Аудан тұрғындарына ҮНДЕУ!
Өткен аптада Шиелі аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Аталған отырыста, «2018 жыл Қызылорда облысы бойынша жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялауына байланысты аудан тұрғындарына үндеу арнау бойынша шешім қабылдаған болатын.
Естеріңізде болса, бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Қызылорда облысы әкімдігі мен «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер кеңесінің бірлескен отырысында «2018 жыл Қызылорда облысы бойынша жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады.
Аймақ басшысы Елбасының «Төртінші индустриалды революция жағдайында жаңа даму мүмкіндіктері» атты Жолдауында өмірдің барлық салаларын цифрландыруға ерекше назар аударылғанын атап өтіп, осы орайда 10 негізгі міндетті алға шығарғанын айтты. Расында, цифрландырудағы басымдық беретін негізгі көрсеткіштердің бірі қоғамның барлық салаларында, соның ішінде бизнесті дамытуда қызмет көрсетудің және дұрыс шешімдер қабылдау тәсілдерінің барлық аспектілерінде сандық қызметті кеңінен енгізу болып табылады. Сондықтан, жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті дамытуды, әсіресе ауылдық жерлерде осы саланы өркендетуді көздейді. Бұл ауыл адамдарының жұмыспен қамтылып, адал бейнетімен нәпақасын теруіне мүмкіндік беретін бірден-бір дұрыс жол екендігі ақиқат. «Биыл біз өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылын жариялауды жоспарлап отырмыз, себебі біз үшін бұл өте маңызды мәселе», – деді облыс әкімі.
Жалпы, кәсіпкерлік деген ұғым Қазақстан Республикасының нарықтық экономикаға кенеттен өтуімен байланысты барлық экономика салаларында басты ұйымдастырушы күш – кәсіпкерлер тобы өмірге келе бастады. Елдің тауары осы күштің іске қосылып, табысты еңбек етуіне байланысты. Кәсіпкерлік ісі тек қана өндірісте емес, сонымен бірге коммерциялық, финанс, ақпарат салаларында басты ұйымдастырушы күш. Яғни, кәсіпкерлік саласы экономиканың қозғаушы тетігінің бірі. Президентіміз Н.Назарбаев базарлы қатынастың нәтижесінде жүзеге асырыла бастаған аталмыш саланы екі жаққа да тиімді, яғни мемлекетке де, жеке адамға да пайдалы өрістетудің жолын ашып отыр. Сондықтан да әр тұрғын, әрбір жерлестеріміз өз бейімділігіне қарай белгілі бір кәсіппен шұғылданса, тұрмысын түзеп, жағдайын жақсарта алады. Ұсыныс иелерінің жергілікті атқару орындарынан қолдау табары да анық. Оған өз ісін ерінбей бастаған қазіргі белгілі кәсіпкерлердің іс тәжірибелері дәлел бола алады. Әрбір іс – адамның белсенділігі және іскерлігі арқылы белгілі нәтижеге жеткізеді, дәулетін арттырып, абырой да әкеледі. Тек, Сіздердің тараптарыңыздан алға қарай ұмтылыс пен жігерлілік қажет. Елбасы бастап, аймақ басшысы қостаған кәсіпкерлік саласын бірге өрістетейік!
П.Маханбет,
Шиелі аудандық мәслихаттағы
«Нұр Отан» партиясының
депутаттық фракция
жетекшісі.