Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы
Жыл сайын жылдың ең басты құжаты болып саналатын Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы барша қазақстандықтарды бей-жай қалдырмайтыны анық. Жолдау егеменді еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы жоспарларға құрылған құнды құжат. «Ең жақсы жоспар – заман талабына бейімделген жоспар. Сол себепті біз де заманның ағымына қарай жоспарларымызды нақтылап отыруымыз қажет. Сонда ғана Отанымыз – Қазақстанды мәңгілік ел етеміз» – деген Елбасы сөзі әрдайым әр қазақстандықтың ойында жүруі тиіс деп ойлаймын.
Ауданымызда ерекше балалармен жұмыс жасап отырған №3 облыстық балалар оңалту орталығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауын аса ден қоя оқып шықты. Елбасымыз барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету, мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттіліктері мен орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшуі, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау, бұл жастарды жаңа технологиялық дайындаудың басты шарты екендігін атап көрсетті. Бұл бастаманы Елбасымыздың білім саласына айрықша көңіл бөліп, ел болашағы балаларымыздың дұрыс тәрбие алуы мен білім деңгейлеріне ерекше назар аударғандығы деп білеміз. Демек, өзінің тарихын, тілін, мәдениетін, заманға лайық тілдерді меңгерген, озық ойлы, парасатты, дені сау ұрпақты тәрбиелеу білім саласында жүрген барша ұстаздар қауымы үшін үлкен міндет.
Нұржамал Еспанова,
№3 облыстық балалар оңалту орталық директорының
оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.