Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛІНЕ БОЛҒАН САЯ, БҰЛБҰЛ ШЫНАР

ЕЛІНЕ БОЛҒАН САЯ, БҰЛБҰЛ ШЫНАР

Досбол Сыр мен Қырға аты мәшһүр би, даңғыл шешен, сұңғыла көсем, елім деген ер, еңбегі сіңген қайраткер. Туған атасы Қарақыпшақ Торы Көзей Қарабек жас кезінде жетім қалып, кіші жүздегі батыр нағашысы Сырым Датұлының қолында өседі. Қарабектің шешесі Шолпан Сырым батырдың туған қарындасы екен. Қарабектің баласы Қорлыбай 1790 жылы сол Еділ-Жайық жерінде дүниеге келіпті, 1852 жылы Сыр бойында Шиелі жерінде қайтыс болған. Қорлыбайдың бірінші әйелі Жамалдан Өтебай, Өтеген, Досбол туған. Бір деректерде шешесінің аты Ұлғаным, Алтын деп те екі түрлі аталады.

Досболдың кіндік қаны тамған жер, дүниеге келген және қайтқан жылдары туралы мәліметтер әркелкі. Сыр еліне көрші ел ұлытаулықтар ­Досбол біздің перзентіміз деп есептейді. 1815 (1816) жылы Сарысу аймағында дүниеге келген, нағашысы Бағаналы Найман Барлыбай бидің ауылында өскен деген мәлімет келтіреді. Соған орай әкесі Қорлыбайдың Батыс өлкеден Сарысуға келуі Сырым бастаған көтеріліске байланысты болса, немересі Досболдың Шиеліге көшуі Кенесары қозғалысының әсері деген пайым айтылады зерттеушілер тарапынан. Жақсыға жанасуға құмар қазақ жұрты, сол жақсыға таласуға да бейім тұрары заңдылық. Игілікті ісімен, ел таңдантқан күшімен баршаға танылған, дара шыққан сараны жөні келсе ағайын-тума, ілік-жекжат, жерлес көру қазақ табиғаты. Исі қазақ болмысы осылай келгенде, қазақ ең қамқор санайтын нағашы жұрты – Ұлытауды жайлаған қалың Бағаналы Найман жампоз жиендеріне неге егелік етпесін. Сондықтан Досбол би, яғни ­Досекемдей тұлғалар халықтың ортақ мақтанышы. Сыр елінде шиеліліктер пікірінше Досекең 1800 жылы Шиеліде Жөлек маңында дүниеге келген. Туған жылының өзі анық болмай тұрғанда, бәрі мүмкін. Бірақ кім қалай десе де, Сыр мен Қырға бірдей әйгілі Досбол бидің Қоқан ханының датқасы қызметін атқарып, халқына сая болған, ұрпақ өрбітіп, көз жұмған жері Шиелі. 1890 жылы (бір деректерде 1895, 1896 жылдары) Шиеліде Бәйгеқұм маңында 90 жастан асып дүниеден өткен. Осында өте көне Оқшы ата мазаратына, ел қадірмендері жерленіп келген қабірстанға қойылған. Әкесі Қорлыбай шешендікке жоқ болғанымен түпнағашысы Сырымға тартқан батырлығы бар кісі екен. Досбол арғы аталарына тартса керек. Алтыншы атасы Көзей, бесінші атасы Жиенқұл, үшінші атасы Қарабек ділмәр адамдар болыпты. Қарабек ұлды болғанда: кедейлік жалпақ елдің жолын, жомарт ердің қолын байлайды екен. Байқағаным – бардың бағасы артық болып шықты. Шашылса да кемімейтін, сарқылмас сары сабадай қоры мол бай болсын деген ырыммен ұлының атын Қорлыбай қойыпты деседі. Қорлыбай тіршілігінде байлық бақыт бола бермейтінін бағамдапты. Өзі ұлды болғанда: байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес. Ұлтымен ұрандас, халқымен мұңдас, баршаның досы болсын деп ұлына Досбол деген есім беріпті. Сол Досбол атына заты сай, атаның емес, халықтың ұлы болады. Сыр елі 1808 жылдан елу жылдай Қоқан хандығының қарауында болды. Бұл басыбайлылық жағдай 1853 жылы Ресей патшасының генерал В.Перовский бастаған әскері Сыр бойына келіп Ақмешітті басып алып, одан әрі Түркістан, Ташкент, Жетісуға қарай кеулей түскенше созылды. Қоқан ханы Сыр бойын орталығы Түркістан етіп төрт аумақ – датқалыққа бөліп, жергілікті жерде ел басқаруды халық арасында беделді, сөзі өтімді қазақтың өз билеріне жүктеген, оларға датқа, қызметі жаққандарын көтермелеп одан да жоғары пансат деген шендер берген. Ел басқарған кісілердің дәрежелері қазаққа тән би және хандықтың датқасы деп қатар атала беретіндігі содан. Датқа мәртебе сатысы бойынша хандықтағы төртінші дәреже екен, осы күнгі тілмен айтсақ, сірә, аудан әкімі деңгейлес болса керек. Датқа, пансат дәрежелі билік атаулары Оңтүстіктен басқа өңірлерге беймәлім. Датқалар мен пансаттар Сыр бойын жайлаған қалың Қыпшақ және Қоңырат рулары арасынан таңдалып, оларға сол рулар мекендеген аумақтарға Қоқан ханының ресми өкілі ретінде билік ету жүктелген. Кезекті датқа тағайындау кезінде Қарақыпшақтың Бұлтың тармағынан Арғынбай би мен Торы тармағынан Көзей Тұрғанбай биді Қоқан ханы шақырады. Олар жастарының ұлғайып қалғандығын тілге тиек етіп, өз руларынан датқалыққа жастары отыздың үстіне іліккен, ретті жерлерде, әлдебір дауларда елдің сөзін сөйлеп, ердің құнын өндіріп, жұртқа танылған, бедел жинап үлгерген Бұлтың Бименбет би (Бала би) мен Көзей Досбол биді ұсынады. Сыр елінің мақтанышы, шайырлығы мен шешендігі, даналығы мен көсемдігі күллі қазаққа жайылған, есімдері егіз аталатын әйгілі перзенттері Бала би (Бименбет) мен Досбол бидің жастары қатар болғанымен, туған және қайтқан жылдары әртүрлі көрсетіліп келеді, қайсысының жасы үлкен екендігі анық емес. Өмір сүрген заманы бір болған соң тағдырлары ұқсас, ХІХ ғасырда Сыр еліне ақылымен дана, парасатымен пана, елтұтқа болған қайраткерлер. Досбол би халықтың өкілі ретінде Қоқан ханы тарапынан датқа болып тағайындалған соң сол халықпен біте қайнасып, өмірі бірге өріліпті. Аталы сөзімен аңдысқанын тоқтатқан алғырлығымен қатар, қия тартпайтын әділдігімен, ұстасқанның мәнісі осы деп, алқымнан ала кетпейтін әдептілігімен көзге ерек көрініп жүрген екен. Бір жиында Досболға: Қол бастау қиын ба? Жол бастау қиын ба? Сөз бастау қиын ба?– деген сұрақ қойылыпты. Сонда Досбол: Қол бастау қиын емес, Көк найзалы ерің болса. Жол бастау қиын емес, Соңыңа ерген елің болса. Бәрінен сөз бастау қиын, Тауып айтсаң мереке қылады, Таппай айтсаң келеке қылады, – деп аталы сөз өнерін бәрінен де жоғары қойған. «Намаз да болса, кісіге қараған күнің құрсын» деп, имамның айтқанына ұйып, істегенін істеп, жығылып-тұруды азап көрген бір кісі намазды тастап кеткен екен деген сөз бар. Сондай-ақ Досекең арпалыспен өткен беймаза өмірінде ел намысын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батырларға қосылып қол да бастаған, қиын-қыстау заманда елін қырғыннан аман алып қалайын деп жол да бастаған. Қиядан сорғалата қисынын тауып айтып, берекелі сөз де бастаған. Тек Досбол емес, Мәнсүр ақын Иманжүсіпке таныстыратын Сыр бойы, Шиелі жеріндегі Қыпшақ датқалар – Арғынбай би, Бала би (Бименбет), Баубек би, Мыңбай би, Торғай би, Тұрсынбай би, пансат Тұрсынбай би тілінің ұшымен, орайлы ісімен еліне, еріне болысқан. Жау шапқан елін датқалығына басып қосыла шаппаған, тізесін батырды, қиянат жасады деген сөз ешқайсысының артынан ере қоймағаны содан болса керек. Тұрсынбай пансат Қоқанға қарсы көтерілісті бастап, мерт болған. «Ханға бергісіз қара бар, қылышқа бергісіз ара бар, кей қараның сөздері хан сөзімен барабар» деген сөздер соларға қарап айтылған. Міне, өскен, қалыптасқан ортасы осындай Досекең де алымсалық жинауға келетін хан мен бек аларманшабармандарының тойымсыздықпен елді тонапталап кете беруіне түрлі айла-амалмен кедергі жасап жүрген. Датқалық мансабын халықтың пайдасына жаратуға тырысқан. Кешегі кеңес заманында хандар, сұлтандар, пансаттар, датқалар, болыстар жаппай халықты қанаған үстем тап өкілдері, билер солардың сөзін сөйлеген қызметшілері деп санаға сіңіріліп келді. Оларды мүмкіндігінше керексіз ету саясаты жүргізілді. Соның әсері талай ел жақсыларының есімдері ұмыт болды, мұралары сақталмай қалды. Ел қорғаны ерлеріміз егер олар орысқа жаққан, соларды қолдаған адамдар болса ғана екі елдің арасындағы достықты орнықтырушы ретінде дәріптелді. Тәуелсіздіктің арқасында өзімізді өзіміз тани, төл тарихымызбен байыптап таныса бастағанда терең ұлттық тарихымызға бойлаған сайын жер бетінен халық ретінде әлденеше рет құрып кетудің аз-ақ алдында тұрғанымыз, соны бізге білгізбей келгендігін түсіндік. Елімізді, жерімізді шамалары келгенше күшімен де, тілімен де қорғай алған, сол жолда басын бәйгеге тіккен ата-бабаларымыз бен аналарымызға тағзым етеміз. Байтақ жеріміздің бір пұшпағы Сыр елінің тұнып тұрған тарихы, осы өңірде болған сан қилы оқиғалар бүкіл қазақ халқының, елінің тарихымен біртұтас. Ұрпағымызды ұлттық жаңа тарихымызбен тәрбиелеу – Отанды сүюге баулудың негізіне айналды. Досбол би датқалық билікке малданбай, Қоқан хандығының тыйылмай қойған қоқаңына қарсы Жаназар, Құдайменді батырлар бастаған ерлермен бірге халықтың наразылық қозғалысының басында жүрген. Ресейге қарасақ шектен шыққан озбырлық азая ма деген үмітпен орыс әскерінің Сыр бойына келуіне қарсы тұрмаған. Кейін Ресей патшалығының да отарлаушылық саясатынан түңіліп, Кенесары қозғалысын қолдаған. Досбол Арқаға барған бір сапарында замандасы Сары Қошқар батырмен жолығысады. Сонда жөн сұрасқанда айтқан екен дейтін сөзі осы ісін аңғартады. Даналық даңқы жайылған Досболмен кездескеніне қуанып әрі қуақыланып Қошқар батыр сүзе сөйлей әрі сынай мынадай сауал қояды: — Досбол, өзіңе кездессем сұрап білейінші деп көңілімде діттеп жүрген бір сұрағым бар еді, соның сәті түсті білем. Сен осы кімсің? Жиренше шешенбісің, әлде Алдар көсемісің? Досбол жауаптан іркіле қоймапты: — Төскейге мал толғанда, төбеге қол толғанда, дау шешімі табылмай, ел аңырап тоқталғанда, жол көрсетіп жөнін айтар есті ұланы жоқ болғанда, мен суырылып шығар Жиренше шешенмін! Жылжып өтер жер келгенде, ер намысы сынға түсіп, ақыл-айла тергелгенде, жуан сіңір бай-шонжарлар мені өзінен кем көргенде, жанға зор, жағаға қол жеткенде, мен есемді бермес епке көшер Алдар көсемін! Қара сөзбен де, өлең сөзбен де қисынын келтіріп, жорғадай есілгенде, көмекейі бүлкілдеп, тіл безеп көсілгенде, шашасына шаң жұқпаған Досболдың халқына істеген қызметін Мәнсүр ақын Иманжүсіп батырға хатында келістіре баяндайды. ... Досбол датқа – бұл белгілі, Шықпаған сөйлегенде сөзден міні. Үш жүздің баласына шашқан үлгі, Оқымай, көрмей танып ілгеріні. Халқына Досекеңнің үлгісі бар, Еліне болған сая, бұлбұл шынар. Адамда бұдан асқан жүйрік болмас, Әм тұйғын, әм қаршыға, әм дүлділ шығар. Сыр сүлейі Бұдабайдың сипаттауы да осы тұрғылас. «Алдына бұл жалғанда жан салмаған, неше бір қиын істің шешімін өзі тапқан» деп баға береді Бұдабай ақын. Хан ыңғайына қарай ықтап, қосыла кетпей, халқына ық боп, кедергі жасай көлденең кеткеніне ыза болған билеушілер оны әлденеше рет жазаламақ, тіпті өлтірмек те болады. Осыған байланысты мынадай бір оқиға болыпты. Академик Мұхаметжан Қаратаевтың нағашы атасы Ахмет ишанның әкесі Оразай (1809-1891) Қоқан хандығы Сыр бойын билеп тұрған кезде соның әскербасыларының бірі болған. Кейін жасы ұлғая келіп, ол қызметін тастап, әйгілі Марал ишанның шәкірті Құлболдыдан бата алып, біржола дінге көңіл қойған. Құлболды көп шәкірттерінің ішінен оны «ишан» атандырған. Сол Оразай Қоқанның әскер қызметінде жүргенде бірде Ақмешіт маңын қыстап отырған Досбол датқаны ханның тұтқынға алмақ ниетін біліп қалады. Оразай дереу бір сенімді деген адамына артық сөз айтпай, тек бір тал қауырсын мен бір шөкім шай беріп: «Тез, датқаға жеткіз» деп Досболға жұмсайды. Сәлемдемені алған Досбол «шәй қайнатым уақытта құстай ұш дегені ғой» деп, табанда атқа қонып, сытылып кетеді. Артынша келген жасауыл әскер оны таппай, бос қайтыпты. Егер осы хабарды айт деп ауызша тапсырса қалай болар еді... Досбол қарауындағы ағайын Көзей, Абыз елін бастап Арқадағы Қыпшақ ағайындарға, хан билігінен тыс жерге көшіп кетіп паналап та жүрген. Досболдың Арқада, оның ішінде Торғай елінде болған кезеңінен ел аузында қалған аңыз әңгімелердің бірпарасын көрнекті жазушы Қойшығара Салғараұлы 1989 жылы Алматыда «Жалын» баспасынан шыққан «Көмбе» романэссе кітабында «Досекем айтқан екен» деген тарау арнап, сүйсіне толғайды. Досбол батырларды қостап, елді бастап, сөзбен баптап Қоқан хандығына қарсы күреске де шыққан, Кенесары қозғалысын қолдап, оның жасағына да қосылған, елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін арпалысып өткен ер. Бұл қызметі әдетте көп айтыла бермейді. Осы орайда Досекемнің: Жас кезімде датқа болдым, Жалпақ жатқан қазақ пен сартқа болдым. Халыққа ісім жаққан соң, Қалың ел үшін атқа қондым. Рас, мен қу ағаштай қатушы едім, Өктемдердің есінен қалғысыз қылып, Шымбайына батушы едім. Өзімді елеп еңкейгеннің Таңдайына бал-шекердей татушы едім. Қарайғанды ескермей, Қалқиғанды хош көрмей, Қақиғанды хан көрмей, Елдің шетінде, жаудың бетінде, Желдің өтінде жатушы едім, – дегені ойға оралады. Ресей билеушілерінің өктем саясатына көнбей, Кенесары қол жинап, 1837 жылы Ұлытауда дүрк көтерілген кезде Сыр бойындағы Қыпшақтар, Сарысу, Ұлытаудағы Бағаналы, Балталы Наймандар, Шұбыртпалы Арғынның Ағыбай батыр бастаған рулары Кенесары – Наурызбай жорығына жаппай қатысқан. Сыр мен Қыр арасын қысы-жазы жайлаған ел араласып, Шиелі жеріне Ағыбай батыр елі Шұбыртпалы Арғындар, Қонай, Монтай батырлар бастаған Тарақтылар келіп сіңетіні де осы тұс. Ақырында қаруы от орыс әскеріне он жыл бойы жалаң қылышпен қарсы шабудан қажыған ел арасында әртүрлі пікір туып, ауызбіршілікке жік түсе бастайды. 1846 жылы күзде Кенесары ханға ілескен ел байтақ қазақ даласынан ығысып, Талас өзенін өрлеп қырғыз жеріне қарай беттейді. Негізгі мақсаты қырғызды шабу болмаған көрінеді. Кенесары елін біраз тынықтырып, әл жинап алу, келісіп жатса қырғыз ағайындармен жасағын толықтыру ойымен бір қыс қыстап шығуға қырғыз манаптарынан Ыстықкөл маңын сұраса керек. Көш Талас өзенінен түгел өтіп болмай жатып су бауырқанып қатты тасиды да, Досбол бастаған Қыпшақ қосындарының бір бөлігі өтіп үлгермей қалады. Кенесары артымыздан жетеді деп, бұларды күтпей ілгері жүре беруді жөн көреді. «Досболдың әдеттегі сақтығы ғой. Әдейі су тасығанын күтіп, көшін кідірте берді» деген де сөз тарайды. Кене хан бұл сөзге тіс жарып ештеңе демеген. Ал хан інісі Наурызбай сұлтан бұл қауесетке иланып, Досболға сырттай кіжініпті деседі. Кенесары – Наурызбай жасағы сол кеткеннен қырғыз елінде опат болады, Ағыбай бастаған топ амалсыз Сарысуға, Досбол қосыны Сырға оралады. Кейін Шұбыртпалы Арғын Әйеке Шиеліде болыстыққа таласта Қыпшақ арасында мерт болғанда құн даулай келген қаһарлы Ағыбайды жоқтау айтып Қыпшақ Бұдабай ақын тоқтатады. Сөз қадірін бағалаған мәрт қарт Ағыбай батыр «Бір Қыпшақ өлтірсе, бір Қыпшақ тірілтті» деп райынан қайтады. Кеше ортақ жауда қатар жүрген батырлар мен билер, шайырлар мен шешендер осылай ел бірлігін, тыныштықты сақтап қалады. Сөйткен Досбол кедейлікпен өмір кешкен. Бұл жағдайы мін болып алдынан да шыққан. Хан алдына барғанда, Хан таппады мінімді. Би алдына барғанда, Би таппады мінімді. Өз ауылыма келгенде, Итке берсін күнімді, – деп күйінген кездері де болған. Осы орайда мына бір оқиға Досекеңнің тұрмыс-тіршілігін әйгілеп тұрғандай. Досекем бірде құдасына қыдырып барыпты, жәй қыдырыс емес, әрине. Бірақ қазақ әдебінде үй иесі өзі сұрамаса, барған адам бұйымтайын барған бетте айта жөнелмейді. Егер келген жан сыр алдырмаса, қожайын да әлдебір шаруаңыз бар ма еді деген сұрағын қонағы аттанғалы тұрғанда ғана қояды. Әңгіме-дүкен құрып отырып құдасы Досекеңнен өмірде айтыс-талас, дау-шарда сөзден жеңіліп көрдіңіз бе деп сұрапты. – Жоқ, жеңілгенім жоқ. Тек екі рет қатты ұялдым, – депті Досбол. Құдасы бұған елең ете қалады, Досбол сөзін жалғай береді: – Бірде – қасқырдан, енді бірде – өзімнің келінімнен (яғни құдасының қызынан). Бір күні қорама қасқыр түсіп, айыр ала ұмтылмаймын ба. Қасқыр қасымнан шауып өтіп бара жатып, маған қарап тісін ақситып ыржалаңдап, тілің жалаң-жалаң еткізді. Бұл қасқырдың маған: «Досбол-ай, деген дабысың дардай болған соң басымды бәйгеге тігіп, қораңа түсіп едім, қораң бос, құр ауыз кетіп барамын» дегені еді... Сонда бір ұялдым. Екінші – келінімнен ұялдым. Жаңа түскен кезі, мал өрістен қайтқанда қарына шелегін іліп малдың алдына шықпай ма, айналайын. Сонда ауылдың қатындары: «Би атаның үйінде сауын мал жоқ қой, қайта бер» депті. Келінім құр шелегін қаңғырлатып үйге келгенде, қатты ұялдым. Құда әңгіменің төркінін түсініпті... Халықпен бірге тұрмыс кешкен дана би Досекем: Жақсы деген немене? Бүтін болса, ел жақсы, Сулы болса, көл жақсы, Құтты болса, жер жақсы, Жұрты қадірлеген ер жақсы, Мінезді болса жар жақсы, Еңбекпен тапқан мал жақсы, – деп халқын, елге егелік ететін ерлерді ізгі де игілікті істерге, татулыққа, бірлікке үндеп өсиет айтып өтті. ­Досбол Қорлыбайұлы би-датқа айтты дейтін, айыз қандырар осындай небір шұрайлы шешендік сөздер бірсыпыра жиналған, талай жинаққа енген. Досекеңнің Әуез, Бәтай, Жүсіпқали, Кәмал, Жәлен деген балалары болады. Әуезден Бердияр, Жамалдияр деген немерелер көріпті. Ұрпақтары Шиелі елінде, ауылдары аталары Досболдың атында. Елім деп өткен ер қадірін елі біледі, дуалы сөзі ұрпағының ұраны! Қырғынмен басылған Тұрғанбай пансат көтерілісіне байланысты елдің бас көтерерлерін, бұрыннан қырына алып жүргендерді жазалау мақсатында Қоқан ханы Құдияр Досболға да қодаңдағанын, Досбол содан өзіне қарасты Көзей, Абыз руларын ертіп алып Арқаға қашқанын айттық. Досболмен қатты сыйлас Есберген қожа сол кезде Арқа жері орыстың қолына көшкенін ескеріп, жүзім кәпірге қарамасын деп ермей қалыпты. Кейін Қоқаннан зорлық көріп, өзі де Бұхара асыпты. Сол Есберген қожа елтұтқаларын атай келе, қимасы Досболды аңсап былай деген екен: Сегіз лақ алдында Ортекедей ойнаған Лағым едің, Досболым. Ыстыққа, суық қайнаған, Сапырып ішкен қымыздай Бұлағым едің, Досболым. Жапырағы алтыннан Өркендеген қауындай, Нағашылы-жиендей Бұтағым едің, Досболым. Ақ сақалды бабалар Жүре алмас аса таяқсыз, Таяғым едің, Досболым. Хақ жаратқан ғазиз бас Не болар көз-құлақсыз, Көрер көзім, есітер Құлағым едің, Досболым. Хандар салған ханақа Қараңғы болар шырақсыз, Тамға жаққан шырақтай Қараңғыны жарық еткен Шырағым едің, Досболым. Айдын көлге жарасар Жағалай біткен көк шалғын, Мал жайылар секілді Құрағым едің, Досболым. Алтын сақа үйірсең, Алысқа кетер деседі, Тұрағым едің, Досболым. Алғыр тұйғын ақ сұңқар Ұша алмайды қанатсыз, Қанатсыз қалған күндерде Қанатым едің, Досболым. Болат тұяқ секілді, Алтын қияқ секілді, Тұяғым едің, Досболым. Терең дария не болар Өткелі жоқ, қайықсыз, Суға салған кемедей, Қайығым едің, Досболым. Досболдың бүкіл қадір-қасиетін осылай айшықты сипаттаған екен Есберген қожа. Бұндай бағаны адамның қадірін білген ғана айта алмақ. Досбол би-датқаға Шиелі жеріндегі әйгілі Оқшы ата мазаратында кесене тұрғызылған. Батыс Қазақстан – Батыс Қытай автодаңғылының бойында Шиелі жерінде Бәйгеқұм теміржол стансасының маңындағы Оқшы ата әулиелер мазараты жанынан білетіндер көлігінің жүрісін баяулатып немесе тоқтап арнайы дұға оқып өтеді. Бұл мазараттың тарихы ғалымдардың пайымдауынша мың жылдан асады. ХІV ғасырда Ақсақ Темір осы өңірде Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидің даңқы шартарапқа жайылып, екінші Мекке атанатын кесенесін салғанша, осы аймақта өмір сүрген ұлыстардың игі жақсылары жерленетін қорым болған. Осы ежелгі қабірстанда жатқан ел қадірмендерінің белгілісі, мазары бұзылмай жеткені жеті кісінің кесенесі. Олар – Оқшы ата, Асан ата (Асан қайғы болуы мүмкін деген жорамал бар), Ғайып (Қайып) ата, Қыш ата, Кітап ата, Қабыл ата, Есабыз әулие. Жеті санын қасиетті тұтатын халқымыз бұған да мән береді. Осы киелі әулиелер санатына Бала би мен Досбол би-датқа да жатқызылды. Зиярат етушілер аяғы үзілмейді. Халқы ел қорғаны болған даналарын қастерлейді.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстан мәдениет қайраткері,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Тіл жанашыры, Магистральды құбыр көлігінің құрметті қызметкері,
Қызылорда облысының құрметті ардагері,
Шиелі ауданының құрметті азаматы АСТАНА

15 қазан 2025 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

№77 (9344)

11 қазан 2025 ж.

№76 (9343)

07 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031