Мектептегі кездесу
Өркениеттің шынайы белгісі – мемлекеттің байлығы мен білімінің деңгейі де, қалалардың үлкендігі мен өнімінің молдығы да емес, ол – мемлекеттің тәрбиелеп шығарған азаматы. Заман талап етіп отырған, өмір сүру ортасына икемді де белсенді тұлғаны тәрбиелеу тек өз ісін шын сүйетін ұстаздың қолында. Себебі, ақын болсын, әкім болсын, ең алдымен ұстаздың алдынан өтеді. Сол ұстаздың берген тәлімі мен білімін өмірлік тәжірибе ретінде ұстанады, әрі қарай шыңдайды. Шәкірттеріне бағдар беріп, мамандық таңдауға жәрдемдесу мақсатында бейсенбі күні №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінде 8-11 сынып аралығындағы оқушылармен«Өскен өңір» газетінің қаламгерлері жүздесті. «Журналист болғым келеді» тақырыбында өткен кездесуді қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Сүйінова ұйымдастырды.
«Ел экономикасын, Елбасының саясатын, мәдениетін, білімі мен медицинасын, жетістігі мен осал тұсын саралап, үкімет пен бұқара халық арасына алтын көпір орнату журналистер қауымының басты мақсаты. Күн сайын, тіпті сәт сайын жаңалықтар легі жаңа ақпараттармен толығып отырады. Оны халыққа жылдам, түсінікті, қарапайым түрде жеткізу қалам ұстаған тілшілердің ұдайы ізденісте болуын қажет етеді. Сондықтан, журналист болудың қыр-сырын, қызығы мен қиындығын сол салада еңбек етіп жүрген жандардың өз аузынан естігенді жөн көрдік» – деп бастады сөзін мектеп директоры С.Апбасова. Мектеп оқушыларының қиялына қанат бітірген кездесуге «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, бөлім меңгеруші Г.Дүйсебай және тілші Ж.Ноғайбайқызы қатысты. Еркін форматта өткен басқосуда оқушылар ойларын ашық ортаға салып, толғандырған сұрақтарын қойды. Одан әрі, 15 жасынан «Өскен өңір», «Ұлан» т.б түрлі басылымдарға мақалаларын жариялап, 24 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен жерлесіміз, телеарна саласының жұлдызы Р.Бөлебайды еске алып, арнайы дайындалған бейнероликті назарға ұсынды. Кездесу барысында еңбек жолын сол «Таңшолпан» бағдарламасынан бастаған, аталмыш мектептің түлегі, бүгінгі таңда аудандық газеттің тілшісі Ж.Ноғайбайқызы жайындағы деректерді ұсынып, оқушылардың арманын мақсатқа айналдыра білді.
Білігі мен білімі озық №47 мектеп-лицей аудан ішіндегі білім ордаларының алдыңғы шебінен көрініп келеді. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі «100 мектеп, 100 аурухана» аясында салынған мектеп ғимаратының кітапхана залына жиылған шәкірттердің «100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру мақсатында 30 оқулық жобасын әзірлеп, жұмыс жасап жатқандығын да аңғардық. Кеш соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Қалыбек қонақтарға алғыс білдіріп, сый-сияпат ұсынды.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.