КӘСІПКЕРЛЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ
Елбасымыз жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауларында әлеуметтік салаға үлкен мән беріп келеді. Биылғы жолдауында да терең тоқталып, Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау және Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осал топтарын кеңінен тарту қажет деген болатын.
Осы ретте 1 жылдық тәжірибесі бар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» Қазақстан Республикасы Үкіметімен 2017 жылғы 26 желтоқсандаөзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы болып қайта бекітілді.
Бағдарламаға енген өзгерістерге сәйкес ҚР Үкіметі жаппай кәсіпкерлікті дамыту екінші бағытына басымдық беріп отыр, аталған бағытқа «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, микрокредиттерге кепілдік берумен қоса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беруді мақсат етіп отыр.
Бизнесті іске асыруды жоспарлап отырған Бағдарламаға қатысушыларға қайтарымсыз негізде 100 АЕК дейінгі немесе 240 мың теңге мөлшерде мемлекеттік гранттар беріледі. Аталған грантты алуға үміткерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткен немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді оқу курстарын аяқтаған азаматтар қатыса алады. Мемлекеттік грант қажетті инвентарьды, еңбек құрал-жабдықтарын, технологиялық жабдықты сатып алуға пайдаланылады. Мысалы «Тігінші», «Электргазбен дәнекерлеуші» мамандығын алған азаматтар тігін машинасын, дәнекерлеу құрылғысын алып, кәсібін бастауға болады.Бағдарламаға енген осы өзгерістерге сәйкес жаңа мүмкіндіктермен биыл 200 азаматқа 48,0 млн. теңге көлемінде мемлекеттік гранттар алуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік грант шаштараз, тігін цехы, техникаға қызмет көрсету орталығына,автокөліктің дөңгелектерін желімдеуге, наубайханаға, инкубатор құрылғысына, балмұздақ өндіруге, жүн, мақта өңдеуге, қол өнер бұйымдарына, ұлттық тағамдар дайындауға, темір бұйымдар шығаруға, ағаш өңдеуге, пластикалық бұйымдар шығаруға, аяқ-киім шеберханасына, монша ашуға және де басқа жаңа бизнес идеяларға беріледі.
Жұмыспен Қамту Орталығы Шиелі фейсбук парақшасынан