Жастар тәрбиесі – өзекті мәселе
Аудандық «Руханият» орталығында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Діни ағымдардың жастарға кері әсері және алдын алу жолдары» тақырыбында кездесу өтті. Тағылымды басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, ауданның бас имамы Рахат Қожанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, барлық ауылдық округ ардагерінің төрағалары, әйелдер кеңесінің жетекшілері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен дін қызметкерлері қатысты.Жиында баяндама жасаған аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев пен мәслихат хатшысы Мұрат Тұрабаев конституциялық реформаның мән маңызына тоқталды. Ал ауданның бас имамы Рахат Қожанов дәстүрлі дін мен деструктивті ағымдардың айырмашылығына тоқталып, бүгінгі таңда жастар тәрбиесінде рухани қауіпсіздіктің маңызы зор екенін атап өтіп, жастардың санасына сіңіп жатқан жат идеологиялардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі керектігін жеткізді.
Кездесу барысында қатысушыларға алдағы референдум жөнінде де түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ел болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың саяси науқандарға жауапкершілікпен қарау қажеттігі айтылды.
Басқосуда Тартоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Басаман Пірімбетов пен Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Көтерілген мәселелер төңірегінде ой-пікір алмасу өтіп, нақты жауаптар берілді.
Жиын соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Өйткені жастардың дұрыс бағытта тәрбиеленуі – ел ертеңінің кепілі.
«Өскен өңір» ақпарат








