Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихшылар мен өлкетанушылар форумы

Тарихшылар мен өлкетанушылар форумы


Сыр елі – Алаштың анасы атануы тегін емес. Оған сонау тас дәуірінің іздері – сақ, ғұн, қаңлы тайпаларынан қалған тарихи-мәдени ескерткіштер, Сыр жағасындағы көне қалалардың орындары, «Ұлы Жібек жолының» шығыс пен батысы шығатын тоғыз жолдың торабы болуы, алғашқы тайпалық бірлестіктердің және ортағасырлық мемлекеттердің орталығы болуы дәлел. Осындай киелі өңірде ақпан айының 15-жұлдызында Респуб­лика бойынша алғаш рет «Тарихшылар мен өлкетанушылардың» облыстық форумы өтті. Аталмыш шарада «Өлкетанушылар бірлестігі» құрылып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша алдағы уақытта атқарылатын біршама істің жоспары талқыланды.
Қазақ халқының тарихқа толы алтын бесігінің бірі – Сыр өңірі. Қасиетті Сырда көне заманнан сыр шертіп, тарихын жаңғыртып тұрған киелі орындар жетерлік. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көр­сетілген «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы топтың кеңейтілген отырысына тарихшылар мен өлкетану­шылар, шығыстанушылар мен әдебиетшілер және БАҚ өкілдері қатысып, құнды дүниелердің куәсі болды. Республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылған өлкетанушылар мен тарихшылар облыстық форумында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қызылорда облысынан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген 12 тарихи-мәдени ескерткіш, өңірлік қасиетті нысандар тізімінде 35 тарихи-мәдени ескерткішті қамтитын «Қасиетті Қазақстан және археология» залының ашылу салтанаты өтті. Бұл зал Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын толықтыру үшін және «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасы аясындағы атқарылған жұмыстарды халыққа насихаттау барысында жұмыс жасайды.
Форумға модератор облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов:
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық сипатқа ие рухани жәдігерлерді топтастырады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Сортөбе, Жент қалашықтары мен Кердері мавзолейінде археологиялық зерттеулер жүргізіліп, биылғы жылы да бұл жұмыстар жалғасын таппақ. 2017 жылы «Ұлы Дала елі» тарихи-танымдық экспедиция барысында облыстың қасиетті орындарына саяхат ұйымдастырылып, халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар мен фестивальдер өткізілді. Осылайша ұлттық құндылық құнары байыпталып, қоғамның рухани сауаттылығын, әлеуметтік жарастығын арттыруда ойдағыдай істер атқарылды» – деп, өткен жылғы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.
Форумда қарастырылған негізгі 3 бағыт бойынша Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құру және еліміздің әрбір азаматына ұлттық бірегейліктің осы негізі бойынша сапалы білім дарыту, жобаны жүйелі ұлттық ақпараттық сүйемелдеу, Қазақстанның мәдени-географиялық белдеуіне сүйене отырып, ішкі және сыртқы мәдени туризмді дамыту бойынша мамандардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Аталмыш шара барысында тарихи-мәдени кодты регенерация­лау механизмін жасау мақсатында жа­ңа мәдени-идеологиялық жобалар, оның ішінде жалпыұлттық кие­лі жерлерді халық санасында қалып­­тастыруға бағытталған «Қазақстанның киелі жерлерінің
геогра­­фия­сы» жобасы Сыр өңірінде де қарқынды жүзеге асырылып жатқа­нын аңғардық. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы басым бағыттарының бірі «Туған жер». Сонау бағзы заманнан ата-бабаларымыз киелі жерлерге тағзым етіп келді. Осыдан барып туған жерге тағзым ету деген дәстүр қалыптасқан. Түркі, сақ дәуірлерінен жеткен аңыз-әпсаналар, тіпті тасқа қашап кеткен таңбалар да осы озық дәстүрді айғақтайды. Бүгінгі күні дәстүр сабақтастығы ретінде өңіріміздегі қасиетті орындардың мерзімделуі, орналасуы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, туризмді дамыту мақсатында қасиетті орындарға туристік маршруттардың бағытын қалыптастыруымыз қажеттігі, осы бағыттағы жұмыстар мен «Сыр өңірінің қасиетті орындарының
географиясы» туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Әуезханұлы баяндама жасады. Сонымен қатар, қасиетті орындарды зерделеу, сақтау, насихаттау шараларымен қатар, оларға халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың медиа-жоспары дайындалуда, осы бағыттағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Сапар Алиясқарұлы өзінің баяндамасында толыққанды түсіндіріп өтті.
Қасиетті орындарды саралау және олар туралы мәліметтер жинақтауда облыстағы тарихшылар мен өлкетанушылар, музей, ескерткіштер, кітапхана, архив саласы мамандары жұмыла жұмыс жасап келеді. Сол жұмыстардың нәтижесі бойынша республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан облысқа еңбегі сіңген өлкетанушы азаматтарды марапаттап, еңбегінің бағасын берді. Сыр бойындағы қасиетті жерлерді зерттеп, зерделеп мақалаларына арқау ете білген Қазақстанның Құрметті журналисі, өлкетанушы Ахат Жанаев пен Бесарық ауылдық мәдениет үйінің әдіскері, 395 экспонат жинақтап ауылдық қоғамдық музейін ашқан Жұмабай Әубәкірге «Үздік өлкетанушы» төсбелгісін кеудесіне тақса, Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, өлкетанушы Нәбихан Шалапов «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қазақ халқы «Елдің даңқын ері шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деп бекер айтпаса керек.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Сыр медиа» ЖШС жанынан «Рухани жаңғыру» орталығы ашылған болатын.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
20 ақпан 2018 ж. 2 392 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031