Кәсіптің көзін тапқан қиындық көрмейді
Қазіргі заманда бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иелерін көргенде, ішің жылиды. Таңнан қас қарайғанша біз бен тебенді, балға-шегені жанына серік еткен етікшілердің тірлігі – нағыз еңбек. Осындай жандардың бірі – Ғалым Әлменов.
Ғалым Әлменовтің етікшілік өнерді өміріне серік еткеніне 15 жылдан асыпты. Етікшілікті өз бетімен үйренген ол, өз кәсібін дөңгелетіп шырайын келтіріп отыр. «Ерінбеген етікші болады» демекші, Ғалым аталған кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгеріп, әбден машықтанған. Етікшілік жұмыс күн суып, қыс жақындаған сайын қыза түседі. Бұл уақытта аяқ киімнің сырмағын жасап, табанын тігіп, тесігін жамау жұмыстары жиі жасалады. Ал, жаз, күз, көктем айларында жеңіл-желпі жұмыстар жасалып, етікшілер үшін аса қауырт жұмыстар бола бермейді.
Аяқ киім тігу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Бұл жерде тиянақтылық, шеберлік, шыдамдылық, бірінші кезекте тұру керек. Мен алғаш рет осы жұмысқа отбасымды асырау үшін, күнделікті табыс ретінде қарап келдім. Кейін уақыт келе қызығушылығым артып, бүгінде нағыз кәсібіме айналып отыр. Он бес жылдан бері көп нәрсені үйрендім. Тіпті, жөнделген аяқкиімдерге сын айтып, реніш білдірген тұтынушы болған емес. Керісінше, алғыс айтатындар көп. Елдің ықыласына бөлену мен үшін бір ғанибет, – дейді етікші Ғалым.
Жалпы, етікшілік еленбейтін еңбек болғанымен, қазір Ғалым сияқты етік тігіп, нәпақасын тауып отырғандар көп. «Еңбек– бәрін де жеңбек» расымен де, қазіргі таңда еңбектің мән-маңызы арта түскені ақиқат. Еңбексіз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екені онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екендігі белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көптеп үлес қосып келеді. Осы тұрғыдан алғанда елімізде қарапайым еңбек адамының рөлі жоғарылай түсуде.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.