Мақтаралдық шаруалар болгар бұрышы мен баклажан өнімдерін экспорттауда
Мақтарал ауданының еңбекқор диқандары қауын-қарбызбен қатар көкөніс өнімдерін де экспортқа шығара бастады. Қазіргі таңда ауданда ерте егілген 350 гектар көкөніс дақылдары пісіп жетіліп, егістік алқаптарында терім жұмыстары қыза түскен. Ең бастысы – егістіктен алынған өнім дер кезінде тиімді бағаға саудаланып, диқандар шығынға ұшырамауы тиіс. Ол үшін аудан әкімдігі тарапынан барлық көмектер көрсетілетін болады. Бүгін бұл туралы бірнеше шаруа қожалығындағы терім жұмыстарының барысымен танысқан Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.
Аудан басшысы алдымен "Тахиржан" шаруа қожалығына барып, баклажан өнімдерін жинау науқанының барысымен танысты. Шаруа қожалықтың төрағасы Арыстан Сапаров биыл 1 гектарға баклажан, 1 гектарға жүгері, 9 гектар жерге мақта егіпті. Былтыр 1 гектардан 27 тонна баклажан өнімін алған шаруа биыл да бұл дақылдан жоғары өнім алуды көздеп отыр. Аталған қожалық баклажанның 1 келісін делдалдарға 300 теңгеден сатып жатыр екен.
«Баклажан - күнделікті тұрмысқа өте қажетті өнімдердің бірі. Құрамында дәрумендер өте көп. Міне, егіншілікті әртараптандырудың арқасында диқандарымыз бұрын соңды екпеген көкөністің осындай түрлеріне бет бұра бастады. Диқандарымыз осылайша отандық нарықпен қатар, Ресейге баклажан өнімдерін экспорттауда " - деді Жамантай Қанайұлы.
Мұнан соң аудан әкімі "Исрайл" шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысты. Қожалықтың төрағасы Алтынбек Тораев биыл 0,5 гектар жерге болгар бұрышын егіп, алғашқы өнімдерін шығара бастапты. Болгар бұрышының келісін 400 теңгеден сатып жатыр екен. Сондай-ақ, ол биыл қияр мен қызанақ егіп, жоғары өнім алуда көздеп отыр.
Айта кетейік, былтыр мақтаралдық шаруалар 3877 гектар жерге көкөніс дақылдарын егіп, 89689 тонна өнім алған болатын. Ал биылғы көрсеткіш мұнан да жоғары болады деген сенім бар.
«Қамшы» сілтейді