ТУҒАН ӨЛКЕНІ ТАНЫ!
Қазақстан Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды» деген сөз айтты. Осы орайда туған жерімізді, өскен өңірімізді жақсылап білу деген мәселе алдымыздан шығады. Ұлт перзенті болу үшін кең-байтақ Қазақстанды тану қажет.
Бұрынғы заманда бір жерден екінші бір жерге бару таза машақат еді. Атпен, арбамен, түйемен сапарлайтын ата-бабамыз. Қазір заман өзгерді. Қатынас түрі көбейді. Қай жерге барамын десеңіз де, мүмкіндік мол. Алайда қазақ жастарының көбі туған еліміздің қасиетті жерлерін білмейді. Бармаған. Араламаған. Көрмеген.
«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұланғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз» деп жазды Елбасы.
Тарихқа тағзым жасау үшін Атыраудан жолға шыққан халықаралық экспедиция Түркістан облысына жетіпті. Құрамында зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар және «Нұр Отан» партиясының белсенді жастарынан құрылған топ киелі Отырар жеріне аялдады. Арыстан баб рухына тағзым етті. Киелі мекеннің тарихымен танысты. Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы дәуіріндегі жеті хан жерленген көне Сарайшықтан жолға шыққандар бұл сапарда онға тарта киелі мекенге соққан екен. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басшылыққа алып, Өзбекстанға, Әйтеке баба кесенесіне барып, зиярат етіпті. Бәрекелді дейсіз мұндайға!
Біздің жастарымыз Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін неге жақсы білмейді?
«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген Елбасы пікірін жандандыру қажет.
Осы ретте Қазақстан мектептерін «Алтын белгіге» бітірген оқушыларды арнайы экспедиция жасап, қасиетті жерлермен таныстыруды неге қолға алмасқа? Өзбекстан мемлекеті өз туризмін жақсы жолға қойды. Ұшақ, пойыз, көлік қатынастарын реттеді. Соның арқасында бұл елге Қазақстаннан барушылар қатары күрт көбейді.
Қазақстанның киелі жерлеріне үйден шықпай-ақ сапар шегудің мүмкіндігі туып отыр. Отандық мамандар 3D форматында жалпыұлттық маңызы бар нысандар бойынша көпфункциялы виртуалды карта жасауды қолға алды. Соның арқасында енді еліміздің кез келген тарихи нүктесі жайында қашықтықтан ғаламтор арқылы толыққанды ақпарат алуға болады.
«Рухани жаңғыру» аясында «Қазақстанды тану» деген арнайы бағдарлама жасап, кешенді шараларды қолға алған дұрыс.
Нұртөре ЖҮСІП