Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құндылық – ұрпаққа аманат

Ұлттық құндылық – ұрпаққа аманат

Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің Б. Сапарбаев атындағы Атриум мәжіліс залында Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы ардагерлер рөлі» тақырыбында тағылымды жиын өтті.

Басқосудың басты мақсаты – аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастар тәрбиесіндегі ардагерлердің қоғамдық рөлін арттыру және ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайту.
Жиынға ел дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен «Болашақ» университетінің оқытушылары, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы Дүйсенбаев жүргізіп, кездесудің мақсаты мен маңызына тоқталды. Сонымен қатар Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов қатысушыларға сәттілік тілеп, тақырып аясында өз ой-пікірін білдірді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, адалдық, әділдік, тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын орнықтыру жөніндегі бастамаларына ерекше назар аударылды. Осы қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіруде отбасы, білім беру ұйымдары мен қоғаммен қатар, аға буын өкілдерінің де орны айрықша екені атап өтілді.

Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық тәрбиенің негізі
Жиында Республикалық ардагерлер ұйымы ұсынған «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасының негізгі бағыттары кеңінен таныстырылды.
Олардың қатарында «Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр», «Кітаппен келешекке», «Алтын Орда – тарихи сана мен бабалар аманаты», «Отбасы құндылықтарын қастерлеу», «Дәстүр мен дін – егіз ұғым», «Таза ауыл – тағылымды ұрпақ», «Адал еңбек – адал табыс» бағыттары бар.
Бұл бастамалардың барлығы жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие, отансүйгіштік, еңбекқорлық, білімге құштарлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет және қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған.
Жиында отбасы құндылықтарын сақтау және неке тұрақтылығы мәселесіне ерекше мән берілді. Еңбек ардагері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Т. Жүргенов атындағы қоғамдық қорының Құрметті төрағасы Аңсат Сәби Әбдіқадырұлы «Отбасы құндылықтарын қастерлеу және неке тұрақтылығы» тақырыбында баяндама жасап, берік отбасының қоғам тұрақтылығындағы маңызына тоқталды.
Ал қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сайлаубай Әбішев «Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр» тақырыбында сөз сөйлеп, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу дәстүрінің тәрбиелік мәнін атап өтті.
Дәстүр мен дін – ұлттық бірегейліктің тірегі
Кездесуде дәстүрлі дін, ұлттық бірегейлік және жастарды жат ағымдардың ықпалынан қорғау мәселелері де кеңінен талқыланды.
«Болашақ» университетінің «Филология, журналистика және тарих» кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Берік Рахманұлы Саймағанбетов «Дәстүрлі дін және ұлттық бірегейлік: жат ағымдарға жол жоқ» тақырыбында баяндама жасады.
Ал Қызылорда облысының бас имамы, дінтанушы Дастан Құрманбаев осы бағыттағы мәселелерге діни тұрғыдан сараптамалық пікір білдірді.
Баяндамашылар жастардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды қатар дәріптеу және түрлі теріс идеологиялардың алдын алудың маңыздылығын атап өтті.
Кітап оқу – рухани кемелденудің жолы
Жиында жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстанның Құрметті кітапханашысы, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы Шамшахар Қанқожаева «Кітаппен келешекке» тақырыбында баяндама жасап, Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін арттыруға бағытталған бастамаларының маңызына тоқталды.
«Бір отбасы – бір кітап» бастамасын дамыту, жастарды сапалы әдебиет оқуға баулу және кітап арқылы олардың дүниетанымын кеңейту – ұрпақ тәрбиесінің маңызды бағыттарының бірі екені айтылды.
Тарихын білген ұрпақ – елін қадірлейді
Тарихи сананы қалыптастыру мәселесі де жиынның маңызды тақырыптарының біріне айналды.
Тарих ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры Тастанбек Сәтбай «Алтын Орда – тарихи сана мен бабалар аманаты» тақырыбында баяндама жасап, жас ұрпақтың ел тарихын терең білуінің маңызын атап өтті.
Туған жер тарихын зерделеу, тарихи-мәдени орындарға бірлескен сапарлар ұйымдастыру, өлкетану жұмыстарын жандандыру арқылы жастардың тарихи жады мен ұлттық мақтанышын қалыптастыру қажеттігі сөз болды.
Философия ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Баймырза Қожамберлиев «Жастар тәрбиесі: адал адам, табиғатты сүю және жасампаз патриотизм» тақырыбында баяндама жасап, жастарды адалдыққа, еңбекке, елжандылыққа және қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеудің маңызына тоқталды.

Зиянды әдеттердің алдын алу – ортақ міндет
Жиында жастар арасында кездесетін зиянды әдеттердің алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады.
Облыстық ішкі істер саласы ардагерлер ұйымының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шаймағанбетов «Зиянды әдеттермен күрес (құмар ойындар)» тақырыбында сөз сөйлеп, құмар ойындардың қоғамға, отбасыға және жастардың болашағына тигізетін кері әсеріне тоқталды.
Сонымен қатар «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әріп Битілеуұлы Хожбанов сөз алып, басқосудың тәрбиелік және қоғамдық маңызына тоқталды.
Жиын барысында жастарды адалдыққа, отансүйгіштікке, ұлттық дәстүрді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға тәрбиелеудің маңыздылығы айтылды. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен тағылымды жолын жас буынға жеткізу – ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың тиімді жолы екені атап өтілді.
Сондай-ақ ардагерлер мен жастардың бірлескен тарихи-танымдық кездесулерін, кітап оқу, экологиялық, қайырымдылық және тәрбиелік бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Осындай тағылымды кездесулер аға буынның өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және ел болашағына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастармен жұмысты жаңа мазмұнмен толықтыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Ұлттық құндылық – ұрпаққа аманат. Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағы.
08 қазан 2026 ж. 54 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031