Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Цифрлы білім берудің сиқыры

Цифрлы білім берудің сиқыры

Білімді ұрпақ ұлт болашағы. Сондықтан да Елбасы кезекті Жолдауында адами капиталды жаңғырудың негізі етіп қарастырады. Білім саласына тың серпін беретін жаңа технологияға негізделген жүйелерге бой үйретіп, жаһандық бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеді. Осы бағытта алға қадам басып, аудан көлемінде алғашқы болып сызу пәнін интерактивті тақтамен өткізген №159 «Еңбекші» қазақ орта мектебі цифрлы білім берудің қыр-сырын меңгеруде.
Ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздың алар орны ерекше. Оның білімі мен біліктілігі заман талабына сай маман иелерінің өсуіне жол ашады. Жуырда №159 «Еңбекші» қазақ орта мектебінде сызу пәнінен «Қарапайым тіліктерді орындау және белгілеу» тақырыбында 9-сынып оқушыларымен ашық сабақ өтті. Пән мұғалімі Раушан Тұранбай: «Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген 10 бағыт-бағдар жарқын болашаққа бастар жол іспетті. Біз озық 30 елмен терезе теңестіру үшін өнеркәсібі өркендеген, экономикасы қарыштаған, әлеуеті жақсарған автоматтандырылған елге айналуымыз керек. Ал, ол үшін ІТ-технологияның құдіретін жетік меңгеріп, бір тетікті басу арқылы барлық дүниені басқара алатындай мүмкіндікті иеленсек жеткілікті» – дейді.
Білімді ұстаздың оқушыларына берері көп. Бұл игі бастама цифрлы білім беру жүйесін жетілдіре түспек. Яғни, интерактивті тақтамен жұмыс қалам, қағаз, циркул сынды құрал-сайманды түгендеп шапқылауды қажет етпейді. Сабақтың мақсаты сызбада тіліктерді орындауда жаңа технологиялық әдіс SKetchup бағдарламасымен жұмыс істеуді үйрету болып табылады. Бейне тақтаның сан қырлы сиқырын ашып, шәкірттеріне жаңа форматта сабақ өткен Раушан Саттарқызының бұл бастамасына аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Бағлан Абдрахман және «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Елдос Жүсіп куә болып, оң бағаларын берді. «Бұл сабақтың тиімді тұстары өте көп. Әсіресе архитектура саласына бейімі бар оқушылар үшін таптырмас білім. Келешекте «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында түрлі ғимараттардың жобасын да осындай технологияларды пайдалана отырып жасайтын боласыздар» – деп Бағлан Абдрахман өз ойымен бөлісті.
Мектеп қабырғасында 299 оқушы білім алады. Жаңа оқу жылы тағы да 5 дана компьютер, 5 дана бейне тақта, 5 дана бейне проектормен толықты. Олар мультимедия, орыс тілі, тарих, ағылшын тілі (лингафон), бастау­ыш сынып кабинеттеріне жасақталғанын айтып өткен мектеп директоры Ерсаид Жүсіпов әлі де тың идеяларымен бөлісетінін тілге тиек етті. Осы орайда, айта кетсек, мұғалімдер күнделікті жұмысын Елбасының кезекті Жолдауын оқушыларға қарапайым түсіндіре отырып, оқушыларға бағыт беріп, жөн сілтейді.
Білім – тәртіп пен тәрбие бар жерде салтанат құрады десек, соның айғағы ретінде №159 «Еңбекші» қазақ орта мектебін айтуға болады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты бір сабақ барысында аңғарып, олардың жаңашылдыққа құмар әрі бейім екеніне көз жеткіздік. Алдағы уақытта да игі бастамалар мен жағымды жаңалықтардың лебі еседі деп сенім білдіреміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
23 қаңтар 2018 ж. 1 914 0