Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек – бәрін де жеңбек

Еңбек – бәрін де жеңбек

Тарих парақшасын ашып, Шиелі туралы алғашқы деректерге көз салсақ, онда 1740 жылдары жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі оқиғалар кездеседі. Солардың бірінде «Шиелі мен Жаңақорғаннан шық­қан халық жасағы Сегізсайда қалмақтарға соққы берді» деген. Сонымен қатар, деректерде 1863 жылы генерал Перовский Түркістан, Шымкент бағытында ұрыс жүргізуді капитан Скоболевке тапсырғаны жайында айтылады. Сонда Шиеліні бейбіт жолмен алынды делінеді де, Шиеліге Скоболевск деген ат беріледі. Шиелінің ұрыстағы орны қазіргі Гигант ауылының орнында болған. Онда ХІХ ғасырдың соңғы жылдары шіркеу салынған. Аурухана, диірмен, май зауыты да болған.
Бүгінгі таңда «Бидайкөл» ауылының бір қанаты «Ақмая» ауылымен, екінші қанаты Ы.Жақаев елді мекенімен шектессе, басы аудан орталығымен қосылып, аяғы Қарғалыға дейін созылып, аймақтағы ірі әрі халық әлеуеті артқан ауылдардың біріне айналған. Тегіс жолмен ауылдың шекарасынан асқанда алдыңнан күрделі жөндеуден өткен клуб үйі қарсы алады. Ал, сол жағында тұрғындардың денсаулығын қадағалап отыратын дәрігерлік амбулатория мен дәріханаларды көре аласыз. Сондай-ақ, үлкен жол бойынан сымбатты мешіт үйі ауыл ажарын айшықтап тұрады. Мұндағы білім ордасы да жаңа. Оқушылардың қатынауына ыңғайлы етіп, жаяу жүргіншілер жолы да, жарық та орнатылған.
Еңбексүйгіш аталарының ізін жал­ғаған ауыл азаматтары бүгінгі таңда егін егіп, өнім өндіру жолында қарқынды жұмыстар жүргізіп, алдыңғы саптан көрініп келеді. Еңбексүйгіш аталарының ізін жалғап деуіміздің себебі 1950 жылы колхоздың 12 мүшесі Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Осы жылдардан бастап 31 адам марапатталып, оның ішінде 5 адам «Ленин» орденін алды. 17 адам Мәскеу Халық жетістігінің көрмесінен Алтын және күміс медальдар әкелді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Қазақ ССР Министрлер Советі және Қазақстан кәсіподақ Советінің ескерткіш Туын алды. КСРО шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты. Осындай жетістіктерінің арқасында колхоз 1967 жылы Бүкілодақтық Социалистік жарыста үнемі озып шыққаны үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, 1988 жылғы Мемлекеттік жос­парларын ойдағыдай орындау жолында Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы деп танылды. Осы еңбек сүйгіш азаматтардың ізін «Бидайкөл» шаруа қожалығының ұжымы жалғастырып, жыл санап ісін ілгері жылжытып келеді. Күрішшілер Төрегелді Жалелұлы, Марат Аекеев, Еламан Ажарбаев, Жомарт Қитанбаев, Бауыржан Бекназаров, Беркінбай Нұрбеков, Жұмаділда Рахатов, Нуфділда Рахатов, Талғат Мұханов, Батырхан Мамбетов, Әбдіғани Омаровтар арман қуалап, қалаларды жағаламай, өзінің ауылында, кіндік қанды тамған жерінде қызмет жасауда. Сондай-ақ, механизаторлар Болат Асанов, Темірбек Мырзалиев, Бақыт Пәрімбеков, Бекпай Мұханұлы, Жақсылық Төлебаев, Болат Қоянбаев, Азамат Хайранов, Самат Шорабаев, шөп жұмысшылары Жақанша Бекназаров, Өркен Кенжетаев, Сәкен Сәрсенбаев, Қуандық Төлебаев, Көркем Жұмановтар ұжымдағы орны бөлек, еңбегі ерекше.
Берекесі кіріп, ырысы тасыған ауылда ауыз толтырып айтатын істер баршылық. Ел үшін еміреніп, шыбын жанын азаттық үшін қиған азаматтары мен қолына қару алмаса да құрал-сайманын алған еңбек адамдарын тек кітап пен газеттердің еншісіне қалдырып қоймай, үнемі оларды жастарға үлгі-өнеге етіп отырады. Жуырда сондай шаралардың біріне куә болған едік. «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай ауылдық мәдениет үйінде аталмыш мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Желтоқсан жаңғырығы» атты іс-шара болып өтті. Оны аудан әкімінің орынбасары Тұрмағанбет Жағыпбаров пен аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мұхамедәлі Мақаш құттықтау сөзімен ашып, ызғарлы желтоқсан айында азаттық үшін ашық алаңда арпалысқан жастар туралы тоқталды. Сондай-ақ, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды әңгімелерінің арқауына айналдырды. Сонымен қатар, «Бидайкөл» шаруа қожалығының 2017 жылғы күріш өнімінен мол өнім алуға үлес қосқаны үшін ұжым еңбеккерлеріне 1000 000 теңгеден 50 мың теңге аралығында түрлі номинациялар бойынша сертификаттар табыс етілді. Және осы тұста «Бидайкөл» шаруа қожалығының директоры Т.Байдалиев жаз бойы маңдайы күнге күйіп, табаны тозып, егістік алқабында аянбай еңбек еткен азаматтарға алғысын айтып, зейнеткерлік жасқа толған ұжым мүшесі Бекбай Мұқановтың иығына дәстүрімізге сай шапан жапты.
Шара мерекелік концертке ұласып, Айгүл Еркінбайқызы, Гүләйім Ысқақова, Ұлданай Қуандықова, Өміржан Мінуаров, Әбіләхат Еспанов, Алтынарай Абдукаримовалар әннен шашу шашып, «Гүлайым» би тобы әртүрлі билерін халық назарына ұсынды.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
23 желтоқсан 2017 ж. 1 167 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930