Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Айтарым бар

Айтарым бар

Соңғы кезде Досбол датқаның туған жері туралы жақсақ мәліметтер жазылуда. Оны оқыған кейінгі жастар солай қабылдайтын болады. Мысалы, Шиелі ауданының 90 жылдығына арнап шығарылған шежіре кітапта Досбол бабамызды Шиелі ауданындағы Жөлек елді мекенінде дүниеге келді деп жазады. Онан кейін жазылған кітапшаларда да осылай жазылуда. Бұл дұрыс емес. Кім жазса да үлкен қателіктерге бой алдырған.
Досбол бабамыздың әкесі Қорлыбай Есен байдың батыры, қорғаушысы болған. Ол кезде көзей мен абыз рулары қыз алыспаған, туыс саналған. Дерек бойынша, Есен қарияның қызы (атын біле алмадық) мен Қорлыбай бабамыз бірін-бірі ұнатып қалған. Ол кезде олардың үйленуі екі ру арасында жанжал шығып, кісі өлуіне дейін бару мүмкін болғандықтан екі жас жасырын Арқа жаққа қашып кетуге мәжбүр болады. Жылдар өтіп, олар балалы-шағалы болады. Бір деректе үш, енді бірінде екі ұлды болған дейді. Арқадағы ағайындар Қорлыбай бабамызға елге қайтуға кеңес береді. Қорлыбай бабамыз көшінің бағытын Есен қарияның ауылына қарай бұрып, ауылға жақын жерге қоныс тебеді. Аталарына сәлем беру үшін балаларды ауылға жібереді. Есен атасының үйіне сәлем беріп кірген балалардан қария «Кімнің баласысыңдар?» деп сұрайды. Балалардың кенжесі ағаларынан бұрын «Есеннің баласымыз» дейді. Ақылды қария мәселенің мән-жайын түсініп, адам жіберіп, Қорлыбай мен қызын алдырып, бәтесін берген дейді.
Сол кезден бастап көзей руы мен абыз руы қыз алысатын болған. Сол кенже ұлдың аты ­Досбол екен. Аудандық партия комитетіне жазушы Қойшығара Салғарин Досбол датқа туралы мәлімет жинауға көмек сұрап келгенде көзейдің сол кездегі қарияларымен жүздестіріп, ауызба-ауыз әңгімелерін тыңдатқан едім.
Досбол туралы көзі қарақты қария Рахмет Жұмабеков ағамыз біраз дүние жинақтаған болатын. Сондықтан тисе терекке , тимесе бұтаққа деген пікірден аулақ болайық.Келешек ұрпақты ойлайық.

Мәдікәрім Баймаханов,
Шиелі ауданы, Досбол датқа елді
мекенінің тумасы
05 желтоқсан 2019 ж. 1 169 0