ТҰРАҚТЫЛЫҚ: СЕНІМ МЕН ДАМУДЫҢ АЙНАСЫ
Биыл аудан экономикасына, сондай-ақ еліміздің атом өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан, өндірістегі жоғары мәдениет пен қауіпсіздікті, әлеуметтік жауапкершілік пен тұрақты дамуды басты құндылық еткен «Семізбай-U» ЖШС-ның құрылғанына – 20 жыл. Осы аталған мерейтойға орай Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «20 жыл – тұрақтылық пен өркендеудің алтын кезеңі» атты салтанатты кеш өтті.Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ HR және әлеуметтік жұмыстар департаментінің директоры Жанат Өмірбеков, «Semizbaу-U» ЖШС бас директоры Біржан Сатанов арнайы қатысты.
Құттықтау сөзінде аудан басшысы Айтбай Насриддинұлы кәсіпорын ұжымын 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, серіктестіктің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
– «Semizbaу-U» серіктестігінің 20 жылдық мерейтойы құтты болсын! Жиырма жыл – кәсіпорынның қалыптасып, өндірістік әлеуетін арттырып, талай белесті бағындырған маңызды кезең. Осы жылдардың артында мыңдаған адамның маңдай тері, табанды еңбегі, кәсіби білімі мен елге деген адалдығы тұр. «Semizbaу-U» – бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның маңызды өндірістік буындарының бірі. Кәсіпорынның жұмысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруге өз үлесін қосып келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» – Қазақстанның әлемдік атом өнеркәсібіндегі орнын айқындайтын стратегиялық компания. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындап отыр.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының өңірдің әлеуметтік дамуына қосып отырған үлесі де айрықша. Компанияның қолдауымен облыс орталығында құны 3 млрд 800 млн теңгені құрайтын «Достық үйі» бой көтеріп, бүгінде қоғамдық және мәдени бастамалардың маңызды орталығына айналды. Жыл басында аталған ғимаратта V Ұлттық құрылтайдың отырысы өтіп, ел үшін маңызды мәселелер талқыланды.
2011 жылы «Қазатомөнеркәсіптің» қолдауымен ауданда «Мейірім» орталығы бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Енді бұл игі бастама жалғасын тауып, жақын арада Бәйтерек ауылдық округінде құны 622 млн теңгені құрайтын заманауи спорт кешені бой көтермек. Бұл жоба бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан болмақ.
Компания ауданның қоғамдық өміріне де белсенді араласып, әлеуметтік бастамалар мен қоғамдық маңызы бар шараларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпорынның ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі мұнымен шектелмейді. Бүгінде кәсіпорында ауданның 240-қа жуық тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі.
Осы айтулы мерейтойда кәсіпорынның 20 жылдық тарихын қалыптастырған барша азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Еліміздің атом өнеркәсібі өркендей берсін! «Semizbaу-U» мекемесінің мерейі үстем, мәртебесі биік болсын, – деді аудан әкімі.
Сонан соң 20 жылдық мерейтой қарсаңында еселі еңбегімен ерекшеленген еңбек озаттарына облыс әкімінің және аудан әкімінің құрмет грамотасы мен арнайы алғыс хаттарын табыс етті.
Жиырма жыл – бұл уақыт өлшемі ғана емес. Бұл – табанды еңбек, кәсіби шеберлік, сенім мен жауапкершілікке негізделген үлкен жол. Осы жылдар ішінде «Семізбай-U» еліміздің атом өнеркәсібіндегі беделді кәсіпорындардың біріне айналып, өндірістік жетістіктерімен қатар әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, тұрақты дамуды мақсат еткен ұжым ретінде танылды.Жылдар бойы кәсіпорын талай белесті бағындырды. Бұл жетістіктердің негізінде мыңдаған тонна өндірілген өнім ғана емес, ең алдымен өз ісіне адал жандардың маңдай тері, тәжірибесі мен табанды еңбегі Жиырма жылдық тарих – бұл тек өндірістік көрсеткіштердің шежіресі емес. Бұл – адамдардың тағдыры, адал еңбек пен ортақ мақсат жолында біріккен үлкен ұжымның тарихы.
Мерекелік жиында сахна төріне көтерілген құрметті қонақтар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ HR және әлеуметтік жұмыстар департаментінің директоры Жанат Өмірбеков, «Semizbaу-U» ЖШС бас директоры Біржан Сатанов құттықтау сөз сөйлеп, мекеменің «Ең үздік» деген еңбек озаттарын және сала ардагерлерін мерейтойлық медальдармен марапаттады.
Мерекелік кеш әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Сондай-ақ ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Ақмарал Ноғайбаева сахнада әсем ән шырқап, жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Кәсіпорынның әрбір жетістігінің артында өз ісіне адал мыңдаған еңбек адамдарының маңдай тері, тәжірибесі мен қажырлы еңбегі жатыр. Биыл 20 жылдық белесті абыроймен бағындырып отырған «Semizbaу-U» кенішінің жұмысына толағай табыс тілейміз!
Мейіржан ИБРАГИМ






