Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Интерактивті карта іске қосылмақ

Интерактивті карта іске қосылмақ


Ұлы Дала киелі жерлерге толы. Ол жерлерді қадірлеп-қастерлеу — ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын. Осы орайда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру қолға алынуда.Шиелі жерінде қазіргі таңда мемлекет Қорғауына алынған 48 ескерткіш бар. Атап айтар болсақ, 3 республикалық маңызы бар, 26 жергілікті маңызы бар, 19 алдын ала есепке алынған ескерткіштер.
Мемлекет қорғауындағы ескерткіштердің әрқайсысына қолданыс­тағы «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы және одан туындайтын мәдениет және спорт министрлігінің қағидалары шеңберіндегі шараларымен қатар, ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу, қайта қалпына келтіру және тағы да басқа кешенді жұмыстар жүргізіліп отырады. Соның ішінде, Есабыз әулие кесенесіне демеушілік есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенін тілге тиек еткенді жөн көрдік.
Бүгінгі таңда барлық салаға сандық технология енгізіліп, төртінші революциялық даму кезеңіне қадам бастық. Осыған орай, қасиетті жерлерді сандық форматқа көшіру және олар туралы әлеуметтік желі қолданушыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында аудан бойынша жергілікті маңызы бар киелі жерлердің 3D форматтағы интерактивті картасы дайындалып, тиісті құзырлы органдар мен облыстық жергілікті атқарушы органдардың сайттарына орнатылатын болады. Интерактивті картаны 2018 жылдың қараша айында қолданысқа енгізуге жұмыстар жасалуда.
Қазір аудан әкімдігі киелі орындар және мәдени-тарихи мұралары­мызға көңіл бөлуде. Киелі орындарға туристердің қызығушылығын тудыру мақсатында, аудан көлемінде бірден бір зиярат ету орталығына айналып үлгерген, Шиелі ауданындағы жалпыхалықтық маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілген «Оқшы ата» мазаратына, Бәйгеқұм ауылына кіре берістен 4,7 шақырымдық жол салу, тас төсеу, автотұрақ салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол –ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» – деген болатын Елбасы. Рухани жаңғыру бағытында ағымдағы жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолы бойынан бұрылып тоқтайтын арнайы орынға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті қаражат есебінен, Шиелі жерінен шыққан тарихи тұлғалар туралы 3 тілде жазба және аудио түрінде ақпарат беретін көркем безендірілген екі қанатты үлкен стелла жасалатын болады. Елбасы болашақты бағамдап, рухани жаңғыру жолында атқаруға тиісті міндеттерді айқындап бергені мәлім. Осы жолда атқарылар игі істердің біршамасы бастау алып кетті.

А.Әбілдаева,
аудандық мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері.
17 шілде 2018 ж. 1 330 0