ЕҢБЕК МИНИСТРЛІГІ ЕРЕКШЕ ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ
Орталық коммунтикациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген ведомстваның негізгі міндеттері туралы баяндады.Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауында әлеуметтік-еңбек саласы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдына нақты тапсырмалар қойылды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты рәсімдеуде министрліктің жұмысын сынға алды. Өз кезегінде вице – министр С. Жақыпова 2017 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты қабылданған шаралар туралы және бұл бағыттағы жұмыстар жанданатынын айтып берді.
–Өткен жылы жергілікті атқарушы органдар 2017 жылдың 1- сәуірінен бастап ешқандай мәртебесі жоқ 5,7 млн адамға үй-үйді аралау бойынша жұмыстар жүргізді, мемлекеттік органдардың деректер базасында 2,5 млн адамның мәртебесі анықталды. Қазіргі уақытта қалған 3,2 млн адамға жұмыстар жүргізілуде, соның ішінде: 504 мың адам – елден шығып кеткендер, басқа өңірлерге және шетелдерде – 363 мың адам, сондай-ақ 123 мың адам студенттер және қайтыс болған азаматтар – 17,5 мың, –деді вице-министр.
Жалпы алғанда, 2018 жылы 570 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр, нәтижесіз жұмыспен қамтылған және жұмыссыз азаматтардың 40 пайызы үй-үйді аралау кезінде анықталған.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өңірлерде жүзеге асырылатын барлық инфрақұрылымдық жобаларды, аймақтарды дамыту және жұмыс орындарын құруға болатын жеке бастамаларды ескере отырып, рәсімдеу бойынша Жол картасы және Жұмыспен қамту картасы әзірленді.
Еңбек нарығында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды тіркеу бойынша жасалған Жол картасының бағыттарын іске асыру, орта мерзімді перспективада 1,2 млн адамға дейін ресімдеуді қамтамасыз етеді.Елбасының тапсырмасымен министрлік еңбек нарығындағы «Электронды Еңбек биржасы» бірыңғай ақпараттық базасын іске қосты.
Бүгінге дейін аталған электронды биржа порталында жұмыс берушілер, жұмыспен қамту және жекелеген орталықтар тарапынан 24 мыңнан астам бос жұмыс орындары мен 5,7 мыңнан астам түйіндемелер орналастырылды. Қазірдің өзінде Электронды Еңбек биржасының серіктестері 27 жеке агенттік және market.kz пен zarplata.kz интернет-сайттары болып отыр.
Қабылданған шаралар халықты жұмыспен және жаңа сипаттағы қызметтермен қамтамасыз етуге кең мүмкіндік береді. Аталған портал 2018 жылдың қаңтарынан бастап республика бойынша жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысының Жолдауында бос жұмыс орындарын қамту үшін үйлестірудің айқын саясатын әзірлеу міндеті қойылды, бұл экономиканы цифрландыруға бастайды.
Қазір, министрлік төрт компаниямен жол картасына қол қойды.
(«Еуразиялық топ» ЖШС, «АрселорМиттал Темиртау» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және «Богатырь Көмір» ЖШС). Барлық облыстарда, сонымен бірге Алматы және Астана қаласында еңбеккерлер күшін басқару бойынша арнайы штабтар құрылды. Дәл қазіргі жағдайда 137 ірі кәсіпорынмен жол картасына қол қойылды.
Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыру және мұқтаж жандарға көмек көрсетуді күшейту жөніндегі тапсырмасына сай елдегі әлеуметтік көмекке қатысты жаңа тәсілдер (бұдан әрі – АӘК) біртіндеп шарттық негізде және әлеуметтік келісімшарт жасау негізінде енгізіледі.
–Жаңа жүйенің бұрынғыдан ерекшелігі тың әдіс-тәсілдердің енгізілуі. Жұмысқа орналасу үшін қабілеті бар аз қамтылған азаматтардың міндетті түрде жүріп жатқан белсенді шараларға қатысуы, оларды ынталандыру, бәсекеге қабілетті ортадағы еңбек нарығында өз орындарын табуға жәрдемдесу, – деді Светлана Жақыпова.
Өз Жолдауында Мемлекет басшысы кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырды. Бүгінгі күні 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 1,05 АЕК мөлшерінде төленеді (2018 жылы – 29 696 теңге).
Бұған қоса, вице-министр зейнетақы төлемдері мен әлеуметтік жәрдемақылардың артуының негізгі тұстарына тоқталды.
Мәселен, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 8 пайызға арттыру жүзеге асырылды, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері (15 264 теңге) көтерілді.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы қайта қаралып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен жылмен салыстырғанда оның көлемі 16 пайызға өсті, бұл асыраушысынан айырылған және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың көлемінің өсуіне сеп болды.
–Биылдан бастап 2027 жылға дейін, жыл сайын 6 айдан жүзеге асырылатын әйелдердің 58 жастан 63 жасқа дейінгі зейнеткерлік жасын кезең-кезеңмен арттыру көзделеді. Егер бүгінде бұл реформа жасалмаса, онда ертең әйелдер төменгі ынтымақты зейнетақымен қамтылып және жинаған зейнетақы жарналары тиісті көлемінде болмай, жоғарғы зейнетақысыз қалып қоюы мүмкін, – деді вице-министр.
Еркін ҚАЛДАН