Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕЛЕШЕККЕ КЕМЕЛ БІЛІММЕН

КЕЛЕШЕККЕ КЕМЕЛ БІЛІММЕН


ЕЛБАСЫ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» АТТЫ БАДАРЛАМАЛЫҚ МАҚАЛАСЫНДА ҒАЛАМДАНУДЫҢ ЖАҺАНДЫҚ ЖҮЙЕСІНЕ ЕНІП, ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ТАЛАПТАРЫНА ДАҒДЫЛАНУДЫҢ ҚАМЫНА КІРІСУ САПАЛЫ ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ ЕКЕНІН АТАП ӨТКЕН БОЛАТЫН. АТАЛМЫШ МАҚАЛАДА ТӨРТІНШІ БАСЫМДЫҚ РЕТІНДЕ БІЛІМНІҢ САЛТАНАТ ҚҰРУЫ АЙТЫЛАДЫ. БІЛІМ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ЕЛІМІЗГЕ ҰТЫМДЫ ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫН АЙТА КЕЛЕ, ТАБЫС ТІЗГІНІ БІЛІМДІ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА ЕКЕНІНЕ НАЗАР АУДАРДЫ.
Білімді ұрпақ қашан да ұлттың ұстыны екені даусыз. Жастардың жаһандық бәсекеге қабілетіне қайрай түсуде мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі бастамалар қатары қалың. Азуын айға балаған алпауыт мемлекеттер сапында сүрінбеу үшін егемен елдің ертеңі болар жастарымыздың білім көкжиегін кеңейтудегі бағдарламалар да өз нәтижесін беріп келеді. Өскелең ұрпақтың дамуына аса зор мүмкіндіктер жасап келе жатқан Елбасы Жолдаулары мен бағдарламалары Мәңгілік Елдің тізгінін ұстар ұрпақтың игілігі үшін, Ұлы Даланың өміршеңдігі үшін екендігін түсіну де қиын емес. Қоғамның даму кілті білімділердің қолында екенін ескерсек, білім беру мекемелеріне де артылар жүк ауыр. Білім берудің озық үлгілеріне негізделген жаңа бағдарлама ел ішінде қолдау тауып та келеді.
Елбасы бір сөзінде «өзгеріс дауылы тұрғанда оған қарсы қорған емес, желкен тұрғызу керек» деп айтып өткен болатын. Шындығында әлем үздіксіз өзгерістер үстінде. Осы бір жаңа технологиялар ғасырында жаңалықтың шапшаңдығы біздің, яғни жастардың білімін үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Болмаса, көш соңында қалары анық. Келешекке кемел біліммен ұмтылған егемен елдің ертеңі болар жастар жадынан тек бір нәрсені шығармауы керек. Мемлекет тарапынан оның болашағы үшін салынып жатқан инвестицияның қайтарымы да болуы тиіс. Шетел асып білімін шыңдап жүрген әр азамат «өзгеріс дауылының желкені» бола алатындай дәрежеде елге оралуда. Бұл – Елбасы бағдарламасының жемісі. Білім көкжиегіде кең қанат сермеу үшін кемел біліммен болашағына бағыт алған әрбір жас Хәкім Абай айтқандай осы дүниенің кетігін тауып, бір кірпіші болып қалануды мақсат етуі шарт.

Бақытжан МӘДЕН.
09 қаңтар 2018 ж. 4 508 0