Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Далада дүбір басталды

Далада дүбір басталды


Жер бетінде бір мекен бар киелі,
Деп айтады: ән менен жыр, күй елі.
Сұлу Сырдың бойындағы иран бақ,
Атың қандай сүйкімді еді Шиелі!
Тарих көші талай шұбап өткен жер,
Талай ұрпақ өсіп-өніп төккен тер,
Талай дұшпан жеңбек болып өктеген,
Қайыспаған қарашаңыз неткен ер!
Осынау Оразбек Сәрсенбайдың екі шумақ өлең жолдары арқылы ғана киелі мекеннің тіршілік-тынысы мен тарихы айшықталып жатқандай. Шиелінің аты аталғанда «Киелі» сөзінің қатар аталуының өзі жай болмаса керек-ті. Ауданның жылдан-жылға көркейіп, экономикалық көрсеткіштерінің де арта түскендігін атбасын бұрып, табан тіреген әрбір азамат алғашқы сәттен бастап-ақ сезетіні анық. Бақ мұратымызға айналған ел Тәуелсіздігінің жемісі болар, аудан, ауылдардың тіршілік тамырына қан жүріп, жылдан-жылға түрленіп, түлеп, тіршілігін түзулей бастады. Шаруалардың жұмысы жүріп, еңбектің салтанат құрар сәттері артты. Кәсіпорындар көптеп ашылып, кәсіпкерлер саны көбейіп, жұмыссыздар азайды. Көшелер салынып, самаладай жарқыраған шамдар түнгі аспанды күндізгіден кем етпеді. Үйді- үйге аулаларға дейін су кіргізіліп, тіпті кент тұрғындарының көңілдерін табиғи газдың келуі марқайтты. Енді шамалы уақыттарда бұл игілікті істің ауылдардан да көрініс табатындығы айқын. Кенттегі сән-салтанаты асқан ғимараттар мен құрылыс нысандары да киелі мекеннің көркіне көрік қосып, ажарын айшықтай түсті десек, басы артық сөз демессіздер.
«Жақсы істі көрмекке» деген нақыл бар бабалардан қалған. Жоғарыда аталған жақсы істердің бір парасын көріп, таныспаққа ауданға облыс әкімі Қ.Көшербаев атбасын бұрған-тын.
Аймақ басшысы ауданға сапары барысында аудандағы кәсіпкерлік нысандары мен шаруа қожалықтары жұмыстарымен танысты. Өңірдегі өріс алып жатқан өркенді істермен танысуды аймақ басшысы алдымен «Ақмая» шаруа қожалығының көктемгі егіске дайындық жұмыстарының жүру барысымен танысудан бастады. Егіс алқабында болып, шаруалармен тілдескен Қ.Елеуұлы «көктемгі дүбірге» табыс тіледі. Айта кетейік, «Ақмая» шаруа қожалығы биыл 2500 гектар жерге күріш, күздік бидай, мақсары, жоңышқа және көкөніс пен бақша дақылдарын орналастырмақ.
Мұнан соң облыс әкімі «Гежуба Шиелі Цемент» тампонажды цемент зауытының құрылыс алаңын аралады. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Кәсіпорынның бас директоры Ли Цзиньцин мырзаның айтуынша, мамыр айында аудандық Шиелі индустриалды-аграрлы колледжі базасында білім алған 48 жергілік­ті жас Қытай зауытында қосымша білімдерін жетілдіріп, зауытқа жұмысқа орналасатын көрінеді. Зауыт толықтай іске қосылғанда, 260 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығаратын болады.
Сапар аясында Қ.Көшербаев Бидайкөл ауылындағы жеке кәсіпкер Қ.Мұсаевтың қызанақ өсіретін алқабын аралап көрді. 27 гектар жерді алып жатқан алқаптың 7 гектарына элиталық қызанақтың «Таня» сорты, 11 гектарына қауынның «Торпеда», «Басинка» сорттары, 13 гектарға қарбыздың «Бархан» сорты егілуде екен.
Келесі кезекте 20 мың түп алма көшеттері егілген алма бақ жұмысымен танысқан облыс әкімі шаруалардың жұмысына қанықты. Білгеніміздей, алманың «Симирянка», «Крепсон», «Золотой превосход» және «Розмарин» сорттары 10 гектар жерге орналас­тырылыпты. Сондай-ақ, Қ.Көшербаев «Бидайкөл» шаруа қожалығының егіс алқабында жылдың алғашқы күріш егу рәсіміне қатысты. «Бидайкөл» шаруа қожалығының төрағасы Т.Байдалиевтің айтуынша, биыл қожалық 1300 гектар жерге күріш, 175 гектар жерге күздік бидай мен жоңышқа және 320 гектарға ескі жоңышқа егуді жоспарлауда. Аудан ақсақалдарының ақ батасынан бастау алған рәсім барысында облыс басшысы қариялардың жылы лебізіне де ие болды. Қожалық жұмысшыларын көктемгі дала жұмыстарының басталуымен құттықтап, мол өнім алуларына тілектес екенін жеткізді Қ.Елеуұлы.

Сөйтіп, аптаның бейсенбісіне жоспарланған іссапар аймақ басшысының Бәйгеқұм ауылындағы «Ханқожа» көлі аумағында орналасқан туризмді дамыту жобаларымен танысуымен өз мәресіне жетті.

Дина ЖҮСІПОВА.
Суреттерді түсірген
Е.ДАТКЕНОВ.
29 сәуір 2018 ж. 2 704 0