш. Сыр жастарына артылған зор сенім екендігі даусыз. Олай болса, ел үмітін ақтау әрбір азаматтың, түлектің негізгі міндеті болып қала бермек. Түлектердің алғашқы легі оқуын тәмамдады. Яғни, 2018 жылы Ресей Федерациясының Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы оқу орындарын 74 түлек бітіріп шықты. Бүгінгі таңда бұлардың бірқатары жұмысқа қабылданып, енді қалғандары магистратураға түсіп оқуын жалғастырып жатыр. 2018-2019 оқу жылында аталған жоғары оқу орындарына қызылордалық 58 түлек оқуға қабылданыпты. Міне, сондай жастың бірі – Сұлтанмұрат Бауыржанұлы. Ол 1996 жылы Шиелі ауданында туылған. №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының түлегі. Қазіргі таңда Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетінің электроника және наноэлектроника мамандығының магистратурасында білім алуда.
Бүгінгі жас буын еркін ойлап, ұтқыр іс-қимылымен, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жылдам бейімделіп, заман тынысымен тең қарыштап, үнемі ізденіс пен талпынысы арқылы ерекшеленеді.
«Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – дейді Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. Міне, соның көрінісі ретінде жерлесіміз Сұлтанмұрат Мәскеуде оқуда озат атанып жүр.
Артылған үміт пен елдің болашағына деген нық сенім бізді қашанда жігерлендіреді. Осы ретте барлық замандастарымды 2019 жыл – Жастар жылында белсенді жұмыс жасауға, елге адал қызмет етуге шақырамын, – дейді Сұлтанмұрат жерлестеріне сәлем жолдап.
Ия, бүгінгі заман білектің емес білімнің заманы. Олай болса, жас ұрпаққа жасалған бүгінгі жақсылық ертең есесімен өзімізге оралатынына сенейік және облыс әкімдігі қолға алған бастаманың өміршең болуын тілейік.

Айнұр НАЗАРОВА.
13 қараша 2018 ж. 1 549 0