МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ

Шара барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл салада еңбек ететін азаматтардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
Мемлекеттік қызмет – абыройлы әрі жауапты міндет. Бұл салада жұмыс істеу терең білім мен тәжірибені ғана емес, жоғары моральдық-этикалық нормаларды ұстануды талап етеді. Мемлекеттік қызметкер – халық пен билік арасындағы сенімді дәнекер. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз елдің ыстық ықыласы мен құрметіне лайық’’– деді аудан басшысы.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітова арнайы қатысып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, игі тілегін білдірді.
Мемлекеттік қызмет саласында адал еңбек етіп, өз қызметіне жауапкершілікпен қараған бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен қатар, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаттарымен де марапатталды.
Шара барысында мемлекеттік қызметшілер тек кәсіби емес, өнердегі шеберліктерін де көрсетті. Олар әсем ән шырқап, жырдан шашу шашып, суырып салма айтыс айтып, әзіл-қалжыңмен де көпшіліктің көңілінен шығып, мемлекеттік қызметкерлер өнерден де алыс емес екендерін дәлелдеді.
Салтанатты жиын, қатысушыларға ерекше рух пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі