Қызылордада мемлекеттік қызметші аруы анықталды
Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Мемлекеттік қызмет аруы» байқауы өтті.
Еліміз бойынша алғаш рет өткізілген мемлекеттік қызметшілер арасындағы нәзік жандылардың байқауында 5 мемлекеттік қызметкер бақ сынады. Атап айтқанда, Арал, Қармақшы, Сырдария, Жаңақорған және Шиелі аудандарының әкімдіктерінде қызмет атқаратын бас мамандар мен жетекші мамандар қатысты.
Аталған байқау «23 маусым -Мемлекеттік қызметші күні» кәсіби мерекесіне орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен ұйымдастырылып отыр.
Байқауға қатысушы арулар «Менің таңдауым мемлекеттік қызмет» бейнебаяндар арқылы өздерін таныстырып, «Қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді» даналық сөздердің мағынасын ашу, «Өнер» және «Тақырыптық қойылым» секілді, 4 кезеңнен өтті.
Байқау қорытындысы бойынша ІІІ-орынға - Арал қаласы әкімі аппаратының бас маманы МөлдірСерікқызы мен Жаңақорған кенті әкімі аппаратының жетекші маманы Айғаным Нұрмұхамбет, ІІ-орынға - Төретам кенті әкімі аппаратының жетекші маманы Рауабану Қарекеева, І-орынға - Шиелі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Жазира Жақсылықова, бас жүлдеге – Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Айгерім Мешітбаева иеленді.
Қатысушылар ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Статистикалық мәліметке сәйкес, Сыр елінде 1657 азаматша мемлекеттік қызметте еңбек етуде. Аймақтағы барлық мемлекеттік қызметшілердің 44,6 пайызын әйелдер құрап отыр.Олардың 749-ы жергілікті атқарушы органдарда, ал, 908-і орталық атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінде қызмет етеді.