Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » той тартуы түрленіп келеді

той тартуы түрленіп келеді

Кешкі сағат 18:00-де Шиелінің күншығыс бетіндегі «Нұрай» салтанат сарайының ауласы адамға лық толды. Барлығының да барынша әдемі киініп, бір атаулы тойға ерекше сән-салтанаттарымен келгендіктері көрініп-ақ тұр. Көңілді де көтеріңкі музыка жиналған көпшілікке ерекше рух беріп, олардың көңілді әңгімелері мен әсем күлкілеріне ұласуда. Тойхана кіреберісіне қойылған паннодағы «Нұрперзент пен Мұрагердің сүндет тойына қош келдіңіздер, ағайын!» деген сөздер әрбір той қонағының көңіліне жылу ұялатып, той иелеріне деген достық, туыстық ықыластарын көрсете түскендей.Қос ұлының күлім қаққан суреттері де қараған адамды өзіне тарта түседі. Бұл той ауданымыздың мәдениет, ауыл шаруашылығы және теміржол салаларында қырық жылдан астам абыройлы еңбек етіп келе жатқан, сонымен қатар әншілік-термешілік өнерімен аудан, облыс, қала берді бүкіл елге танымал абзал азамат Сәрсенбек Баймағанбет пен жұбайы Назираның алты қыздан кейінгі алтындай қос ұлының сүндет тойы болатын. Той бас­талар уақыт та таяп, Шиелі аймағында елді аузына қаратып «сегіз қырлы, бір сырлы» атанып жүрген Самат есімді бүгінгі той ағасы-асаба микрафонды қолына алып тойды бастады. Танымал ақын Кенжебай Жүсіп ел алдына шығып, қос балдырғандардың бүгінгі ұлы тойына арналған арнау айтып, елді елең еткізді.
Ақынның арнауы аяқтала бере анадайдан бір топ адам ортаға жақындады. Олардың жетегінде бар әбзелімен екі сәйгүлік ойнап келеді. Бұлар Нұрперзент пен Мұрагердің нағашы жұрты екен. олар салт-дәстүріміз бойынша екі жиенге сәйгүлік тарту етіп, оларды атқа мінгізді. Ұлттық киімдегі қос балаға қошемет көрсетіліп, «құтты болсын!» айтысып, мәре-сәре болысып, ақжаулықты әжелер шашу шашты. Келесі кезекте ат үстіндегі Нұрперзент пен Мұрагерге облысымызға белгілі атбегілер – Әуесхан мен Орынбай ағалары қазақ салтымен тобылғы сапты, он алты өрімді қамшыларды табыс­тап, ізгі тілектерін білдіріп, бата берісті. Бұдан соң ақын Кенжебай мен әнші-асаба Әділбек тойдың кішкентай кейіпкерлеріне қазақтың киелі қара домбырасын сыйға тартып, өз ықыластарын білдірді. Қасиетті дінімізді насихаттауға көп жылдан бері атсалысып келе жатқан Нысанбай қажының сүндет жолынан өтіп, мұсылман болған екі балаға Құран Кәрім кітаптарын табыстауы көпшілікті толқытып-ақ жіберді. Нысанбай қажы балаларға ізгі тілектер тілей оты­­рып, әруақтар рухына құран бағыштады. Сырттағы салтанат аяқтала сала асаба жиылған көпшілікті іштегі той дастарханына шақырды. Бір мезет көпшілік назары той сахнасына ауды. Сахна ортасында салмағы 50 келі тартатын үлкен қошқар тұр. Асаба хабарлағандай кім оны иыққа алып көбірек отырып тұрса, қошқар соныкі болмақ. Тәуекел еткендердің ішінен озық болғаны қошқарды еншіледі. Ізін ала жілік сындыру сайысы хабарланды. Ұлттығымызды айшықтаған осынау тойға келгендер шынында демалып шықты. Той қонақтары «Тойдың бәрі осындай болып өтсе ғой, шіркін!», – деп үйді-үйіне тарасып жатты.
Елбасымыз айтқандай, рухани жаңғыру дегеніміздің өзі осы емес пе? Киелі Шиелі жерінде енді тек осындай үлгілі де өнегелі тойлар жалғасын тапса деп тілейік.

Зәкір ЖАҚЫПОВ,
Мәдениет саласының ардагері.
16 қараша 2017 ж. 1 857 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031