Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізінен ырыс ерген

Ізінен ырыс ерген


Күз – шаруа айы. Қауырт науқанның басталған шағы. Әзірге күн қабағы шаруалар үшін жайлы болып тұрған сыңайлы. Бізге де егін науқанының көріністеріне куә болудың сәті түсті. Ауданнан бірнеше шақырымда орналасқан аядай ауыл Телікөлге жетісімен, атбасын егіске бұрдық. Ауыл тұрғындары мал ұстап, егін де салады. Бірақ, бізді мұнда алып келген Шәкен Айтбаевтың отбасылық кәсібі, егін шаруашылығы. Шәкен ағамен хабарласып, мақсатымызды айтқанымызда, гектарлап екпейтінін, аздаған жерге жылына бақша өнімдерін егіп, керек-жараққа жұмсайтындығын жеткізді. Алайда, біз нақ осы отбасының жұмысын көруді жөн санадық.
Сонымен, жүйткіген көлікпен Шиеліден шығысымен Шәкен ағамен хабарласып отырып, егістік басын бетке алдық. Көлік егіс ортасындағы топырақ жолдың шаңын бұрқыратып келеді. Осы сәтте Ы.Алтынсариннің «Өнер – білім бар жұрттар» өлеңіндегі «...Аты жоқ құр арбаны, мың шақырым жерлерге, күн жарымда барғызды...» – деген жолдар ойыма орала берді. Телікөл ауылының шетіндегі мың болмаса да бірнеше шақырым жерге біз тізгіндеген көлік көзді ашып-жұмғанша жеткізді. Діттеген жерге келіп тоқтаған біздерді көрген Шәкен Айтбаев алдымыздан жүрді. Егіс басында жап-жасыл боп жайқалып тұрған алқапқа көзіміз сүйсінді. Ашық күннің астындағы бой көтеріп, көздің жауын ала қызарып жатқан қызанақтар. Жаптың бойын жағалай түйнегін жасырып жатқан қияр. Мұның бәрі де Айтбаевтардың көктемде жерге беріп, ала жаздай тер төгіп, енді жемісін көретін еңбектерінің өтеуі. Анадайда басып кетпейін деп әр қадамын қорқақсоқтай басып, пәлек аралап, жүрген балаларды да көзіміз шалды. Бір мезет көңіліміз балаларда болды. Қолдарындағы шелектерін толса болды қапқа аударып, қауырт жұмыстан қара терлері шығып жүріп те ойын мен қалжыңға уақыт тауып, алысып та қалады, атысып та қалады.
Осылайша, көз алдымызда бала күшінің еңбекке ересектерше тартылуы бізді балалық шақтың қамсыз күндеріне жетеледі. Біздер де егістік басында елмен бірдей жүріп, ұйқымыз қанбай, қолымыз жарылып, маңдайдан шыққан ащы тер бетімізді жуып жүретін едік. Шіркін, сол күндер... Балалығымыз ба, шалалығымыз ба егіс басынан ерте қайтуға асығушы едік. Сонда мереке де, береке де диқанның ізінде екендігін ұқпаппыз-ау.
Хош дерлік. Әңгіменің ауаны әрідегі балалық шақтың бедерлері емес, бүгіндегі еңбек пен бейнеттің берекесі болмақ. Маңдайларын күн сүйген, алақандарынада еңбектің табы бар шаруа жандар Шәкен Айтбаев пен жұбайы Набат бізбен жылы амандасты. Аудандық газеттен екенімізді білгені сол-ақ екен, егжей-тегжейлі баяндай бастады.
– Сіздер бұл жерде қияр мен қызанақты ғана көре аласыздар. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай біздің отбасылық кәсібіміз осы. Ерте көктемнен қимылдаймыз. Бала-шағаммен жабыла жүріп, кірісемін. Несібемізді еткен еңбегімізге қарай жер ана қайтарады ғой, – деді Шәкен аға көзіне түскен күннен жүзін алақанымен көлегейлеп. Білгеніміздей, мұнда 40 қарық қияр мен соның төрттен бір бөлігіндей жерге қызанақ егіпті. Қыс бойы қызанақ пен қияр көшетін қамтамасыз ететін қағаз ыдыстарды даярлап, қыстың аяғынан сол қағаз құтыларға біртіндеп егіп тастайды екен шаруа отбасы. Отбасы демекші, Шәкен аға мен Набат апайдың 3 қыз, 1 ұлы бар. Бір қызы студент болса, бір қызы тұрмыс құрған. Ал, кенжелері оқушы екен. Өткен жылғы еккен егіннің түсімімен студентінің оқу ақысын төлеп, өзге де керек-жарақтарын қамтыған көрінеді.
Қиярынан алғашында күніне 200-300 келіге дейін өнім алып, базардан көтере өткізіп жүріпті. Бүгінде су азайған соң қиярдың шығымы да азаятын көрінеді. Атап айтқанда, өнім 150 келіге дейін төмендепті.
– Жер баптағанға ғана жеміс береді. Топырағын тыңайтып, зиянкестерге қарсы дәрі сеуіп, жерді шауып, ширатып отыру керек. Көкөніс те нәресте сияқты нәзік келеді. Күтімі болса, түсімі болады. Бірақ, осынша еңбекпен алатын өнімімізді бір орталықтан қабылдап алатын мемлекеттік мекеме болса, біз әркімге жалтақтамас едік және бұл базардағы бағаның да бір жүйеде тұратынына ықпалын тигізер еді, – дейді шаруақор жандар.
Дегенмен, Алланың осы бергеніне де қанағат тұтқан отбасының Бестам ауылынан да егістік жері барын білдік. Мұнда картоп пен сәбіз егіп, жылда жерден алған несібесін сабантойдың кезінде сыртқа шығарады екен. Картоп пен сәбізді өткен жылы 0,5 га. жерге егіп, 65-70 қап алса, биылғы жылы 1 га. жерге орналастырыпты. Қанша өнім беретіні тек қазғаннан кейін ғана белгілі болмақ. Біз картоп егілген алқапты көре алмадық. Өйткені, Айтбаевтар отбасын қызанақ пен қиярды жылдамдата жинап, өткізу ісі күтіп тұр еді. Өйткені, қызанақты пісу мезгілінде тез жинап алу өте маңызды екен. Егер көкөніс бір күн кешігіп жиналса, ол басқа жетіліп келе жатқан өнімнің қорегін алып қоятындығы аян болды. Әрі қарай қызу жұмыстың қарқынын тоқтата беруді жөн санамай, осы жерден әңгімемізді үздік.
Осылайша, берері мол күздің тынымсыз тіршілігін бас­тан кешіп жатқан қарбаласқа толы егін науқанының бір күнімен таныстық. Шартарапқа нұрын төккен алып күн көкжиекке құлағанда біз егістікпен қоштастық. Жүре-жүре тапталған ескі сүрлеуге түсіп, аудан орталығына апарар тас жолға бет алдық. Көз байланып, ымырт үйірілгеніне қарамай, егістік басындағы қызу жұмыс жалғасып жатты. Барлығының мақсаты бір – пісіп-жетілген өнімді уақытылы жинап алу.

P.S: Осынау жандармен әңгімелесу барысында ұққанымыз – қарап отырмай, еңбек ете
отырып, бойға түйір асты тамшы термен сіңіруді көздейді. Қоғамда «алма піс, аузыма түс» деп ауырдың үстімен, жеңілдің астымен пайда тапқысы келетіндерге бұл отбасынан іліп алар ілкімді істер бар. Тіпті, егістіктің басына баратын темір тұлпарлары жоқ болса да, тірі тұлпарға арба жегіп, сонымен барады. Таза бейнеттің нағыз үлгісі осы болар, бәлкім.

Дина ЖҮСІПОВА.
05 тамыз 2018 ж. 819 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031