Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек жұлдызына өнерден тағзым

Еңбек жұлдызына өнерден тағзым

Шиелі топырағы киелі деп бекер аталмаса керек-ті. 5 ғасыр адамын, 41 Еңбек Ерін, ақындар мен сазгерлерді, жазушылар мен өнерпаздарды дүниеге келтірген мекен қалай киелі болмасын? Сол есімі тасқа басылғандай, ерен еңбегімен тарих қойнауына енген есімдердің қатарында атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері – Жадыра Таспанбетова да бар. Жазмыштан озмыш жоқ. Өкініштісі, өмірде ештеңе де, ешкім де мәңгі емес. Алайда, адамның артында қалдырған өнегелі ісі ешқашанда ел жадынан өшпейді. Механизатор қыздың тындырған толағай тірлігі тарих беттерінде алтын әріппен таңбаланады. Ол даусыз!
Міне, осынау киелі топырақтың еңбегі ер атандырған батыр қызы арамызда болған болса, биыл 65 жасқа толады екен. Осыған орай, жуырда ауыл әкімдігінің қолдауымен, Досбол ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Сырдың сұлу Жадырасы» атты аудандық əн байқауы өтті. Шараға аудан көлемінен 24 талапкер қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Мұндағы мақсат – Ж.Таспанбетованың ерлікке толы өмірін жас ұрпаққа өнеге ету, ауыл тұрғындарына мәдени қызмет ету, жастарға патриоттық тәрбие беру, олардың отаншылдық сезімдерін арттыру еді. Байқаудың ерекшелігі сол – қатысушылардың мәдениет қызметкерлері еместігінде. Яғни, араларында сахнаға алғаш шыққандары да бар. Жадыра Есенәліқызының туыстары мен облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысып, өнер бәйгесін тамашалады.
Жиынның алғы сөзін алған жоғарыда аталған кеңестің мүшесі Сәбит Әшім, «Есабыз ата» қайрымдылық қорының президенті Әбдімәлік Сейтжанұлы, ауыл әкімі Ержан Ахметов іс-шараны ашып беріп, ескірмес естеліктер айтылып, қазақтың қайсар қызы жайында жан-жақты ойлар бір арнаға тоғысты.
Кездесу барысында жүргізуші үміткерлердің өнерін сараптап, әділ баға беретін қазылар алқасымен таныстырды. Байқауға қатысушылар шарт бойынша екі ән ұсынды. Біріншісі туған жер, Отан, ел туралы болса, екінші ән «Ана» тақырыбы бойынша орындалды. Озып шыққан әуесқой әншілерге бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Бәйгеқұм ауылынан келген Г.Назарбаева жеңіп алса, І ор­­­­ын­­ды бидайкөлдік Е.Тоқмырза қанжығасына байлады. Ал, ІІ орынды алғабастық өнерпаз С.Әуезов, жиделіарықтық А.Мәлібекұлы өзара бөліссе, ІІІ орынға Алмалының атынан шыққан Р.Әлмаханов, Досбол ауылының талапкері Ж.Ибишова және 1 Май ауылының тумасы Н.Бадаева лайық деп танылды.
Байқауды қорытындылаған аталған қор басшысы Ә.Сейтжанұлы талапкерлерге сыйлықтар ұсынса, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова өзінің жүрекжарды лебізін ортаға салды. Аталған шара алдағы уақытта да ауқымды форматта аудан және облыс көлемінде ұйымдастырылатындығын білген ауыл халқы бір серпіліп қалды.
Айта кету керек, Жадыра Таспанбетованың шаңырағында ас беріліп, байқауға қатысқан өнерпаздар да киелі қара шаңыраққа табан тіреп, дәм ауыз тиіп, еңбек жұлдызының рухына құран бағышталды.

Дина ЖҮСІПОВА.
07 қараша 2018 ж. 1 276 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930