Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сартай есімі ұлықталды

Сартай есімі ұлықталды


Қасиетті киелі өлкесінің халқы әруақыт өз ризығын еңбектен тапқан. Ғибраты мол ғалым да, өнерімен өрістеген ақын да, қаламынан нұр тамған жазушы да, әнімен дархан даланы тербеткен әнші де, жанарында сыр тұнған тұлға да, еңбегімен еленген күрішші де киелі Шиелінің құнарлы топырағынан нәр алған, еңбегімен есімі жұртқа таралған. Осындай еңбегі елеулі, соңында ізгілікті із қалдырған ардақты тұлға Сартай Маханбетованың 100 жылдығы аталып өтілді.
Сартай Маханбетова – Қазақ ССР Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, Қазақ ССР «Алтын» кітабына есімі жазылған, екі рет «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордені, халықаралық көрменің 12 медалінің (2 алтын, 2 күміс, 8 қола) иегері. Сонымен қатар, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамотасымен екі мәрте марапатталып, аудандық, облыстық, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған ер ана «Казахстанская кремнистая» атты жүгері сортының авторы.
Айналасындағы адамдардан тек жан жылулығын ғана күтетін асыл ананың өзі де жан-жағына адамшылықтың нұрын сеуіп, отбасын құрып, ұрпақ өрбітіп, өнегелі өмір жолын жалғады. Балаларының барлығын оқытып, еңбекке баулыды. Соңынан ерген ұрпақтары Шәйзілдә мен Нәрзілдә ұлдарынан 13 немере өсіп жетілді. Олардың әрқайсысы бір-бір отбасы, ел игілігіне қызметтерін жасап жүр.
Ғибратты ғұмырын Шиелі өңіріне арнаған Сартай ананың ізгі істері көп жадында мәңгі сақталмақ. Бүгінгі күн – кешегі мен ертеңді жалғастырар алтын көпір, тарих таразысы, тағылым бесігі. Аудан әкімдігінің қолдауымен орталық стадионда Сартай Маханбетова атындағы футболдан жарыс өткізілді.
Футбол турниріне 20 команда қатысып, жарыстың қорытындысы бойынша, І орынды Төңкеріс ауылының командасы, ІІ орынды Шиелі кенті теріскей бетінің (Шанхай) командасы, ІІІ орынды Алғабас ауылының командасы иеленді. Жарыста жеңімпаз атанған командаларға мақтау қағаздары мен І орынға 70 мың, ІІ орынға 50 мың, ІІІ орынға 30 мың теңге табыс етілді.
Сартай Маханбетованың ұрпақтары «Ақтөре» мейрамханасында ас беріп, еске алды. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің қолдауымен Бұдабай атындағы мәдениет үйінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерге тағзым етіп келген әнші, балалар сазгері, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері Алтын Маханбетованың «Мен қазақтың қызымын» атты шығармашылық ән кеші ұйымдастырылды. Концертте Алтын, Жақсыгүл Маханбетовалар, жергілікті жас өнерпаздар әннен шашу шашты.
Тұлғаларды құрмет тұту, еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау, ел үшін жасаған ерлікке тән істерін ұлағат ету, есімдерін ел жадында жаңғырту – біздің парызымыз. Бұл тарих үшін де, келешек үшін де қажет.
Г.Батырбаева,
кент тұрғыны.
11 шілде 2018 ж. 1 537 0