Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІЛІКТЕР МАҚТАНАТЫН 10 НӘРСЕ

ШИЕЛІЛІКТЕР МАҚТАНАТЫН 10 НӘРСЕ



Еліміздің әр түпкірінің, тау-тасының өзіндік тарихы мен ерекшелігі бар. Әр өңірдің аты аталғанда сол жердің абыройын асырған алыптары да қатар айтылады. Ал, шиеліліктер несімен мақтанады?
Шиелі десе кез келген жанның көз алдына күріш елестейтіні сөзсіз. Берекелі дақылының арқасында ырысы молайып, қамбасы тасыған Шиелі ауданы ең алдымен ақ күрішімен танымал.
Ал, күрішті даңқты диқан Ыбырай Жақаевтан бөліп қарау мүмкін емес. Саналы ғұмырында кетпенін қолына алып, маңдай терімен күрішті баласындай баптаған рекордшының өзге емес, дәл Шиеліде туғаны үлкен мақтаныш.
Ауданның одан кейінгі бренді – қауыны. Мұны бұған дейін де бірнеше мақалаға арқау еткен болатынбыз. Кеңес одағының кезінде көршілес мемлекеттерге дейін экспортталған Шиелінің қауынынан бүгінде теміржол вокзалына тоқтаған әр жолаушы дәмін татып қалуға тырысады. Жердің құнары қашқандығы мен берілетін дәрілердің әсерінен дәмі дәл бұрынғыдай болмаса да, қауынға деген сұраныс бәсеңдеген емес.
Шиелі шағын болғанымен, біртуар тұлғаларды дүниеге әкелген киелі өлке. Атап айтсақ, Мұстафа Шоқай, Нартай Бекежанов, Әбділда Тәжібаев, Бұдабай Қабылұлы, Жадыра Таспам­бе­това, Шырынкүл Қазанбаева, Қа­ти­ра Жаленова, Асқар Жұмаділдаев, Нұртөре Жүсіп, Нұрлан Қоянбаев... Олардың қоғамдағы орны мен артында қалдырған ізгі жолдарын ауданның әр тұрғыны мақтанышпен айтады.
Аудан аумағында орналасқан киелі орын – Оқшы ата кесенесі. Жол бойынан өткен әр жолаушы міндетті түрде тоқтап, құран бағыштайды. Тіпті, өз­ге өңірден арнайылап келіп, ас бере­тін­дер де аз емес.
Сонымен қатар, Шиелі өндірісі мен өнеркәсібі жағынан да өзге аудандардан көш ілгері. Республика бойынша бірнеше жерден ғана бой көтерген цемент зауытының біреуі ауданда орналасуы – үлкен жетістік. Қазіргі уақытта ірі кәсіпорынның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұйырса жақын болашақта «Шиелінің цементі» брендке айналатын күн алыс емес деп сенеміз. Сондай-ақ, ванадий кен орны мен құс өсіру фермасы да өнімді жұмыс жасап келеді.
Бүгінде еліміз уран өндіру бойынша әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің біріне айналды. Аудан аумағында орналасқан «Ру-6» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанның уран өндірісіне ерекше екпін беріп отырған мекеменің бірі. Ел экономика­сының дамуына жерасты байлығымен өлшеусіз үлес қосып жатқандығы шиеліліктер үшін үлкен абырой.
Аудан демалыс орындарынан да кенде емес. Күн жылыса Бәйгеқұм ауылының жанындағы «Қанқожа» көліне демалушылар санында шек болмайды. Облыстың әр бұрышынан арнайылап келіп, тынығушылардың барлығы ерекше әсер алып қайтатыны анық. Уақыт өте бұл аумақ ауқымды туристік аймаққа айналары сөзсіз.
Мемлекеттік бағдарламаларды дер кезінде түсініп, қолдауды орынды қолданып үлгеретін де шиеліліктер. Қазіргі таңда аудан көлемінде шағын және орта кәсіпкерлік айтарлықтай дамып келеді. Қол қусырып қарап отырғанды құп көрмейтін тұрғындар мемлекеттен гранттар мен аз пайызды несиелер алып, мал өсіріп, наубайхана, оқу орталықтары мен балабақша секілді өз бейіміне қарай кәсіптерін ашып еңбек етіп келеді.
Бір бөлігі қарт Қаратаудың баурайында, екінші жағы Сырдария өзенінің жағасында орналасуы да ауданның қайталанбас ерекшелігі.
Талай қиын-қыстау кезең мен бей­біт тіршілікті басынан кешкен Шиеліге биыл 90 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт тарихы бар, қазыналы қарт ауданымыздың абыройы арта бермек.
Гүлхан ЯХИЯ.
24 сәуір 2018 ж. 1 753 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031