Қани Ботайұлы жайлы білеміз бе?
Ежелден әдетіміз көзі тірісінде іздемейміз. Қазақтың ардақтысы Досбол бидің шөбересі Махмут Қаниұлы кешеге дейін арамызда жүрді. Бас қосуларда дастарқан басында отыра қалып, Досбол жайлы әңгіме шертіп отыратын. Әңгімешіл кісі еді. Сол Махмут Ботаевтың дүниеден озғанына да бір жыл болып қалыпты.
Досбол бидің шешендік сөздері, ол туралы әңгімелер сол айтылған жерлерде қалды. Біз Махмут ағамызды арамызда әлі жүре береді деп ойлаппыз. Сөйтсек, қателесіппіз... Осы екі ортада Досбол датқаның шөбересі Махмут өз әкесінің өмірдерегін сары қағаз бетіне түсіріп кеткен екен. Өзі қақында ештеңе жазбапты. Бірақ, шиеліліктер оның ауданда шопырлар даярлайтын мектептің директоры болғанын, аудандық ДОСААФ-ты басқарғанын, Жаңақорған ауданында да осы саланы басқарып, абыройлы еңбек еткенін, одан зейнетке шыққанша
№1 АТП-да (қазіргі “Арғымақ” ЖШС) ұзақ жыл жол қауіпсіздігі жөніндегі инженер болып қызмет жасағанын біледі. Ұжымдағы беделі, абыройы, достары арасындағы сыйластығы, адами қасиеттері бір кісідей айтылып та, жазылып та жүрді.
Енді Досбол бидің немересі Ботаев Қани Ботайұлы кім болды екен? Ол 1900 жылы Жуантөбе ауылдық кеңесіне қарасты (бұрынғы 16 ауыл елді мекенінде) дүниеге келген. Қани 9 жасында екі әпкесі Күнімхан, Шырынхан, екі інісі Камал, Жалел бесеуі әкелері Ботайдан айырылады. Әкесіз жетім Қани ерте ержетіп, өмірдің ащы-тұщысына араласа бастайды. Жастайынан еліне қызмет етеді. Атасы Досболға тартып, ақындық қабілеті де оянады. Шалқар шабытқа кенеледі. Он төрт-он бес жасында өзінен мүшел жас үлкен Айсара деген жеңгесімен айтысып, жеңіске жетеді. Жеңімпаз жігіттің аты ел арасына тарайды. Жұрт алғыр, ақылды жігітті он жеті жасында ауылына ауылнайлыққа ұсынады. Жиырма жасында орда бұзып, еліне болыс сайланады. 1928 жылы Шымкент облысы, Сарыағаш аудандық iшкі iстер бөлімінің бастығы болады. 1935 жылы Келес ауданы МТС директоры болып сайланады. 1936 жылы Түркістан ауданы, Иқан елді мекенінде мақта шаруашылығы бөлімшесін басқарады. 1937 жылы елге оралып, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы мақта шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. 1938 жылы сол кездегі солақай саясаттың кесірінен, Досбол датқаның ұрпағы болғандықтан қуғын-сүргінге ұшырап, елден кетуге мәжбүр болады. Ол амалсыздан Өзбекстанға кетеді. Наманган қаласында мақта бөлімшесінің қойма меңгерушісіне бекітіледі. 1939 жылдары елге қарай жақындап, Шымкент облысы, Шу ауданы ауыл шаруашылығын басқарады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін жан-жақта жүрген інілеріне хабар беріп, еліне оралады. Ауданға келген соң 1942 жылдың қыркүйек айына дейін Шиелі ауданына қарасты “Ақтөбе” колхозында (бүгінгі “Ақмая” ауылы) қой фермасының меңгерушісі болып қызмет атқарып, сол жылы қараша айында соғысқа аттанады. Қайран Қани Ботайұлы 1943 жылдың жиырмасыншы желтоқсан күні Беларусь Республикасы, Витебск облысы, Хохловщина деревнясының шығысында қаза болып, сол жерге жерленеді. Сөйтіп, ақын жанды абзал азамат, Досбол датқаның немересі Қани Ботайұлы майдан даласында мерт болып, елге оралмады. Жұбайы Үрбибі Айтжанқызы ерінен бес қыз, екі ұлмен жастай жесір қалып, сұрапыл соғыс жылдары ауылда еңбек ете жүріп, ұл-қыздарын жетілдірді. Олардың барлығына тиісті дәрежеде білім әперді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ауылдың абзал анасы атанып, Үрбибі әжеміз 1987 жылы 70 жасында өмірден өтті.
– Әкем соғыстан аман-есен елге оралғанда Досбол атамыздай ақындығын, шешендігін жалғайтын таланты мен талабы, сөз саптасы соған келетін еді, менде аздап болды, есте сақтау қабілетім жақсы, қазір ондай қасиеттерді Дулат деген немеремнен байқап жүрмін. Ол кісінің ғажайып дарыны, әйтеуір, бір ұрпағына әлбетте соғады, өзі болмағанымен тартады, ұқсайды – деп отыратын марқұм Махмут Қаниұлы ағамыз. Әрине, оны бір Алла өзі біледі.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.