Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңарған өлкенің жасампаз ұрпағы

Жаңарған өлкенің жасампаз ұрпағы


Нұрмахан Елтай:
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Бірнеше сатиралық және деректі кітаптардың авторы. Қаламгер Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің оңтүстік аудандардағы тілшісі қызметін соңғы жиырма жыл бойы атқарып келеді. халықтың көкейкесті мәселелерін дөп басып, мерзімді басылымдарда жариялауымен Тәуелсіз еліміздің баспасөзіне айтарлықтай өз үлесін қосты. «Ақпарат саласының үздігі», Республикалық Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың лауреаты. Астана қаласының 10 жылдығы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, «Қызылорда облысына 70 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталған. Шығармашылық адамдарына берілетін М.Шолохов медалының иегері. Облыс әкімінің 2011 жылғы степендияты.
«Алтын күз» жүлдесінің бірнеше мәрте жеңімпазы.
Жазушы-журналист, «Ақпарат саласының үздігі», жерлесіміз Нұрмахан Елтайдың бұл жинағының басты кейіпкерлері – ауылшаруашылығымен қатар, өнеркәсібі өркендеген шырайлы Шиелінің азаматтары. «Маржаны сырдың Шиелі» атанған атақты ауданның әртүрлі саласында еңбек еткен замандас­тар бейнесі көркем суреттелген. Олардың арасынан еңбегімен елге сыйлы болған Еңбек Ерлері, басшылық қызмет атқарған ел ағалары, шаруашылық төрағалары, мұғалімдер мен дәрігерлер, өнер майталмандары, қарапайым жұмысшылар, жалпы еңбек адамдарының киелі мекендегі қарекетін көресіз. Қаламгердің соңғы жиырма жылдық уақытты қамтитын бұл еңбегінде өркендеген өңірдің тыныс-тіршілігі тілге тиек етіледі. Онда құнды мәліметтер мен қажетті деректер де мол. Туған жерге деген құрметті арттырып, елдің ынтымағы мен бірлігін көрсететін аталмыш жинақтың тілі жеңіл, тартымды оқылады.
Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әрбір қазақстандықты туған жеріне ту тігуге шақырады. Ұлттық кодымызды сақтай отырып, рухани жаңғыруға жетелейді. Туған жерін көркейтуге үлес қосқан азаматтарды ұлықтап, келер ұрпақтың санасына сіңіріп өсуін қалайды. Сондай жандардың бірі Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Н.Елтай. Оның 2017 жылы жарық көрген «Жаңарған өлкенің жасампаз ұрпағы» атты кітабы туған жерінің тарихынан сыр шертеді.
Кітаптың алғашқы бөлімі ел анасы Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Зәкира Ержанова, Рәбибі Нұржанова, Жадыра Таспамбетова апаларымыздан бас­тау алады. Жазушының қазақ қыздарының қанында бар туа бітті қайсарлық пен ерен ерлікті айғақтап жазған тамаша туындыларын оқыған жас ұрпақтың отанға деген сүйіспеншілігі арта түсері сөзсіз. «Тағдыр тәлкегіне түсіп, тілсіз техниканың аяусыз арбауына ілінді. Әлі есте, Алматыдан ауылға протезбен оралып, іле темір тұлпар тізгінін сағынған қызына әкесі кейіп алғаны. Сондағы Жадыраның: «Трактор айдаймын деген соң, айдаймын» деп қысқа қайырған кесімді сөзі әкені райынан қайтарады. Бәлкім, мұндай қайсарлық болмаса, оның қашанғы ойы орындалмас па еді? Бұл жігерлі жанның жемісті жылдарға ұмтылған алғашқы аттанысы болатын» – деп жазады. Адамның өн бойындағы өжеттікті қысқа қайырып, шағын ғана жолдарға сыйғызу жазушының ұшқырлығын білдіріп-ақ тұр.
Кітаптың екінші бөлімінде «Тіршіліктің мәні – бейбітшілікте. Мемлекеттің қырғи-қабақтығы – қарапайым халық үшін қасірет. Осыдан 40 жыл бұрын екі алып ел – СССР мен АҚШ бір-біріне «сен қайтесің?» деген дүрдараздық танытып, соңы әзер басылған болатын. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр» демекші оқиға ушыққанда жер бетінен тыныштық кеткені рас еді. Кариб жағалауына апарылған Кеңес әскерінің арасында жалғыз қазақстандық, біздің жерлесіміз Мұзаппар Жағыппаров та бар болатын» – деп бастайды «Моряк Мұзаппар Кариб дағдарысына қатысқан куәгердің бірі» атты әңгімесін. Сол мезеттегі аласапыранды кейіпкердің аузына салып керемет суреттеген жазушының түйіні «Ел іргесі берік болсын, – деп тәубешілік айтқан ағамыздың сөзіне біздің де алып-қосарымыз жоқ. Террористік әрекеттің өршімеуін, бейбітшіліктің сақталуын тілейміз. Ел басшыларының да көкейіндегісі осы болса, қанеки» – деп қорытындылайды.
Одан әрі ауданның тарихын суреттерімен қаттаған, «Өскен өңір» газетінде 1967-2001 жылдар аралығында 34 жыл фототілші қызметін атқарған Саидхасан Хутаев жайында жазған мақаласын кезіктіруге болады. Онда «Бүгінде жасы 70-ке толып отырған кәнігі фототілші С.Хутаевтың үйіндегі мұражайында 43 200 000 фотокадр, бірнеше мың дана фотосурет бар. Олардың арасынан кімдердің бейнесін кезіктірмейсіз, ғарышкер, ақын, жазушы, академик, атақты спортшы – бәрі бар. Міне, осы фотода Олимпиада чемпионы Нелли Ким, «Дала академигі» Ы.Жақаевпен қатар бейнеленіпті. Көпшілікке мағлұм, Шиелінің 41 Еңбек Ері шыққан, сол кісілердің көпшілігінің суреті Хутаевтың қоржынында сақтаулы» – делінген, 2008 жылдың шілде айында жазылған мақаласында.
Жүйрік қаламынан әр жылдың бейнесін көруге болатын жазушының еңбектерін бағалап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Таным мен тағылым, тарих пен тау тұлғалы азаматтары бейнеленген рухани құнды кітапты әр шиелілік оқып шығуға тиісті. Оны қолға алған сәтте тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін осы бір кітаптың ішіне бүкіл Шиелінің сыры сыйып кеткенін аңғарасыз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
22 сәуір 2018 ж. 1 344 0