Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күріш жайлы не білесіз?

Күріш жайлы не білесіз?

Күріштің адам ағзасы үшін пайдасы
Мамандардың айтуынша, күріш калориясы төмен азық. Күріш құрамының 80 пайызын көмірсу, 3 пайызын жасұнық құрайды. Сонда, күріш несімен пайдалы? Себебі құрамында глютена жоқ. Глютена дегеніміз – ағзада қатты аллергиялық реакция тудыратын ақуыздар. Ал, күріш құрамындағы ауыр көмірсулар тағаммен адам ағзасына еніп, оның құрамында магний, темір, В тобының дәрумендері бар. Ақуызға ағзаны қажетті амин қышқылдарымен қамтамасыз етеді.
Күріш құрамындағы ауыр көмірсулардың көмегімен адам ағзасындағы қант пен майлар құрамы өз мөлшерінде күнделікті реттеліп отырады. Ағзаға өзге тағамдармен түскен зиянды заттарды да өз бойына сіңіріп, залалсыздандырады. Сол себепті күріш арқылы ем-дәм (диета) ұстанғанда ағзадан тұз бен қалдықтар (шлактар) сыртқа шығады. Соның нәтижесінде, жүйке жүйесі жақсы жұмыс атқарып, ұйқы дұрысталады, бет терісінің түсі әдеміленеді, ауыздан жағымсыз иіс шықпайтын болады. Бұл, әрине, күріш тағамдарын тұтынудың басты пайдасы. Сондай-ақ, күріштің ең пайдалы қызметтерінің бірі – бүркегіштік әрекеті. Дәнді дақыл ас қорыту жүйесі арқылы ішке енгенінде оның қабырғаларын, (жақтаушыларын) асқазанды сөлінің қышқылдығы жоғары, гастрит, жарасы бар науқастарға емдік әсерін тигізеді.

Күріштен жасалған
Жапон еліндегі Ұлттық тамақтану институтының мамандары күріштен гель жасап шығарған. Бір қызығы, жаңа өнімнің дәмі де, иісі де жоқ екен. Бұл гельді асқа қосу арқылы тамақ пісіруді тездетуге болады. Сондай-ақ, ол көп уақытқа дейін бұзылмайды. Айта кету керек, күріш гелін институт қызметкерлерінің бірі кездейсоқ ойлап тапқан. Зерттеу жүргізген ғалым күріш пастасынан жаңа өнім алмақ болып, тәжірбиелер өткізеді. Бірақ «сынақтарының нәтижесі сәтсіз болды» деп ойлаған ол, күріштен жасалған қоймалжың затты зертханада қалдырып кетеді. Бірнеше күннен соң қайтып келгенде, өнімнің сапасы мен сипатының өзгермегенін көреді. Тап сол сәттен бастап, жаңа зерттеу жүргізген. Жалпы гель қайнатылған күрішті өте үлкен жылдамдықпен аралас­тыру арқылы арнайы жабдықта жасалады. Бұл жартылай фабрикатты өзге құрамдас бөліктермен араластырып, түрлі тағам әзірлеуге болатын көрінеді.
Тек жапондықтар емес, қазақстандықтар да күріштен тағы не өндіруге болатынын зерттеу үстінде. Оның бір айғағы байқоңырлық кәсіпкер Виктор Павловтың күріш жарнасынан тұзды таяқшалар дайындайтын цех ашуы. Онда, «Рипсы» деп аталатын күріштен жасалған қытырлақтар өндіріледі. Дәмі тіл үйіріп, таңдайға салғанда ери түсетін дәруменге де бай. Сонымен қатар, Еуразия кеңістігінде алғаш рет тіркелген өнімде жаңғақ пен Арал теңізінің кептірілген балық дәмі бар. Күріштен жоғары технологиямен жасалатын өнімдер өте көп. Алайда, олардың бәрі сырттан тасымалданады. Ал, байқоңырлық жеке кәсіпкер «байкот» жариялап, өзіміздің отандық өнімдер шығаруға бел байлаған сыңайлы.

Күріштің суы да кәдеге жарайды
Күрішке қарағанда оның суының пайдасы мол. Бұл туралы бұрын-соңды естімеген болсаңыз, дәл қазір салауатты өмірге жаңа қадам басасыз. Мінсіз келбет, күш-қуат, сау тері – күріш суын тұтынатын адамдардың серігі. Күріш суы ағзаны көмірсулармен қамтамасыз етіп, асқазан ауруын емдейді. Артериялық қысымды ретке келтіріп, оба ауруының алдын алады. Сонымен қатар, оның косметикалық қасиеті де бар: саңылаулардың аузын бітеп, тері түсін біркелкі етіп, майлылық деңгейін азайтады. Арнайы тағамдар шықпаған кезде, ата-аналар балаларын осы сусынмен тамақтандырған да көрінеді. Күріш суының пайдасы сол дисбактериоз, дерматит сынды ауруларды тудырмайды.

Түйін: Бес құрлықты жаулаған күріш дақылы таптырмас тағам, әрі дертке шипа. Кебегі мал азығына пайдаланылса, ақұсағынан спирт, крахмал алынып, парфюмерияда қолданылады. Сабанынан жоғары сортты қағаз, картон, жіп, қап, қалпақ, төсеніштер мен тағы басқа да тұрмысқа қажетті заттар жасалынады. Сонымен қатар, тұзданып, батпақтанған жерлерді жақсартып, ауыл шаруашылық пайдаланылымға енгізуде де күріштің маңызы зор. Сол себепті, күрішті өсіріп, оны тамақ ретінде ғана тұтынбай, дамыған технологияны дұрыс игере білгеніміз жөн. Күріш дақылын сыртқа экспорттап, одан өндірілген өнімдерді екі есе бағамен қайта сатып алуға мәжбүрміз. Себебі, технологияны жетік меңгерген мамандар мен ғылыми зерттеу орталықтары тапшы. Алпауыт 30 елмен терезе теңестіруді межеге қойғандықтан, отандық өнімдерді көбейтуге кіріскеніміз абзал.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
22 қаңтар 2018 ж. 3 718 0