АРЗАН ТУРДЫҢ АРТЫНДА НЕ БАР?
Әлеуметтік желіде демалысқа арналған жарнамалар бұрынғыдан да агрессивті жүріп жатыр. Бірі Дубайға, бірі Түркияға, енді бірі Мысырға бірнеше жүз мың теңгеге жолдама ұсынады. Баға неғұрлым төмен көрсетілген сайын, жарнама соғұрлым тартымды.Бірақ экрандағы «150 мың теңге» мен туристің қолынан шығатын соңғы ақша бірдей болмауы мүмкін. Бұл міндетті түрде алаяқтық деген сөз емес. Туризм нарығында арзан ұсыныстың объективті себептері бар. Алайда тұтынушы үшін басты мәселе – жарнамадағы бағаның нақты қандай шартпен ұсынылып отырғанын түсіну.
Сонымен 150 мыңға Дубай бару мүмкін бе? Мүмкін. Туристік нарықта төмен бағадағы нақты ұсыныстар болуы ықтимал. Оның себебі маусымға, ұшу күніне, бос орынға, қонақүй санатына, бөлмедегі адам санына және туроператордың коммерциялық шарттарына байланысты болуы мүмкін. Мысалы, әуе компаниясында немесе қонақүйде бос орын қалып қойса, оны өткізу үшін баға төмендетілуі мүмкін. Кейбір ұсыныстар белгілі бір күндерге ғана жарамды болады. Сондықтан «арзан тур = алаяқтық» деген формула дұрыс емес. Бірақ «Дубай 150 мыңнан» деген жарнаманы көрген адам оның ішіне не кіретінін нақтылауы тиіс. Көрсетілген сомаға «Екі жаққа әуе билеті ме, әлде тек бір бағыт па, багаж кіре ме, қонақүй бар ма, қонақүй қанша жұлдызды, таңғы ас немесе басқа тамақтану қарастырылған ба, әуежайдан қонақүйге трансфер бар ма, сақтандыру кіре ме, қандай да бір салықтар мен қосымша төлемдер бар ма?» осының бәрін сұрау керек. Өйткені турист үшін маңызды көрсеткіш жарнамадағы бастапқы баға емес, сапардың толық құны.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан тұрғындарының республикадан тыс жерлерге жасаған туристік сапарларының саны 1,5 миллионнан асқан. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында шетелге шыққан Қазақстан азаматтарының саны 2,47 миллион адамға жеткен. Бұл екі көрсеткіш әртүрлі есептік кезең мен әдістемеге жатады. Сондықтан оларды тікелей салыстыруға болмайды. Дегенмен шетелдік сапарларға деген сұраныстың ауқымын көрсетеді. Сұраныс бар жерде ұсыныс та көбейеді. Ал туристік өнімді ұсынудың негізгі алаңының біріне әлеуметтік желі айналды.
Туристік компаниялардың бәрін «туроператор» деп қабылдау жиі кездесетін қателік. Қазақстан заңнамасында бұл қос ұғымның айырмашылығы бар. Туроператор туристік өнімді қалыптастырады және оны өткізеді. Туроператорлық қызмет лицензияланады. Ал турагент дайын туристік өнімді агенттік шарт негізінде ілгерілетіп, сатады. Турагенттік қызмет хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылады. Осы айырмашылықты турист білуі керек.
Өйткені әлеуметтік желідегі жарнаманы көрген адам көбіне турагентке тап болады. Ол турды өзі қалыптастырмауы мүмкін, тек белгілі бір туроператордың өнімін сатады. Сондықтан турагенттен: «Бұл турды қай туроператор қалыптастырды?» деп сұраудың маңызы зор.
Компанияның Instagram-дағы парақшасы кәсіби көрінуі оның сенімділігін автоматты түрде дәлелдемейді. Жазылушы саны, әдемі кеңсе, шетелдегі қонақүйдің видеолары немесе блогерлермен жұмыс істеу заңды мәртебенің кепілі емес. Ең алдымен компанияның құқықтық мәртебесін тексеру керек. Туроператорлық қызмет лицензияланады, ал турагент өз қызметін бастағаны туралы хабарлама береді. Бұл ақпаратты электрондық мемлекеттік жүйелер арқылы тексеруге болады.
Шетелге шығатын турист үшін Туркодты тексеру маңызды. Қазақстандағы «Туристік Қамқор» жүйесінің мәліметінше, турист туркодты талап етіп, оның жүйеде тіркелгенін тексере алады. Қордың түсіндіруінше, туркодтың реестрге енгізілуі туроператор өз міндеттемесін орындай алмаған жағдайда туристі Қазақстанға қайтаруға байланысты кепілдіктер жүйесімен байланысты. Сондықтан турагентке: «Менің туркодым қайда және оны қалай тексеремін?» деген сұрақ қою артықтық етпейді. Егер компания осы қарапайым сұраққа нақты жауап бере алмаса, турист қосымша ақпарат сұрағаны жөн.
Арзан турдың бағасы неге кейін өседі? Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншісі, жарнамада «бастап» деген сөздің болуы. Мәселен, «Дубай 150 мың теңгеден» деген жарнамадағы 150 мың белгілі бір ең төменгі нұсқа болуы мүмкін. Ол нақты сіз таңдаған күнге, қонақүйге немесе адам санына сәйкес келмеуі ықтимал. Екіншісі, қосымша қызметтер. Багаж, трансфер, тамақтану, сақтандыру және басқа қызметтер бастапқы бағаға кірмеуі мүмкін. Үшіншісі, бөлме мен адам саны. Екі адам бір бөлмеге орналасатын турдың бір адамға шаққандағы бағасы мен жалғыз адамға арналған нөмірдің бағасы бірдей болмайды. Төртіншісі, маусым. Түркиядағы немесе Дубайдағы баға жазғы, қысқы және мерекелік кезеңдерде бірдей болмайды. Сондықтан турдың тиімділігін бағалағанда «бағасы қанша?» дегеннен гөрі «осы ақшаға не аламын?» деген сұрақ маңыздырақ.
Ал алаяқтық қалай көрінуі мүмкін? 2026 жылы Қазақстанда арзан шетелдік турлар ұсынған компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны білдік. Informburo мәліметінше, Дубай мен Мысырға арзан жолдама уәде еткен компаниядан 150-ден астам адам зардап шеккенін айтқан. Басылымның жазуынша, кейбір клиенттерден бірнеше миллион теңгеге дейін ақша алынған. Осы оқиға арзан бағаның өзі алаяқтық екенін білдірмейді. Бірақ туристік компанияның заңды мәртебесін, шартын және төлем құжаттарын тексерудің маңызын көрсетеді.
Туристің тағы бір жиі қоятын сұрағы: «Агенттік осы турдан қанша ақша табады?». Турагенттің табысын турдың өзіндік құнымен шатастырмау керек. Агенттің жұмысы үшін комиссиялық сыйақы қарастырылуы мүмкін. Сондықтан бір турдың бағасын бірнеше агенттіктен салыстырғанда тек соңғы цифрға емес, қызмет пакетіне қараған жөн. Бір компания трансферді қосуы мүмкін, екіншісі қоспайды. Бірінде сақтандыру бар, екіншісінде бөлек төленеді. Бір жерде багаж кірсе, екіншісінде қосымша ақы болуы ықтимал. Демек, бір агенттіктің бағасы екіншісінен қымбат болуы автоматты түрде оның клиентті алдап отырғанын білдірмейді.
Қазақстанда шетелге саяхаттайтын азаматтардың саны аз емес, ал туристік нарықта ұсыныстар көбейіп келеді. Осы жылдың бірінші тоқсанында шетелге шыққан Қазақстан азаматтарының саны 2,47 миллион болған. Бұл нарықта бәсекенің күшеюіне, соның ішінде әлеуметтік желідегі жарнаманың көбеюіне әкелуі заңды. Сондықтан «Дубай 150 мың теңге» деген жарнаманы көргенде бірден сену де, бірден алаяқтық деп қабылдау да дұрыс емес. Туристің міндеті – ұсыныстың толық экономикасын түсіну. 150 мың теңге нақты не үшін төленеді? Соңында тағы қанша ақша керек? Қызметті кім көрсетеді? Қандай құжат бар? Туроператор кім? Туркод бар ма? Осы сұрақтарға нақты жауап берілсе, тұтынушы өзінің таңдауы туралы әлдеқайда толық ақпарат алады. Қорыта айтқанда, арзан турдан қорқудың қажеті жоқ. Бірақ арзан бағаға алданып қалмау үшін оның артындағы толық шартты тексеру керек.
С.МАДИЯРОВА







