Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бидайкөлдіктердің беделі биік

Бидайкөлдіктердің беделі биік

Шиелі кентімен жалғасып, жақын жатқан ауылдардың бірі – Бидайкөл, бұрынғы Гигант ауылы. Білетініміз, бұрындары орталық базар, аудандық аурухана «Гигантта» болатын. Бірден айтуымыз керек, бұл ауылдың өсіп-өркендеуіне оның төрағасы болған Хан Леонтий Васильевичтің сіңірген еңбегі ұшан- теңіз.
Ол 1937 жылы Қиыр Шығыс өлке­сінен көшіп келіп, колхоздың алғашқы төрағасы болып отыз жыл басқарды. Талай асуларды бағындырып, толағай табыстарға жетті. Бүкілодақтық көрме­нің бірнеше медальдарымен, үш мәрте «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталады. Яғни, 1937-1949 жылдар аралығында жоғары өнім алғандары үшін Социалистік Еңбек Ері атанғандар: Кан Владимир Андреевич, Ким Чун Ман, Ким Хак Гю, Нигай Константин Иванович, Пак Чен Ер, Хан Роман Васильевич, Пак Ди Хен, Пан Мун Гук, Цой Юн Хон, Тен Дюн Гир және екі қыз Хван Александра Павловна, Шегай Любовь болатын. Осындай зор нәтижелерге қол жеткізген шаруашылық 1967 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Осы батырлар ішінде өз ұлтымыздың өкілі Зияда Пірімбетов бар. Ауданымыздан жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған Мәлике Басанова да осы ауылдан. Сартай Маханбетова секілді саңлақтар бұл ауылда жетіп-артылады. Әлеуеті артып, мәдениеті өркендеген, табыстары тасыған ауылдың бірлігі бекем, ынтымағы берік. Ауданымыздың гүлденіп, өсіп-өркендеуіне, биіктерден көрінуіне бұл ауылдың азаматтарының қосқан сүбелі үлестері шаш етектен.
Алтай Нұриддинұлы.
11 сәуір 2018 ж. 1 323 0