Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдарияға сыр ашқан Сартай

Сырдарияға сыр ашқан Сартай


Қазақ қыздарының қанында бар қасиет – қайсарлық. Өмірдің ауыры мен жеңілін қатар көтеріп, қиындыққа қайыспаған өжеттікті сан қатпарлы тарихтың әрбір парағынан көруге болады. Жастайынан жігерлі, еңбекқор болып өскен Сартай Махамбетова қазақ халқының қасіретті кезеңі 1918 жылы дүниеге келеді. Сыр суына сырын ашып, Қаратауға назын айтқан бидайкөлдік Сартайды елі әлі ұмыта қойған жоқ.
Азан шақырып, Бибіайша деп есімін қойғанымен, анасы Жәмиләнің еркелетуімен Сартай атанған кейіпкеріміз 16 жасында Шиелі ауданында оқу-ағартушылық қызметімен көзге түсіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленген Әлтен Әйтпенбетұлымен бас қосады. Аласапыран күн туып, ер азаматтарды қан майданға жіберген сәтте, яғни 1939 жылы бір баласын қолынан ұстап, екіншісін құрсақта сақтап жолдасын шығарып салады. Әскер қатарынан Фин соғысына кеткен Әлтен одан әрі екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Миллиондаған тағдырлар қиылған қанды шайқас болған Курск маңайындағы ұрыстардан мерт болған жүздеген қандастар қатарынан аты да табылмай, хабар-ошарсыз кеткен қосағының орнын жоқтатпай ер адамдармен қатар жұмыс жасаған Сартай ананың еңбегі еш кетпеді. Соғыс кезеңіндегі тар жол, тайғақ кешу, жесірліктің тауқыметін тарту жігерлі жанның сағын сындыра алмады. Еңбек майданының алдыңғы шебінде күні-түні еңбек етіп, дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың соңынан ерген ізбасарлары атанды.
Ерен еңбегі еленген С.Махамбетова Қаз ССР Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, Қаз ССР «Алтын» кітабына есімі жазылған, екі рет «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордені, ВДНХ 12 медалінің (2 алтын, 2 күміс, 8 қола) иегері. Сонымен қатар, Қаз ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамотасымен екі мәрте марапатталып, аудандық, облыстық, одан әрі Қаз ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған ер ана «Казахстанская кремнис­тая» атты жүгері сортының авторы. Ерге бергісіз қажыр-қайратымен талай биікті бағындырған еңбек адамының ашық мінезі, қайырымдылығы қатал тағдырды көрсе де нәзік болмысты әйел заты екенін аңғартып тұрады. Егіс даласында атыз жағалап, су кешкен дара бейнесі бейнет пен еңбектен құралған. Дән сеуіп, күріш еккен диқан ананың алақанында орағы мен кетпенінің ізі қалған.
Еңбек ширатқан, өмір үйреткен Сартай ана коммунист ретінде де қоғамның қайнаған тіршілігіне белсене араласып, көпке үлгі бола білген. 1981 жылы 63 жасында өмірден озған ардақты жан балаларын да еңбекке баулыды. Соңынан өрбіген ұрпақтары Шәйзілдә мен Нәрзілдә ұлдарынан 13 немере өсіп келеді. Бүгінде ана есімін ардақтап, әкесін ұлықтап, ұрпаққа үлгі етіп, мақтана, марқая тілге тиек етіп, ескірмейтін естеліктерімен бөлісіп отырады. Жыл сайын еске алып, құран бағыштауды үрдіске айналдырған бидайкөлдіктер биыл да жолынан жаңылмай 30 маусым күні «Ақтөре» мейрамханасында еске алып, ас бермек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
24 маусым 2018 ж. 2 152 0