Кәсібіне қарай – нәсібі
Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойылған маңызды міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлік қаншалықты дамыса, экономика да соншалықты өркендеп өсе бермек. Сол себепті де, Елбасы халыққа арнаған Жолдауында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет» деп, елдің алдына үлкен мақсат қойды.
Осы ретте, жас болса да бас болып, алдына мақсат қойып, өзінің шағын кәсібін дөңгелетіп, отырған жас кәсіпкерлер хақында сөз етуді, өзге жастарға үлгі ретінде насихаттауды жөн санадық. Бүгінгі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, бүгінде өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелентіп отырғандар саны күннен – күнге артып келеді. Сол жандардың қатарында жас кәсіпкер Нағашыбай Серікбай да бар.
1995 жылы Тартоғай ауылында дүниеге келген жас кәсіпкер, ауылына наубайхана салуды алдына мақсат қойып, жеке кәсібін жүргізу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастырған «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша қысқа мерзімді оқу курсын аяқтап, наубайхананың шырайын келтіріп отыр. Н.Өркенбайұлы: «Бизнесті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет, сонымен қатар үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы бекер болады. Нан пісіруді бала кезімнен көріп келе жатқандықтан, маған отбасылық кәсіпті одан әрі дамытуға қиындық болмады. «Адамды көркейтетін – еңбек» дегенді алға тартамын. Сондықтан аянбай еңбек етіп келемін. Тұрмысым да берекелі. Мемлекеттің қолдауымен бүгінде осындай жетістікке жетіп отырмын» – дейді.
Анасы Қамар Жасаева да 30 жылдан бері нан өнімдерін шығарумен айналысқан. Осы отбасылық кәсіпті одан әрі дамыту бағытында өзінің жеке кәсібін ашып, жас та болса, бас болып адал еңбек етіп келеді. 2016 жылы шағын бизнесін қолға алған кезде 200-дей нан шығарған наубайхана, қазіргі уақытта ауылға 150 тандыр нан, 400 бөлке нан мен 200 булочка шығарып, Ботабай, 17 бекеттерді қамтамасыз етіп отыр. Келешекте тұшпара дайындап сатуды жоспарлауда. Бүгінде қарамағында 3 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, аудан әкімінің «Жас кәсіпкер» номинациясы дипломымен марапатталған. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкерге, ауыл тұрғындары да ризашылығын білдіруде.
– Мен осы наубайханадан 2 жылдан бері тұрақты нан алып отырамын. Нандары өте дәмді, әрі тойымды. Жұмысының сапасы да жоғары, бағасы да көңілге қонымды. Бүгінде ауыл тұрғындарының алғысын алудан артық бақыт жоқ қой. Міне, бізде рақметімізді айтып отырамыз – деп ағынан жарылды ауыл тұрғыны Базаргүл Өтетілеуова .
Расымен де, кіші бизнес – нарықтық экономикадағы ең тиімді табыс көзі. Ол үшін көп ақша қажет емес, әрі тұтынушысы да көп. Сондықтан да мемлекеттің алға қойған негізгі бағыттарының бірі –экономикаға, бизнеске қабілетті адамдардың қатарын елу пайызға көбейту, шағын және орта бизнеске азаматтарды көптеп тарту болатын. Көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Әлем де еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.