Ізденген жетер мұратқа
Қай заманда болсын адамның ақыл-ойымен бірге алған ілім-білімі де жоғары бағаланған. Қазақ халқы «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп, білім алудың артықшылығын мақалға қосқан. Өйткені, білім мен ғылым дамыған сайын адамның ой-өрісі де өсіп, қоршаған ортаны тани түседі, дүниетанымы өзгереді.
Бүгінде еңбек нарығында оқымаған адамнан гөрі оқыған азаматқа сұраныс арта түсті. Адамзат баласы шығарған қарапайым еңбек құралы уақыт өте келе түрленіп, заманауи технологиялармен ұштасып жатыр. Ал, осы үдеден шығу үшін білім мен тынымсыз ізденіс қажет. Шәкірттеріне сапалы білім беру үшін үнемі жаңа дүниелерді меңгеруге талпынып жүретін №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Шырынхан Үмбетованың екінші қыры әңгімемізге арқау болмақ.
«Ізденген жетер мұратқа». Бұл мақал Шырынханға арнап айтылғандай. Үздіксіз «Өскен өңір» редакциясына мақала жазып, жолдап тұратын кейіпкеріміз жуырда ғана республикалық «Шығармашылық психолог» сырттай байқауынан ІІ орынды иеленген болатын. Иә, ағылшын пәнінің мұғалімі психологтар байқауынан жүлделі орынға қол жеткізіп отыр. Өйткені, ілім-білімге құмар жаны жан-жақтылыққа үйретеді. Мұғалім қызметін атқара жүріп, 2009-2011 жылдары педагог-психолог мамандығын да меңгереді. Оның «Арман қалай орындалады», «Тілектің күші», «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері сіздерге айтам», «Психолог қалің қалай?» атты мақалалары газет беттерінде жарық көреді. Талабы таудай мұғалімнің осымен шектеліп қалар ойы жоқ. Алдағы уақытта осы жазбаларын кітап бетіне орналастырып жинақ етіп жарыққа шығаратын мақсаты да бар.
15 жылдық жұмыс өтілі бар ұстаздың ұлағатты істері жетерлік. «Білім – инемен құдық қазғандай» көп еңбекті, тынымсыз ізденісті талап етеді. Көргенін көңілге түйіп, естігенін есте сақтап, оқығанын ойға түйетін Шырынханның бұл жеңісі білім шыңына бір қадам жақындағанының айғағы. Білікті де білімді ұстаз көрген шәкірттер де жаңа заманға бейімделіп өседі. Әрі мұғалімнің мерейін асырып, елге пайдасы тиер азаматтар шығады. Сондықтан, Шырынхан Үмбетоваға толағай табыстар тілеп, еңбегінің жемісін көре беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.