Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасампаз 20 жыл – жарқын белес

Жасампаз 20 жыл – жарқын белес

Еліміздің өндірістік-логистикалық саласында өзіндік орны бар «KAP Logistics» ЖШС жұма күні 20 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Атаулы мерекеге орай ұйымдастырылған «Жасампаз 20 жыл. Жарқын белес» атты мерекелік жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Салтанатты шарада келген қонақтарды қызыл кілеммен қарсы алып, арнайы әзірленген фотозонада естелік суретке түсті. Сонымен қатар ұжымның 20 жылдық тарихын қамтитын фотогалерея көпшілік назарына ұсынылды. Кеш шымылдығы кәсіпорынның қалыптасу кезеңдері мен жетістіктерін айшықтайтын бейнероликпен ашылды.
Мерекелік жиында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ұжымның өңір экономикасына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, мерейтой иелерін құттықтады. Өз кезегінде ол «KAP Logistics» серіктестігінің ел игілігі жолындағы еңбегі қашанда жоғары бағаланатынын жеткізді.
Айта кетейік, «KAP Logistics» ЖШС 2006 жылдың 10 сәуірінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының жүйесіндегі уран өндіруші және сервистік кәсіпорындарға көліктік-логистикалық қызмет көрсету мақсатында құрылған. Бүгінде серіктестік заманауи техникамен жабдықталған, қуатты өндірістік базаға ие іргелі ұйымға айналып отыр.
Шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар жоғары марапаттарға ие болды. Олардың еңбегі еленіп, кәсіби біліктілігі мен адал қызметі лайықты бағаланды. Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасымен «KAP Logistics» ЖШС-нің бас директоры Дархан Рамазанов марапатталды. Сонымен қатар атом саласының ардагерлері – Бейсен Қыдырбай, Насыр Сүлейменов және Жылқайдар Машрапұлы, «KAP Logistics» ЖШС-і «Шиелі-Сұңқар» филиалының директоры Даурен Досмағанбетов т.б білікті мамандар марапатталды.
Көлік саласының дамуына сүбелі үлес қосқан мамандар да назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен Владимир Савкин мен Нұрлан Шопашев марапатталды. Ал «Үздік автокөлікші» төсбелгісі Жарқынбек Байкров пен Әли Барлыбаевқа табысталды.
Биыл «KAP Logistics» ЖШС-нің 20 жылдық мерейтойына орай арнайы әзірленген төсбелгімен біршама қызметкерлер марапатталды. Олардың қатарында филиал директоры Даурен Досмағанбетов, директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Айжан Қайырбекова, сондай-ақ өндіріс саласының үздік мамандары – Алмас Ибраев, Махсуд Төлегенов, Айтжан Түлкібаев және Әлімжан Исмайлов және т.б мамандар марапат мінберінен көрінді.
Шара барысында көп жылғы адал еңбегімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ кәсіпорын бас директоры Дархан Рамазанов үздік қызметкерлерге арнайы марапаттар табыстап, ұжым мүшелеріне алғысын білдірді.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – республикаға белгілі айтыс ақыны, ҚР Мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп пен оның шәкірті Ержан Әмірдің арнау жыры болды. Ақындар ұжымның еңбегін жырға қосып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар кәсіпорынның қалыптасуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен бұрынғы басшылар да сахна төріне шақырылып, өз естеліктерімен бөлісті. Олардың қатарында филиалдың алғашқы директоры Қыдырбай Бейсен Қасиетұлы, сала ардагері Насыр Шәкенұлы және қазіргі филиал директоры Даурен Досмағанбетов бар.
Жиын барысында музыкалық нөмірлер ұсынылып, мерекелік көңіл-күй одан әрі жандана түсті.
Бүгінде «KAP Logistics» ЖШС жүк тасымалын тиімді ұйымдастырып, қызмет сапасын үздіксіз арттыру арқылы сенімді серіктес ретінде танылып отыр. 20 жыл ішінде қалыптасқан тәжірибе мен кәсібилік алдағы жаңа белестерді бағындыруға берік негіз болмақ.
Мерейтой – өткенді таразылап, болашаққа бағдар жасайтын маңызды кезең. Осы ретте «KAP Logistics» ұжымы алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы еңбегін жалғастырып, жаңа жетістіктерге жете беретініне сенім мол.

Гүлнәр Дүйсебай

20 сәуір 2026 ж. 39 0