Еңбек еленген мерейлі күн
Атом саласы – елдің стратегиялық маңызы зор бағыттарының бірі. Бұл салада маңдай терін төгіп, кәсіби білімі мен біліктілігін ел игілігіне арнап жүрген мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Осындай айтулы күнде «Шиелі-Сұңқар» филиалында Қазақстан Республикасы атом саласы қызметкерлерінің күніне орай салтанатты марапаттау рәсімі өтті.28 қыркүйек күні ұйымдастырылған мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсембаев пен «Шиелі-Сұңқар» филиалының директоры Дәурен Досмағанбетов қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
Құттықтау сөзінде басшылар компания ұжымының толымды жетістіктеріне тоқталып, кәсіпорынның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ аймақта жүзеге асырылып жатқан нәтижелі жұмыстардың ел игілігіне бағытталғанын айтып, жауапты әрі қажырлы еңбегі үшін сала мамандарына алғыстарын білдірді.
Мерекелік шараның тағылымды тұсы – еңбек адамын ұлықтау болды. Қазақстан Республикасы атом саласының дамуына қосқан елеулі үлесі, кәсіби шеберлігі мен мінсіз еңбегі үшін бірқатар әріптестер «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығының I дәрежелі және III дәрежелі құрметті төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамотасымен марапатталды.
Еңбекті бағалау – өнегелі дәстүр. Осы ретте жоғары кәсіби біліктілігі мен атом саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерге «KAP Logistics» ЖШС бас директоры Дархан Рамазановтың Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және Алғысы табысталды. Сонымен қатар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, атом саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан бірқатар маман аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің Алғыс хатымен марапатталды.
Марапат – маңдай тердің өтеуі, алғыс – адал еңбектің бағасы десек артық болмас. Оны салтанатты шара барысында марапат иелерінің жүзінен ескен қуаныш пен мақтаныш сезімінен анық байқадық. Бұл күн сайынғы қажырлы еңбектің еленіп, кәсіби жауапкершіліктің лайықты бағаланғанының белгісі. Одан әрі мерекелік жиынның сәнін аудан өнерпаздары келтірді. Әсем ән мен сырлы саз еңбек адамдарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, айтулы күннің ажарын аша түсті.
Г.Дүйсебай







