Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАҒЫН КӘСІПКЕР ҚАРЖЫНЫ ҚАЙДАН АЛАДЫ?

ШАҒЫН КӘСІПКЕР ҚАРЖЫНЫ ҚАЙДАН АЛАДЫ?


Қазіргі кезде ел бойынша 1 миллионнан  аса шағын бизнес өкілдері тіркелсе, олардың жартысына жуығы тұрақты, белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Бірақ нарықтағы екінші деңгейлі банктердің шағын бизнесті несиелеуге құлқы жоқ. Қаржы институттары үшін ұсақ 10 кәсіпкерді несиелегенше, бір ірі кәсіпкерге 100 миллионды беріп, сонымен ғана жұмыс істеген тиімді. Шағын кәсіп иелеріне қаржысын да, уақытын да шығындағысы келмейді. Осындай жағдайда шағын бизнес пен стартап иелері өз істерін бастау мен дамытуға арналған қаржы көзін табудан қиналатын. Сондықтан мемлекет шағын бизнесті қолдауды қолға алды. Осы мақсатта «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 6 пайыздық жеңілдетілген несие беріліп, кепілдікті өз мойнына алып отыр.
«Кәсіпкерлікті қаржыландыру: шағын бизнес қаржыны қайдан алады?» деген тақырыпта өткен ашық талқылауда сарапшылар: «шағын бизнес өкілдері үшін кәсіпті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың берері мол» деп тұжырымдады. Пайыздық үстемақысы төмен, ұзақмерзімді несие мен салықтың төмендеуі стартаперлер үшін таптырмас мүмкіндік.
Әрине, ешкім бірден пайызы төмен несиені қолға ұстата салмайды. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін қат-қат құжат жинап, бизнес-жоспар құрып, өз кәсібіңнің болашағы бар екенін, мемлекеттің берген қаржысы қайтатынын дәлелдеуге тиіссің. Өтінім қаралуы, құжат жинау ұзаққа созылып, бюрократия орын алуы да мүмкін. Алайда «мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларды бастан-аяқ тексеріс – қаржының қайтарымдылығы үшін қажет» деп пайымдайды «Даму» кәсіпкерлік қолдау қоры басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Абылқайыров.
–Қазіргі кезде мемлекет ірі кәсіп иелерін де, орта және шағын бизнесті де жақсы қолдап отыр. Мемлекеттік бағдарламаның бірегей операторы ретінде осылай айта аламыз. Үкімет бөлген қаржыдан басқа, біз шетелден инвестиция тартып жатырмыз. Өтімділік тұрғысынан ешқандай мәселе жоқ. Ал біздің кәсіпкерлер несие алып, тұрақты өтеуге қаншалықты дайын деген басқа сұрақ. Статистикаға сүйенсек, ресми тіркелген миллионнан аса кәсіпкердің 300 мыңы жаңа несиелеу жүйесімен тығыз байланыста. Солардың 35 мыңы мемлекеттік қолдауды пайдаланып отыр. Яғни, кәсіпкерлерде мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, шаруаны дамытуға болады деген түсінік қалыптасады. Бұрынғыдай бір реттік тендер ұтып емес, ұзақмерзімді дамуға бағытталған жоспарға сай әрекет етуі тиіс. Елбасы өз жолдауында да «бизнесті жүргізудің ұзақмерзімді стратегиясына көшу керек» деген болатын. Яғни, атадан-балаға мұра болып қалатын, кәсіп жүргізудің классикалық моделі қалыптасқаны дұрыс, – деп пайымдайды кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілі.
Бұрнағы жылдары ірі және орта кәсіпкерлерді қолдау басымырақ болса, қазіргі кезде шағын бизнесті, жаңадан кәсіп ашып жатқан жандарды демеу жақсы жолға қойылған. Есеп бойынша, бизнесті қолдауға салынған 1 теңге ел қазынасына 3 теңге болып қайтады екен: жаңа жұмыс орындары ашылып, салық төленіп, отандық тауар өндіріледі.
Мемлекеттік бағдарламаларға күмәнмен қараған кәсіпкерлердің бірі – Зәуре Уәлиева. «EdAccess» халықаралық оқу орталығының иесі мемлекеттік бағдарламаға қатысуға алғашқы ұмтылысының сәтсіз болағанын айтады. Сансыз құжаттарды жинап, бизнес-жоспарын өткізгенімен, екінші деңгейлі банктер несие беруден бас тартқан.
–Екі аптадай құжат тасып, хат алмасып жүріп «отказ» алғаным, мен үшін үлкен күйзеліс болды. Шынында, «таныс арқылы ғана қол жеткізе аласың» деген елдің сөзі рас екен ғой деп, бұл мәселені жауып қойдым. Уақыт өте келе әлеуметтік желіден «Даму» шағын кәсіп пен стартаптарға  арналған жаңа бағдарламаны іске қосып жатыр» деген жазбаны көзім шалып қалды.18 миллионға дейін шағын несиеге арналған. «Дело за малом» деген хештег арқылы жарияланған жазбаға алғашқы кезде жыным келді. Комментарийге «аз қалды» деген не сөз?  Қазақстанда шағын бизнес үшін несие алу мүмкін емес. Мен құжат жинап бардым, бірақ «бизнес-жоспарың түбегейлі дайындалмаған» деп шығарып салды. Мына хештегіңізбен кәсіпкерлердің шамына тиіп отырсыз» деп жазып кеткем. Дегенмен қор өкілдері конструктивті диалогқа шығып, осы бағдарламаның дәл шағын кәсіп иелеріне арналғанын түсіндірді. Ертесінде-ақ «Дамуға» барып, мемлекеттік бағдарлама аясында несие беретін банктердің тізімін алып, құжаттарымды тапсырдым. Осылайша 3 айдан соң, 6 пайызбен 18 миллион көлемінде несие алдым, – дейді кәсіпкер.
Банктен несие алудағы тағы бір кедерді – кепілге қойылатын мүліктің болуы. Мұндай талаптың үдесінен шығу кез-келген кәсіпкердің қолынан келмейді. Осы орайда мемлекеттің стартаперлер үшін кепілмүліктің 85 пайызын, кәсібін кеңейткісі келетіндер үшін – 50 пайызын кепілдендіруі үлкен көмек. Оған қоса, биылдан бастап кәсіпкерлерге салынатын салықтың да көлемі азайтылды. «Нұр банк» АҚ Басқарма төрағасы Эльдар Сәрсеновтың пайымдауынша, ТМД елдерінің арасында Қазақстанда бизнес жүргізуге ең қолайлы жағдай жасалған.
–Несие деген, әрине, кіріптарлық. Дегенмен, жылдық 14 пайызбен қарызға батқанша, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланған тиімді. Оны алу да оңай емес. Бұл салық төлеушілердің ақшасы болғандықтан, оның қайтарымын қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан да жинайтын құжат та көп, тексеріс те ұзақ, –деп тұжырымдайды банкир.
 
Үмітжан ЖАПАР
08 маусым 2018 ж. 1 111 0