Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерінбеген етікші тебеннен теңге табады

Ерінбеген етікші тебеннен теңге табады


Қазіргі заманда бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иелерін көргенде, ішің жылиды. Таң атысымен күн батып, қас қарайғанша біз бен тебенді жанына серік қылатын етікшілердің тірлігі – нағыз еңбек. Осындай жандардың бірі – кент тұрғыны Амандық Жәкеев.
Күндіз-түні көз майын тауыса отырып, қолға алғаныңды қонымды етіп тігіп, оны келістіріп көмкеру ең алдымен үлкен шыдамдылықты, таусылмас төзім мен ептілікті талап ететіні анық. Иә, бұл тұста талғамы биік тұтынушының қас-қабағына қарап, көңілінен шығу оңай шаруа емес. Мұны етікші Амандық Зеңгібайұлы жақсы біледі. Ол кәсібінің ыстық-суығына шыдап, талай жылдан бері еңбек етіп келеді. Өйткені, етікші тырмысып тіршілік еткенге тәңірдің де болысатынына сенімді. Біз бен тебен – серігі. Таң шапағымен таласа тұрып, қас қарайғанша құрал-саймандарын жанына серік қылатын етікшілердікі – нағыз еңбек. Жасыратыны жоқ, етікшілік кәсіпке мұрнын шүйіре қарайтындар бар. «Кедейдің кербезінен сақта» дегендей, екі қолға бір күрек таба алмай отырып, етікші болудан арланатындар аз емес. Бірақ, кейіпкеріміз өз кәсібін нағыз табыстың көзі деп санайды.
Амандық Зеңгібайұлы бірнеше жыл бойы Жуантөбе ауылдық округінде колхозда механизатор, одан ауылда құрылысшы болып жұмыс жасайды. Бірақ, тұрғындарды жұмыссыздық шарпып, сабылтқан сонау кезеңдерде ойлана келе, өзінің жаны қалаған кәсіпке бет бұрады. Содан бері осы кәсіпті нәсіп етіп, еңбектеніп келеді.
– Алғашында қызығушылық танытып, кейін осы салаға машықтандым. Осылайша, бар өмірімді осы кәсіпке арнап, нәсібімді тау­ып жүрмін. Оған еш өкінбеймін. Керісінше, екінің бірінің қолынан келе бермейтін тиянақты­лықты, шеберлікті, шыдамдылықты талап ететін етікші жұмысының қыр-сырын игерге­нім­ді мақтан тұтамын, – дейді ол. Оның етікші кәсібін игергеніне 20 жылға жуықтапты. Мұндағы ең арзан қызмет құны 50 теңге болса, жұмыстың қиындығына қарай бағасы да арта береді. Айтуынша, аяқ киім жөндеуге қажетті құрал-жабдықтарға айтарлықтай қаржы жұмсалмайды. Тек әрбір қажетті затты молынан алып қойса, біразға жетеді. Қолындағы бар құрал-саймандарды, тігін машинасы мен станоктарды пайдаланады. Көбі – қолдың жұмысы. Айтқандай, материалдарды да Түркістан қаласынан алып келетін көрінеді.
Төзім мен ептілікті талап ететін кәсіп иесіне күніне онға жуық тұтынушы аяқ киімін жөндетуге келеді. Бұл қыс маусымында. Ал, жазда мұнан екі үш есе азаяды екен. «Қол қусырып, қарап отыратын күндеріміз де болады», – дейді ол. Етікші қызметіне мұқтаж болып келген тұтынушыларды әрдайым жылы шыраймен қарсы алып, көңілін табуға тырысады. Ең бастысы, олардыкі – адал еңбек. «Ерінбеген етікші болады, ұялмаған өлеңші болады» деген халық тәмсілі кейіпкеріміз тура Амандық жайында айтылғандай. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей етікшілік тек тиянақтылықты ғана емес, аса шыдамдылықты да қажет етеді. Әу баста шебердің ісіне сын айтып, реніш білдіретін «қырсық» тұтынушылар да болған. Иә, етікші болу – еріккеннің емес, тіпті, екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп түрі.
– Елдің ықыласына бөлену – мен үшін бір ғанибет. Тұтынушы әртүрлі болады. Бірі жөнделген аяқ киімді ұнатса, бірі «мына жері дұрыс тігілмеген, қайта жасап беріңіз деп тұрып алады. Ал, кейбір адамдар жөнделген аяқ киімдерін «мынау менің аяқ киімім бе?» деп таң қалып жатады. Мұндайда тұтынушы­ның көңілінен шығып жатса, іштей қуанып қаламыз. Ал әлгіндей қырсығып тұрып алатын адамдарға амал жоқ, қайта жасап беріп жатамыз, – дейді ол. Етікшінің айтуынша, қазіргі етіктердің көбі сапасыз. Бұрынғы етіктердің ұлтарағының астында жұп-жұқа қабаттан арнайы жасалған қатты зат болған екен. Ол аяқты майтабан болудан және жағымсыз иіс шығудан сақтайды. Қазіргі сапасыз аяқ киімдер денсаулыққа өте зиян. Себебі, олардың көбі аяққа қонымды келе бермейді. Ұлтарағы, табаны өте жұмсақ аяқ киімдер майтабан, буын ауруларын тудырады. Аяқ киім әдемі көрінуі үшін өндірушілер терінің астына паралон салады екен. Бұл материал ауа өткізбейтін болғандықтан, аяқты терлетіп, түрлі аурулардың тууына себепші болады.
Қайсыбір істің де алғашқыда қиындығы болады. Бірақ, сол істі ұршықтай иіріп әкету әрбір адамның ниетіне, талпынысына байланыс­ты. «Арланбаған абзал. «Біз бен тебен ұстау қолдан келмейді» деп, қол қусырып қарап отыруға болмайды». Шебер осыны тілге тиек етті. Жасыратыны жоқ, жұмыссыздық мәселесі қай қоғамда да өзекті. Етікші болуға намыстанып, «одан да жұмыссыз жүргенім жақсы» дейтін адамдарға кейіпкеріміздің ұстанымы ой салары анық. Түсінгендерге, әрине.
Тепсе темір үзетін, еңбекке жарамды бола тұра, көшеде көрінгенге алақан жайып, тіленіп жүрген немесе жұмыс жоқ жасайтын деп жұбайының тапқанын «талғажау» ететін кей азаматтар осындай кәсіп иелерінен үлгі алса дейміз. Десе де, кербездік кернеген «кісінің» қолы етікшілікке бара қоюы екіталай. Әйтпесе, бұл кәсіпке жоғары білімнің де қажеті жоқ. Қарапайым ине мен біз осындай қаншама отбасының нәпақасы болып отыр. Етікшілік еленбейтін еңбек болғанымен, қазір Амандық Жәкеев секілді осы кәсіп арқылы өзінің нәпақасын тауып отырғандар көп. Осыған қарап етікшіліктің нағыз еңбекті қажет ететінін білуге болады.

Дина ЖҮСІПОВА.
04 сәуір 2018 ж. 1 642 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

№89 (9253)

09 қараша 2024 ж.

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930