Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды

Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды

Кәсіпті дөңгелетіп әкету үшін оның қыр-сырын меңгеру керек. Бастапқыда қиындықтар кезігер. Бастысы, жобаңызды тереңінен зерделей біліп, қаржыны мақсатты жұмсай білсеңіз, еңбегіңіз зая кетпесі анық. Бүгінде кез келген қарапайым шаруа үшін «Бастау-бизнес» жобасы аясында оқып, кәсібін қаржыландыру қол болып тұр. Жеңілдетілген пайыз несиелерін алып, жұмыс істеп жатқандар көп. Кент тұрғыны Дәулет Оспанов таяуда 2 млн. 800 мың теңге несие алып, мал бордақылау кәсібін бастады. Тәуекел еткен. Алдағы жоспарлары ауқымды.
Алдымен, «Бастау-бизнесте» жоспарын құрып, мақсатын айқындаған кент тұрғыны қолдан келер мал бордақылау ісін қолға алғанды жөн санайды. Ата кәсіпті жандандырып, тиісті қаржыға 18 бас мал алады. Мемлекеттік қолдауды сезінген кейіпкеріміз кәсібіне білек сыбана кіріседі. Әкелген ірі қараны баптап, байлап, жыл басынан бері берекелі істің шырайын кіргізуде.
– Бүгінгі таңда «маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайтыны» белгілі. Сондықтан да тірліктің көзін тауып, шаруаның тетігін тапса жұмыс жүйелі жүреді. Мал бордақылау кәсібі қарапайым шаруа халыққа таптырмас тірлік. Әрі үйреншікті жұмысы. Бұқараның жанынан табылған мемлекет қолдауына біз қашанда ризамыз, – дейді Д.Оспанов.
Иә, Елбасы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында ет өнімдері экспорты әлеуетін арттыруды жүктеуде. Сондай-ақ, облыс әкімі Қ.Көшербаев ағымдағы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялап, жұмыс істеуге ниетті жандарға жаңаша леб сыйлады. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңіп, ісін өрге домалатқан кәсіпкерлер қатары толықси түсті. Отбасылық кәсіптің көзін тауып, кент тұрғындарын ет өнімімен қамтып отырған Дәулет Төлтайұлының ісінде береке бар. Соңыра, кәсібін кеңейтіп, көрші облыстарға ет экспорттау жоспары барын да айтты. Десе де, бұл отбасының мақсаты айқын. Ол – атакәсіпті арқау еткен ағайынның ахуалын тіктеу. Кәсібінің нәсібін көру.

Г.ДҮЙСЕБАЙ.
31 шілде 2018 ж. 1 658 0