Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіп – көзін тапқанға табыс әкеледі

Кәсіп – көзін тапқанға табыс әкеледі


Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту кез келген елдің экономикасына серпіліс берері сөзсіз. Экономикасы мығым, елдегі және сыртқы сұранысты қамтамасыз ете алатын ел – дамудың даңғыл жолына түседі. Кәсіпкерлікті дамыту ең алдымен жұмыс орындарының ашылуына, тауарға деген сұраныстың қанағаттандырылып, өндірушілер арасындағы бәсекелестікке алып келеді. Бәсеке бар жерде тауар сапалы, әрі арзан болады. Бұл орайда үкімет шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 6 пайыздық жеңілдетілген несие беріп, кепілдікті өз мойнына алып отыр. Әрине, қаражат кез келген адамның қолына оңайлықпен берілмейді. Алдымен, сіз бизнес-жоспар құрып, өзіңіз ұсынған кәсіптің болашағы бар екендігін, мемлекеттің берген қаржысы қайтатынын дәлелдеуге тиіссіз.
Бүгінгі таңда несие алып, несібесін арттыруға білек сыбана кіріскен кәсіпкерлер саны артпаса кеміген жоқ. Тамшыдай көмектен теңіз жасап, отбасылық істің көзін тапқандар табысқа кенелуде. Қажырлы қайрат, тынымсыз еңбекті талап ететін шаруаны қолға алған кәсіпкерлердің бірі – кент тұрғыны Меруерт Бағланова. Ол, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 17 бас ірі қара мал алып, кәсібін жандандырып отыр. Ет бағытындағы өнімдерді өткізіп, жанұясына қолдау танытқан кәсіпкер «КазАгро» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 700 мың теңге көлеміндегі қаржыға 5 бас асыл тұқымды ірі қара алып, шаруасын толықтыра түскен.
– Екі аптадай құжат тасып, бизнес бағдар­ламамды ұсындым. Алғашында қиындықтар болып, несиеге сұранысым қанағаттандырылмады. Қайта бизнес жоспар ұсынып, 3 айдан кейін мал бордақылау кәсібін ашуға сұратқан 3 млн. теңге несиені қолыма алдым. Қазіргі уақытта жұмысым алға басып, табысты кәсіпкерге айналдым, – дейді кейіпкеріміз.
Банктен несие алудағы тағы бір кедергі кепілге қойылатын мүліктің талап етілуінде. Бұл талаптың үдесінен шығу кез келген кәсіпкердің қолынан келе бермейді. Осы орайда, мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдаушылар кепіл мүліктің 85 пайызына дейін кепілдендіру арқылы көмек бермек. Оған қоса биыл кәсіпкерлерге салынатын салықтың көлемі де азаймақ. Несие алып, іс бастауға бекіну әрине тәуекелді, нақты шешімдерді талап етеді. Дегенмен, сіздің қолыңыздан іс келетін болса, жетістікке жетуге талпынсаңыз, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік жеңілдетілген несие бағдарламасы сізді табысқа жетелейтін бірден-бір баспалдақ екендігін біздің кейіпкеріміздің бизнес бастамасынан бағамдай беруіңізге болады.
                                                                                                                                                                   Рамазан ӘНӘПИЯ,
                                                                                                                                                               Қорқыт ата атындағы
                                                                                                                                                                 ҚМУ-дың студенті.


16 маусым 2018 ж. 1 504 0