Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр бүккен Бестам

Сыр бүккен Бестам


Сыр бойындағы қалалардың көпшілігі Тұранның ана суы – Сейхуннан жыраққа кет­пеген. Расында, дарияның жағасы ке­зін­де қалың қазақтың құтты қонысына айналған киелі мекеннің бірі болған. Алаш жұртының түп-төркінін түгендеген белгілі ғалым Әлкей Марғұлан таразыға тартқан шығармасының бірінде «Сыр бойында мыңнан астам көне қаланың орны бар» деп айрықша атап өткен көрінеді. Иә, дария бойындағы әрбір төбе сыр бүгіп жатқандай сезіледі бізге. Оларға түрен салып, қойны-қонышын ақтара қалсақ, бізге беймәлім талай құпияның кілтін табатын секілдіміз. Тарихқа көз жүгіртсек Шиелі шығысында алты Алашқа әйгілі астанамыз Сығанақ, белгілі Бестам қаласы орын тепкен, оңтүстігінде Қызылқұм, ортасында Сырдың суы мен нуы, теріскейінде қарт Қаратау, әрі қарай Жезқазғанға, Арқаға жол тартатын Бетпақдаламен шектесетін киелі өлке. Күн нұрынан нәр алатын алтын мекен, құтты аймақ. Күріш өсіруден дүниежүзілік рекордты орнатқан жер. Сондай-ақ, Шиелі төңірегінде қала да мол, ол туралы аңыз да көп. Ол қалалар «Қызылтам», «Ақтөбе», «Бестам», «Балапан төбе», «Көккесене» т.б.
Ежелгі Сығанақ шаһарымен қатар есімі әйгілі болған Бестам қаласына тоқталар болсақ, қарт Қаратаудың ұзынсонар жотасы таусылған оңтүстігінде орналасқан. Бестамның көне замандарда Дешті Қыпшақтың қарулы күштеріне құрал, соғыс саймандарын дайындайтын сол дәуірдің шағын заводы ретінде аты шыққан. Ал, кейбір деректерде Қазан ханның тұсында Бестам шын мәнінде хандықтың Бас тамы рөлін атқарған делінген. Оғыз, Тоғыз оғыз атауымен тарихтан мәлім болғанын Қорқыт ата кітабынан білуге болады. Онда Қазан ханның сол заманындағы тіршілік-тынысы бейнеленген. Хан бірде Балмұрын маңындағы қамалда тоғыз оғыздың ел билеушілеріне ғимарат тұрғызып, көрме ұйымдастыруға пәрмен береді. Межелі күн болғанда бірінен бірі өткен әсем де абат 9 там бой көтеріп хан иені күтіп тұрады. Алайда хан 5 тамға ғана кіріп, танысып, қалғанына назар аудармаған көрінеді. Бұған ашуланған билеушілер қалған 4 әйбат құрылысты қиратып тастайды. Баламұрындағы қамал осыдан соң Бестам аталған деген аңыз да бар. Сонымен қатар, жоңғар шапқыншылығы кезінде «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын елімізге әйгілі халық әні «Елім-ай» осы Бестам қалашығында өмірге келген екен.
90 жылдық тарихы бар Шиелінің әрбір тасы мен қырқасында біз білмейтін талай сыр бар. Оны ашып зерделеу үшін арнайы мамандар мен тиісті қамқорлық қажет. Тіпті, Бестам қалашығының орнын қазір зорға табасыз. Өйткені, базбір жылдарда оған ешкім назар аудара қойған жоқ. Алдағы уақытта, өлкеміздің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 90 түрлі іс-шара өткізу қолға алынбақ. Сол шараның ішіне көне Бестам қалашығын кіргізу туралы ұсынысымызды білдіргенді жөн көріп отырмыз. Өткеннен елес беретін, тарихтың бір бөлшегіндей құндылықтарымыздың бірі ретінде орнын белгілеп қоршауға не болмаса белгі қоюға болмас па? Оны сақтап, қорғауға әлі де көңіл бөлу керектігін ескере жүрсеңіздер.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
22 қаңтар 2018 ж. 2 296 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031