Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек еткеннің еңсесі биік

Еңбек еткеннің еңсесі биік


Ауданда кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Қос қолға бір күрек таппай, жұмыс іздеп шарқ ұрған жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Аудан кәсіпкерлері тек егін егіп, мал өсірумен шектеліп жатқан жоқ. Түрлі отандық өнімдерді өндіруге білек сыбана кірісті. Талап, ниет, ынта, жігер. Міне кәсіп ашып, нәсіп қыламын деген адамға керекті дүниелер. Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы берекелі болады. Бұл бүгінгі заманның талабы.
Отбасылық кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетемін деп ниеттенген Салима Сәрсенова «Бастау бизнес» жобасы аясында 2 млн. теңге көлемінде несие алып, жұмысын бастап кетті. 10 бас ірі қараға жұмсаған қаржының қайтарымын ойлаған кәсіпкер мал бордақылау ісін жолға қояды. Алдымен күтімін жасап, байланған ірі қараның ет өнімдері де өтімді болады.
– Бұл кәсіпті қолға алуға тәуекел етпес бұрын, отбасыммен кеңесіп, келісіп алдым. Себебі, отбасылық істің өрге домалауы ауызбіршілікті қажет етеді. Бүгін де, алған несиені игілігімізге жұмсап, ет өнімдерін ауруханалар мен балабақшаларға, ауылдарға да жөнелтіп жатырмыз. Тұрақты тұтынушыларымыз да жетерлік. Әзірге сын айтып, көңілтолмаушылық білдірген адамдар жоқ, – деді С.Байсалқызы.
Курстық білім алып, шаруасының шырайын келтіріп отырған кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін ұлғайтуды ойлайды. Тынымсыз, еңбекқор кейіпкеріміз еттен жасалатын тағамдар пісіріп сатумен де шұғылданатынын жеткізді. Қазақта «Қолы қимылдаған қыр асады» деген аталы сөз бар. Расында, еңбектенгеннің еңсесі биік болады. Қосымша қаржы көзі кіріп, бір отбасыны асырап отыратын шағын кәсіптің өзі көп адамға көмек болуда. Алақанды жайып, қол қусырып отырғанша, жаның қалаған істің көзін тауып, нанын жегенге не жетсін? Салима Сәрсенова 4 баланың анасы ғана емес, отбасылық істің ұйытқысына айналған кәсіпкер. Маңдай тер, адал еңбекпен өрілген жұмысының жемісті болуы жауапкершілігі мен ұқыптылығының арқасы. Әрбір тұтынушының талабы мен қалауын да ескере жүреді.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев биыл «Кәсіпкерлікті жаппай қолдау жылы» деп жариялап, кәсіп бастаушыларға серпін сыйлағанынан хабардармыз. Осы қолдауды сезінген жеке кәсіпкерлер ауданның брендіне айналған өнімдерімен көпшіліктің назарына да ілінген болатын. Алдағы уақытта да түрлі кәсіп иелерінің бой көрсетуі аудан экономикасын арттырып, жұмыссыздық көрсеткішін кеміте түсеріне сенімдіміз.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
17 шілде 2018 ж. 1 142 0