ОҚШЫДАҒЫ ЖЕТІ ӘУЛИЕ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
ОҚШЫДАҒЫ ЖЕТІ ӘУЛИЕ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болатынын, оны сол халықтың әрбір азаматы білетінін айтып өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы екенін назарға алды.Сыр бойында да рухани қайнар бұлақ болатын киелі мекендер бар. Солардың бірі Шиелі ауданындағы – «Оқшы ата» кесенесі. Ол – тарихы тереңнен сыр шертетін киелі орындардың бірі. Бұл жерді әулиелер ордасы деп те атайды. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев атап көрсеткендей, ХІV ғасырда Қожа Ахмет Иассауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін осы Оқшы Ата жері ежелгі Тұранның, оғыздар мен түркі қыпшақтарының игі көсемдерін, әулие көрегендерін, батырлары мен шешендерін жерлеген қорымы болған екен.
Әңгімені алдымен сол киелілер ордасының атын иеленген Оқшы атадан бастайық. Ел жадында сақталған аңыздарда оның шын есімі Көгентүп деп айтылады. Кейбір деректерде Ыбрайым деп те аталады. Өзі ел ішінде тұлғалы батыр ретінде танылған. Бізге жеткен мәліметтерге сүйенсек, дін жолына түсіп, ілім іздеп кеткенде еліне жау шауыпты. Жаудың патшасы жұрттың барлығын қан қақсатып, ұлын құл, қызын күң етіп, дүние мен малын талан-таражға салған көрінеді. Ақыры ойы Оқшының қарындасына түсіп, оған да қол салмақ болады. Не істерін білмеген қыз бір төбенің басына шығып, ағасынан көмек сұрайды. Бұл кезде Оқшы батыр Түркістанда жүр екен. Қолына бір уыс арпаның қабыршағын алып үрлепті. Сол кезде жау билеушісі ғайыптан қаза болған. Емшілерінің барлығы патшаларының неден өлгенін білмей дал болады. Бұл кезде қарындасынан хабар келісімен жолға шыққан Оқшы ата елге келіп, жау патшасын өзі өлтіргенін, сенбесе ішін жарып, жүрегін көрулерін сұрайды. Бір елдің айбынды батыры осылай деп тұрған соң, патша емшілері оның айтқанын істейді. Айтса айтқандай, әміршінің жүрегіне арпаның қабыршағы қадалыпты. Аңыз сөзі осылай дейді.
– Бұл мазаратта Оқшы атадан бөлек Асан ата, Қыш ата, Ғайып Ата, Есабыз, Досбол датқа мен Бала би сынды халық әулие деп атайтын жеті бірдей кісі жерленген. Бұл адамдардың барлығы – өмірде болған, тарихта есімдері алтын әріптермен жазылған, елдің құрметіне бөленген, халық үшін еңбек еткен жандар. Әрқайсысының өзіндік тарихы мен орны бар, – дейді Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов.
Ел ішінде Асан атаны Асан қайғы деп те атайды. Сонда қазақ хандығының құрылуына өлшеусіз үлес қосқан көреген жырау, ханның өзін сөзбен тоқтататын данышпан адам шынымен осында жерленген бе? Бұл мәселе республика көлемінде талай мәрте көтерілді. Қалай болғанда да жергілікті халық оны Асан қайғымен байланыстырады. Қыш ата мен Ғайып атаның тарихы тереңде. Есабыз баба емшілігімен, көріпкелдігімен ел есінде қалған. Қартайған шағында екі көзі зағип болған соң, келіндер атын атамай Көзді ата деп кеткен. Бала би әрі шешен, әрі сөзге жүйрік кісі екен. Ел ішіндегі маңызды мәселелерді шешуде барлық іске адамгершілікпен қарап, ұтымды ой айтып, алдына келгендерді тапқырлығымен тәнті еткен. Осы бейіттен байыз тапқан Досбол датқа аты айтып тұрғандай, әрі датқа, әрі би ретінде халық жадында сақталған. Ол «ағайынды жамандап, туғанды қайдан табармын» – деп, елді бірлікке шақырып, халықты ынтымаққа ұйыстырған. Қазір Шиелі ауданында Бала би мен Досбол датқаның есімдерімен аталатын ауылдар мен көшелер бар.
Жеті әулие байыз тапқан «Оқшы ата» мазараты жайлы айтқанда ел аузындағы әңгімелерді сөз етпей кете алмайсың. Өткен ғасырдың басында теміржол салынғанда жұрт адам айтса нанғысыз мынадай оқиғаға куә болған-ды. Белгіленген карта бойынша шойын жол тура мазараттың ортасымен өтуі керек екен. Солай жасамақ болған құрылысшылар күнімен тасты төсеп, рельстерді бекітіпті. Алайда, таңертең келіп қараса, рельстер бұзылып, жасаған жұмыстары зая кетеді. Оқиға бірнеше мәрте қайталанады. Жергілікті тұрғындар келіп құрылысшыларға бұл орынның киелі жер екенін, онда қасиетті адамдар жерленгенін айтады. Алғашында нанбаған құрылысшылар түнімен аңдуға көшеді. Сөйтсе, түннің төрттен бір бөлігінде алып бұқа келіп, рельстерді мүйізімен іліп, оңды-солды лақтырыпты. Осыдан кейін барып, картаны өзгертіп, шойын жолды мазараттың сыртымен айналдырып өткізіпті.
Әңгімеге арқау болған киелілер мекені «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының бойында орналасқан. Сол тұсқа жеткенде жүргізушілер жылдамдығын азайтып, аруақтарға құраннан дұға бағыштайды. Бұл мазаратта «Есабыз ата» мешіті орналасқан. Ас беріп, зиярат етушілер мен тәу етіп, түнеушілерге арналып ғимарат соғылған. Басында мешіт имамы мен шырақшысы бар. Мұнда жерленген адамдардың өмірлері уақыт өткен сайын аңызға айналып барады. Олар туралы көптеген кітаптар шығарылды. Жүздеген мақалалар жарық көрді. Мұның барлығы қай заманда болса да жеті әулиеге халықтың құрметі ерекше деген сөз.