БИЫЛ БАҒДАРЛАМАҒА 500 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ҚАТЫСУЫ МҮМКІН
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысын сынап, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
«Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор. Барлық негізгі мамандық бойынша заманауи стандарттар әзірлеу қажет. Бұл стандарттарда жұмыс берушілер мен бизнесмендер еңбеккерлердің білімі, қабілеті мен құзыретінің қандай болуы қажеттігін нақты белгілейді. Кәсіби стандарттардың талаптарын ескеріп, білім берудің жаңа бағдарламаларын әзірлеу қажет немесе қазіргі бағдарламаларды жаңарту керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады.
Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтыңосы санаттарын кеңінен тарту қажет.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет. Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс» –деп атап көрсетті Елбасы.
Осыған байланысты қазіргі кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бүгінгі дейін істелінген жұмыстарының нәтижесін халыққа жария етіп жатыр. Шын мәнінде жұмыс бар, нәтижесі енді көрінетіні де айқын. Министрліктің баспасөз қызметі өткен жылы Қазақстанда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру басталғанын айтып, оған қанша адам қатысқанын мәлім етті.
Бір жыл ішінде 573 мыңнан астам қазақстандық аталған бағдарламаға қатысқан көрінеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс табуға талпынған азаматтар ішінде – 403 мың адам (70,4%) жұмыссыздар, 149 мың адам (26%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады.
Сонымен бірге 29 жасқа дейінгі қатысқан жастардың үлесі 42,5%, ал әйелдер үлесі – 49,2% болды.
Бағдарлама аясында 315 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орындарына тартылды. 138 мыңға жуық адам жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа орналасты.
Жалпы алғанда, 2017 жылы бағдарламаны іске асыруға 85 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Айта кету керек, 2018 жылы аталған бағдарлама шеңберінде 500 мыңнан астам азаматты қамту жоспарланып отыр.
Еркін ҚАЛДАН