Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Такси жүргізуші – Кенжеш ақсақал

Такси жүргізуші – Кенжеш ақсақал


«Еңбек– бәрін де жеңбек» расымен де, қазіргі таңда еңбектің мән-маңызы арта түскені ақиқат. Еңбексіз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екені, онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екендігі белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көптеп үлес қосып келеді. Осы тұрғыдан алғаңда елімізде қарапайым еңбек адамының рөлі жоғарылай түсуде. Елбасы Н.Назарбаев «Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Демек, қарапайым еңбек адамдары кез-келген қиыншылықтан өз еңбегінің арқасында ғана еңсере алатыны сөзсіз.
Шиелі ауданы ұлағатты ақсақалдар мен бар өмірін еңбекке арнаған жандарға толы. Қаршадайынан қара жұмысқа араласып, зейнетке шыққан шағында да қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген зейнеткер көпке үлгі. 1945 жылы Алғабас ауылында дүниеге келген Кенжеш Үсенбаев 73 жасқа келсе де бар ғұмырын еңбекке арнап келеді. Алғабас ауылында 37 жыл механизатор болған ақсақал, бойында күші тұрғанда қалай да еңбекке араласып, халық үшін қолдан келгеннің бәрін жасап қалуға тырысты. Он үш жылдан бері қарай темір тұлпарды тізгіндеп, Алғабас пен кент орталығының арасында такси жүргізуші болып, халыққа қызмет көрсетіп, кәсіп етуде. Зейнеткерлікке шыққанына 10 жыл болса да, 2002 жылғы ресейлік көлік жигулиді күнделікті серігіне айналдырған.
Кенжеш қария: «аумалы-төкпелі заманды да, іргесі шайқалып, халықтың тұрмысы кері кете бастаған шақты да бастан өткердік. Осының бәрін көре тұра үйде қалай тыныш жатайын, денсаулығың болып тұрса, бейбіт заманда кәсіп етіп, сүйікті ісіңмен айналысқанға не жетсін. Қарап жатуға дәтім шыдамайды. Жастарға үлгі болғым келеді. Оларды жастайынан еңбекке баулыса, қазіргідей түннің жарымын жын қуғандай ойын сауық орындарда қыдырып, тіпті, шарбақтарды құлатып, қоғамға зиянын тигізбес еді. «Жұмысы жоқтық аздырар адам балсын» дейді ғой Абай. Өзін-өзі асырап, осылай тасымалдаушы болып қызмет атқарса деген ой ғой» – дейді көпті көрген зейнеткер.
Ақсақал жұбайы Шамшат Әбдіраманова екеуі ұлды асырап, 7 немере сүйіп, өнегелі отбасын құрып отыр. Келіні бүгінде алтын алқа иегері. Сондықтан болар, қария: «Туған, өскен ел, отанымызды құрметтеуге, келешегін өрлетуге, ұрпағымыздың бір-біріне қамқоршы болуын қаладық. Өз өміріме, балаларыма, қоғамға ырзамын. Келешектің жақсы болатынынан үміт үзгенім жоқ. Ел иесі болып қала берсе деп тілеуін тілеп отырамын», дейді көргені көп такси жүргізушісінің сөзін санаға түйіп, амандығын тілеп, осындай жандардың көп болып, өскелең ұрпаққа үлгі бола берсе екен деп іштей тіледік.

Ж.Ноғайбайқызы.
26 тамыз 2018 ж. 1 740 0